19 Қаңтар, 2016

Шығыс Қазақстанда «Бір ел – бір тағдыр!» акциясы ұйымдастырылды (фото)

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
bir el - bir tagdir 2ӨСКЕМЕН. 19 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы аясында «Бір ел – бір тағдыр!» атты ауқымды акция өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Биыл Тәуелсіздік мерейтойы шеңберінде кешенді іс-шаралар легі ұйымдастырылады. Осы шаралардың мәресі іспетті «Бір ел – бір тағдыр!» акциясы облыс орталығындағы Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Комсомол аралында өтті. «Жас Отан» жастар қанаты мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткен салтанатты шара театрландырылған хореграфиялық композициямен басталды. Шара барысында қатысушылар мұз айдыны үстінде Тәуелсіздік мерейтойын білдіретін «25» санын сап құрап белгілесе, тағы бірқатар жастар 25 шақырымға шаңғы жарысын ұйымдастырды. Оған облыс орталығының тұрғындары мен спортшылар қатысты. Сонымен бірге мұз айдынында «Торпедо» командасының хоккейшілері мен мәнерлеп сырғанау шеберлері, қала мектептерінің оқушылары өз өнерлерін паш етті. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омармен бірге Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да қатысып, жастарды өз елі мен жерін, Отанын қадірлеп, қастерлеуге шақырды. «Биылғы жылдың еліміз үшін маңызы зор. Өйткені, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында еліміз көптеген қиындықтар мен сынақтарды еңсерді. Бүгінде біз үлкен биікті бағындырған елміз. Себебі, Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Сондықтан, мемлекетіміздің одан әрі қарай өсіп-өркендеп, гүлдене беруіне тілектеспіз», – деді Ольга Рыпакова. Аталған акция А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты кітап және картиналар көрмесімен жалғасып, жас буынға мемлекеттің даму тарихында өзіндік орны бар ғибратты ғұмырнамалар таныстырылды. Сондай-ақ қала жастары белгілі блогер Ринат Халиковпен кездесіп, «Ел Тәуелсіздігі – біздің қасиетті құндылығымыз!» тақырыбында пікірталас ұйымдастырды. Акция соңы өңірдегі 19 қала мен ауданның шығармашылық ұжымдарының қатысуымен облыстық драма театрында өткен «Туған ел – алтын бесігім!» гала-концертімен аяқталды. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz. bir el - bir tagdir 1 bir el - bir tagdir 3 bir el - bir tagdir 4