20 Қаңтар, 2016

Қайраткер қызы қазақтың

550 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Жангирова-01Рабиға Жәңгірқызы Жәңгірова... Осынау адамды аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Әсіресе, партиялық қайраткер ретінде. Партия десе кейде жұрттың жүректері зырқ ете қалатыны да бар. Бірақ сол партияның ел басқарғанын да ұмыта алмайсың. Және өткен өміріміздегі жақсы істеріміздің іздері де сайрап жатыр. Оны жасаған адамдар. Ішінде ұмытылмайтындары жетерлік. Рабиға Жәңгірова – солардан. Жақында аяулы азамат, үлкен тарихшы, академик Мәлікайдар Асылбеков ағамыз дүниеден озды. Сол кісі өзіне ұстаз болған академик Серікбай Бейсембаев туралы көп айтатын. Және айтқан сайын оның сүйікті жары Рабиға Жәңгірқызы туралы сөз қозғауды парыздай санаушы еді. «Жақсы әйелге кезігу – азаматтың бағы ғой. Серікбай ағамыз сондай бағы жанған адам еді. Әйтпесе, Алла тағала көрікті де, ерік-жігерді де, өнерді де бір бойына үйіп-төгіп бере салған Серікбай ағамызды пендешілігі бар әйел қызғанып-ақ өлер еді ғой. Ал Рабиға апайымыз пенделіктен ада еді, үлкен азаматтың жолын ашып, оған тірек болды. Алғаш кезіккенім есімде. Тарихшы болған соң, сол жағдаймен, өзі шақырған соң, үйіне барғам. Сөз ретінде «жеңгей» деп қалдым. «Мен жеңге емес, апайың болам, екеуміз Сырдың суын ішкен адамбыз. Ал мына жездеңе қажетіңді орындату үшін тайсалма», деді. Сөйтіп, жақын тартып, Серікбай ағамен де жақындатып жіберді». Мәлікайдар ағамыз өзінің академик ұстазын да, Рабиға апайын да соңғы күніне дейін аузынан тастамай өтті. Алғаш Рабиға Жәңгірқызы туралы әңгімені сонау сексенінші жылдардың аяғында Аймұхамет Мансұров ақсақал ағамыздан есті­генбіз. Бұрын ұзақ уақыт пар­тиялық қызметте болған Айе­кең, зейнеткерлікке шыққан соң, «Дәуір» баспасында кадр бөлімін басқарды. Бұл кісі – тірі шежіре. Көп адаммен араласқан. Димекеңмен де, Бәйкен Әшімов ағаларымызбен де араласқан. Әңгіме тыңдауға барамыз. Бірде Жәңгірова туралы айтты. Онда Айекең, әлде, Ақсу, әлде Сарқан ауданында аупартком хатшысы, ал Рабиға Жәңгірқызы – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде Талдықорған облысы бойынша жауапты ұйым­дастырушы. Орталық Комитет облыстағы кімнің кім екенін сол кісіден сұрайды. Ол үшін жауапты ұйымдастырушы кадрларды зерттейді. Олармен әңгімелеседі. «Бұл кісі әңгімелескенде, тісқаққан біздің өзіміз дегбірсізденіп отырар едік. Көрік қандай, сөз қандай, мінез қандай! Бір тектілік мысыңды басып тұрғандай сезінесің. Бұл кісі кімге жар екен деген де ой көңілге оралар еді. Сөйтсек, академик Бейсембаевтың жары болып шықты. Серікбай ағамыз да партия қызметінде болған. Бір отбасынан екі басшы партия қызметкері болуы артықтау. Сірә, Рабиға Жәңгірқызының жолы содан біраз тосылды-ау, шамасы. Әрине, мақсат мансап қана емес, бірақ қайраткердің қабілетін пайдаланған жөн деген ғой біздікі» – деп Айекең әңгімесін тұжырымдаған. Ал енді құжаттар не дейді, сөзді соған берейікші. Рабиға Жәң­гірқызы Жәңгірова осыдан тура бір ғасыр бұрын Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келді. Ол өзі жұрттың тектілігіне терістеу баға беретін заман еді ғой. Тектілігіңнен тексіздігің бағалылау көрінетін. Бай емес, кедей болғаның тиімді. Пионерден бастап, комсомол қатарында болғандар озды. Рабиға да сол мектептен өтті. Бастауыш мектепті кештеу бітіріп, Аралдағы ФЗУ-да, Астрахань қаласында балық техникумында оқыды. Жасы жиырмаға толғанда, комсомол қызметіне ойысты. Тағы да комсомол десек, қазір көңілге екі ұдай пікір келеді. Біреулер молда мен байды қуда­лады десе, екіншілері жастарды жаңа өмірге, білімге бас­тады дегенге тоқтайды. Сірә, жаңа­лыққа бастаған жаман іс болмаған. Республикалық комсомол қызметкерлерінің курсын бітірген соң, Рабиға алдымен Ақтөбе облысындағы Клычев және Темір аудандарында жастарға жетекші болса, одан кейін Алматы облыстық комсомол комитетінде алдымен сектор меңгерушісі, сонан соң хатшысы, ал Қазақстан БЛКЖО Орталық комитетінде сектор меңгерушісі болды. Тағдыр осы кезде оны Серікбай Бейсембаевпен кезіктірді. Қоғам­нан өз орындарын тапқан белсенді жастар жарқырап, жалындап өмір кешті. Бірақ сұрапыл соғыс келіп киліккені бар. Отан соғысы басталмай жатып, Серікбай әскерге алынды. Ал соғыс басталған кезде, жас коммунист Жәңгірова партиялық жұмысқа тартылды. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы бо­лып жүріп, сол қиын-қыстау кезеңде ұйымдастырушылық қа­білетімен көзге түсті. Көп нәрсе жетпей жатқан кез еді ғой ол. Ер­азаматтар майданға аттанған. Мұн­да қалған бала-шаға, қатын-қалаш дегендей, солардың орнын басып, өздерін ғана асырап қоймай, майданды да асырауы керек еді. Жоқшылықтан – жоқшылық. Тіпті, сол адамдарға көңілге демеу жақсы сөз, мейірім де қат еді ғой. Рабиға сол адамдардың арасында жүрді. Қайсар жанның жанкешті әрекетін ел көрді, жұрт таныды, басшылар бағалады. Сол басшылық өзін жұмыстан жоғарылатқанда, жауапкершіліктен қашып, қарсы да болған жоқ. Солай қажет екен, бару да қажет деп шешті. Алдымен Қазақстан тұтыну­шылар одағы деген ұйым төр­ағасының орынбасарлығына кө­терді. Сонан соң қайтадан пар­тия­лық жұмысқа тартты. Иә, сол кезде дүниенің тізгі­ні партияның қолында. Сол пар­тияның Орталық Комитетіне әйел­дер арасындағы жұмыс бөлі­мінің меңгерушісі қызметіне шақырғанда Рабиға Жәңгірова әлі отызға да толмаған еді. Ер­азаматтардың әскерге жарамды дегені майданға аттанған, орнын әйелдер басқан. Не жасыратыны бар, бұрын басшылық жұмысының барлығын дерлік ер­­азаматтар атқарса, енді оны әйел азаматтарға жүктеу үшін олар­ды оған алдымен үйрету де керек. Азын-аулақ ауылға келген механикаландыру жұмысы да ер адамдар қолында болса, енді оны да әйелдер меңгеруге тиіс. Оқу-ағарту ісіндегі ұстаз мамандар түгелге дерлік майданға аттанған. Тағы да орнын әйелдер толтырмақ. Ол үшін оқыту керек. Осынау күрделі кезеңде әйел­дер арасындағы жұмыстың кіндігі партия Орталық Комитетіндегі Рабиға Жәңгірова басқаратын бөлімге келіп байланатын. Сірә, сол тұста қалыптасқан жағдайға байланысты бұл бөлім де ең бір жетекші бөлімге айналған. Осы бөлімнің бастамашылығымен республиканың барлық жерінде: кәсіпорындарда, әскери бөлім­дерде, шаруашылықтарда, мекемелерде әйелдер кеңестері құ­рылды. Түрлі комиссиялар да негі­зінен әйелдердің қатысуымен жұмыс істеді. Әсіресе, қорғаныс жұмысына байланысты комиссия­лар (әскери техниканы меңгеру, медбикелер, байланысшылар курсын ұйымдастыру, госпитальдарға қамқорлық), мектепке дейінгі балалар мекемелеріне көмек, балалар қылмысына қарсы күрес, эвакуациямен келгендерге қамқорлық, т.б. комиссиялар әйелдер кеңесінің басшылығымен жұмыс істеді. Бұл өзі сол тұстағы қауырт жұмыстың кіндігіне айналған. Көбіне орысша айтылатын «женсовет» деген ұғымның сол тұста айтарлықтай құдіретті күші болды. Басқасын былай қойғанда, мың сан қауырт мәселелер алқымнан алып тұрғанда, Алматыда Қыздар педагогикалық институтын ашу нағыз ұрпақтың қамын ойлау қадамы еді ғой. Енді бұл шаруаның басында партия Орталық Комитеті әйелдер арасындағы жұмыс бөлі­мінің, оның меңгерушісі Жәңгі­рованың жүргені де даусыз. Мұны қайраткерлік пайымдау, қай­рат­керлік іс-әрекет деп тұжы­рым­дасақ жөн шығар. Соғыс жылдарында, тіпті одан біраз кейініректе де әйелдер кеңесі айтарлықтай ұйымдастырушылық, идеологиялық әлеуеті жоғары құрылым болды. Ол шаруашылық та, саяси да, отбасылық та мәсе­лелердің оң шешілуіне араласты. Осынау қиын-қыстау кезеңде әйелдердің қоғамдағы орнын ай­қындап, оларды белсенді іс-қимылға жұмылдырды. Осынау істе Рабиға Жәңгірқызы өзінің ұйымдастырушылық, жетекшілік, жалпы қайраткерлік қабілетімен ерекше көзге түсті. «Күркіреп күндей өткен соғыс» та бітті, қиындықтар әлі де шаш-етектен болғанына қарамай, алды-артты ойлап, парасаттылықпен пайымдайтын да кез келді. Қарап отырса, өзінде техникум және қыс­қа курс болмаса, білім де тапшы екен, соның орнын толтыру қажеттігін Рабиға да аңғарған. Жас та егде тартып тұрған жоқ, отыздан енді ғана асыпты. Сол соғыстан аман-есен оралған Серікбайдың да білімін көтеру ойы барлығы үйлесіп кеткен. Ең алдымен, ел алдындағы еңбектері ескерілген шығар, ерлі-зайыпты екеуін бір мезгілде Мәскеудегі ең беделді оқу орындарына жіберді: Серікбайды – СОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына, ал Рабиғаны – СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне. Бұл оқудан екеуі де көздеген мақсаттарын олжалап қайтты десек болар. Серікбай Бейсембаев ғылым жолындағы сәтті қадамын жасап, кандидаттық диссертация­сын қорғап шықты. Ал Рабиға Жәңгірқызы партиялық жұмыстың қыр-сырын тереңірек меңгеріп қайтты. Бұл оның болашақ қыз­метінің бағыт-бағдарын аңғарт­қан. Орталық Комитет мұн­дай, партиялық тілмен айт­қанда, аса бағалы кадрды өзіне қай­та ша­қырған – жауапты ұйым­дас­тырушы қызметін ұсынды. Жоғарыда Рабиға Жәңгірқызы туралы Аймұхамет Мансұровтың пікірін еске алып едік-ау. Бұл сол кез. Жоғары партия мектебін бі­тіріп келгеннен кейін он жылдан аса Талдықорған облысының коммунистері айрықша партиялық принциптің адамы Жәңгірованың қамқорлығын көрген. Жалпы, пар­тиялық жұмыста жауапты ұйым­дастырушы деген қыз­мет­тің өз ерекшелігі бар, шет жа­ғасын жоғарыда айттық. Бүкіл бір облыстағы жағдайды жан-жақты зерттеп, бағамдап отырады. Облыс пен республика партия басшылығының арасындағы көпір іспетті. Тіпті, сол үлкен басшылықтың бір облыстағы кө­зіндей. Бұл көз әділ болуға тиіс. Ол талайлардың тағдырына ықпал етеді. Содан біреулердің бағы жанады, ал кейбір пысықайлардың жолына тосқауыл қойылады. Осы жерде тағы бір азаматтың естелігіне жүгінуге тура келеді. Бүгінгі жұрт қоғам және мем­ле­кет қайраткері, он жылдан астам Қазақ ССР Жоғарғы Ке­ңесі Төралқасының хатшысы болған Бижамал Рамазанованы жақсы біледі. Осынау азамат қашанда Рабиға Жәңгірқызын қызметтегі, өмірдегі ұстазы са­найды. Бижамал апайымыз Ра­қаң алдымен Талдықорған, сонан соң ол Алматы облысына қосылғанда, сол облыстарда жауапты ұйымдастырушы болған кезде, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, обком­ның хатшысы қызметтерін ат­қарған. Сол елуінші жылдардың аяғында Одақта Никита Хрущев билік құрған кезде сырттан рес­пуб­ликамызға кездейсоқ кадрлар көптеу келіп, жергілікті кадр­ларға біршама қиянаттар жасал­ғаны белгілі. Алдымен Рабиға Жәңгірқызы комсомолдан келген жас кадр Рамазанованың өзіне қамқор болып, сонан соң екеулеп, басқалардың да тағдырына араласқандарын еске алады. «Осы кезде Рақаңның кадрлар мәселесіне байланысты көп көмегін көрдім. Адамдардың нақақ көз жасына қал­мауға себепкер болды», – дейді Би­жамал апай. Жалпы, Рабиға Жәңгірқызының қызметін кадрларға қамқорлық, адамдарға арашашы болды деп сипаттаса келер еді. Мәс­кеуден оқу бітіріп келген соң он үш жыл бойы партия Орта­лық Комитетіндегі жауапты ұйым­дастырушы қызметі де, сонан соң 1971 жылы зейнеткерлікке шық­қанға дейінгі Алматы об­лыстық партия комитетінде пар­тиялық комиссия төрағасы қызметі де тікелей адамдардың тағдырына араласатын қызмет еді. Араласқанда, шыншылдықты, әділдікті арға өлшем санайтын адамның ешкімнің де обалына қалмағаны, қолынан келгенше жұртқа жақсылық жасағаны да даусыз. Мұны замандастары үлкен ілтипатпен айтады. Әдетте, соңғы заманда, пар­тиялық дегенді қаталдықпен үй­лестіретіндер көп. Кейде сол қа­талдықтың тазалықпен үнде­сетіні бар. Ол да адамына байланыс­ты. Қандай жағдайда да, Рабиға Жәңгірқызы сияқты тазалықтан бір сүйем айнуға бармайтын адамдарды қатал деп те сипаттауға болар. Амал қанша, ол да адамның өзіндік сипаты. Бұл отбасымен араласқандардың көпшілігі емес, барлығы дерлік, Рақаңның осынау мінезіне тәнтілік білдірер еді. Атақты Ермұқан Бекма­ханов­тай ұлы перзентіміз Серік­бай Бейсембаевтың отбасымен жиі араласып тұрыпты. Әсіресе, қу­ғынға ұшыраған кездің өзінде осы отбасынан жан жылуын тапқан. Рабиға Жәңгірқызы атақты ғалымды, өзінің жеңгелік жолымен, заманның ағымына байланысты ұстамдылыққа шақырады екен. «Менің сугубо партиялық жеңешем» деп Ерекең де оған айрықша құрмет көрсетіп, сөздерін тыңдаған. Академик Манаш Қозы­баевтың өзінің «Жұлдызым менің» дейтін кітабында ұстазы Серікбай Бейсембаев туралы айтқанда: «Бәйбішесі төрелер әулетінен, кезінде санаулы сұлулардың бірі болған, қайраткер Рабиға Жәң­гірованы бүкіл республика білетін» дейтіні бар. Осынау отбасы туралы жазылған жайлар да, айтылған әңгімелер де көп. Академик Бейсембаев туралы біраз кітаптар шықты. Оның замандастары, шәкірттері үлкен ғалым, ұстаздары туралы айтқанда, әсте де Рабиға Жәңгірқызын аттап өтпейді. Және айтқанда, академик Кеңес Нұрпейіс сияқты «Серікбай аға үлкен үлгілі отбасының басы болса, Рабиға Жәңгірқызы оның ұйтқысы еді» дегендей, үнемі өнеге тұтып айтады. Тағы да замандасы, құрбысы Бижамал апайымыздың сөзі­не жүгінейікші. «Рабиға Жәңгір­қызының ана ретіндегі үлгісі, батырлығы қай заманда да қазақ қыз­дарына үлгі болмақ деп ойлаймыз. Басшылық қызметтегі әйелдердің көпшілігі бір бала, мықтағанда, екі баламен шектеліп жүрген кезде ол кісі төртінші сүт кенжесін қырықтың қырқасына шыққан кезде дүниеге әкелді». Иә, бұл бала үш қыздан кейінгі ұл бала Серікжан екен. Ал бұл қуаныштың әсіресе әкесі Серікбайға қандай болғаны қазірге дейін айтылып жүреді. Бүкіл Алматының зиялы қауымына белгілі той болыпты сонда. Осы оқиғаға байланысты тағы бір белгілі отбасындағы жағ­дай ойға оралады. Ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың күйеу баласы белгілі қоғам қайраткері Оразай Батырбековпен біршама араласымыз болып, оның мынадай әңгіме айтқаны бар еді. Кейін оны Орекең өзінің сүйікті жары Шәмшиябану Қанышқызы туралы естелігінде де жазды. «Әкесінің артында фамилиясын алып жүретін ұл қалмағанына қиналатын, – дейді Орекең. – Содан да менің «үш баламыз бар, осыларды жеткізейік» дегеніме қарсы дау айтты. «Жоқ, мен тағы бір бала табайын, егер ұл болса, папамның фамилиясын берейік» деп жасы келіп қалса да төртінші баланы көтеріп еді». Сөйтіп дүниеге Ержан келіп, ол «Сәтбаев» болып жазылған. Сонда, Орекеңнің айтуынша, олар академик Бейсембаевтар отбасында төртінші бала олардың анасы Рабиға Жәңгірқызының 44-інде дүниеге келгенін сөз етіпті. Шәмшиябану апайымыз да сонда сол жаста екен. Осылайша бір отбасындағы өнегелі іс екіншісінде қайталанған ғой. Шапағат деп, сірә, осындайды айтса болғандай-ау. Ал басқаларға өнеге бол­ған­дай жай бұл отбасында аз болмаған. Ерлі-зайыптылардың сыйластығы, түсіністік, қонақ күту, айналамен қарым-қаты­нас айрықша бір тектілікті аңғар­татындай екен. Содан жұрт бұл отбасына ерекше ілтипатпен, ықы­ласпен қараған, олармен ара­ластықтарын жоғары бағалап, құрмет көрсеткен. Жұрттың көп айтатыны – бұл отбасындағы өнерге деген құш­тарлық. Академик Серікбай аға­мыздың керемет әншілігін, сал-серілігін, жүрген жерін шуаққа бөлеп жүретін ашық мінезділігін кешегі қатаңдау коммунистік заманның өзінде жұрт бағалаған. Ән айтып қана емес, жақын-достардың той-то­малағында, бас қосуларда Се­рікбай ағамыз аузымен пышақ тістеп, кавказдықтардың билерін де құлпыртқан ғой. Ал Рабиға Жәңгірқызы тек өзіне тән тектілік қалпымен өзінің бойына ғана жарасатын айрықша шеберлікті талап ететін әндерді ғана айтқан. Секеңмен қосылып арияларды айтқан. Бірде Шымкенттен Алматыға келе жатып, белгілі идеологиялық қайраткер, баспасөзге қызмет бабымен жақын жүретін Дәуірхан Айдаров ағамызбен пойызда көрші болдық. Әңгіме бірден бірге ауысып, біздің газетіміздің редакторы болған Қасым Шәріповтің құдасы академик Бейсембаевтың отбасына ойысты. «Обал-ай, егер өнермен кеткенде, екеуі де сөзсіз халық әртісі болатыны дау­сыз еді-ау», – деп Дәукең өкініш біл­дірген. «Қазіргі жеткендері де осал емес қой, бірі – академик, бірі – партиялық қайраткер болды», – деп қарсы пікір айтқанбыз. «Солайына солай ғой, бірақ талант деген құдайдың бергені ғой, оның көрінбей қалғаны өнерге қиянаттай көрінеді екен. Мен өмі­рімде «Мақпал» әнін Рекеңдей орындаған адамды көрген емеспін. Кейін әдейі іздеп жүріп талайды тыңдадым, бірақ ондай орындай алмайды! Енді бұл өнерге қиянат па? Қиянат!». Мұны өнерді жоғары баға­лайтын адамның көңіл күйіне балаймыз ғой, әрине. Сөйтсе де бұл адамдардың болмыстарының бөлектігі де даусыз. Бұлар қай­да жүрсе де жарып шығар қайрат­керлік қабілеттің иелері. Олар екінші кезекте қалмайды. Қандай кәсіппен, шаруамен айналысса да, бірінші болып жүреді, жұрттың көзіне түседі. Сүйектеріне біткен қабілет. Кім ФЗУ-да оқымады? Кім балық техникумын бітірмеді? Кім комсомол жұмысында істемеді? Көп қой. Жарып шығатындар сирек. Отызға толмай жатып ел басына күн туған кезде бүкіл әйелдер қауы­мының қозғалысына жетекші болған Рабиға Жәңгірқызы Жәң­гірова сияқты қайраткерлер сирек. Зиялы қауым қызыққандай отбасының ұйтқысы болу да си­рек. Қайраткерлік пен адами асыл қасиеттерді ұштастыру да сирек. Сол сиректілігімен де, қайрат­керлігімен де олар әрқашан ерекшеленіп көрінеді. Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның құрметті журналисі. АЛМАТЫ.