Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде осы ведомствоның басшылық құрамының қатысуымен кезекті кеңес отырысы болып өтті.
Кеңесте сыртқы саясаттағы экономикалық мәселелерді әрі қарай күшейтудің перспективалары, Иранға қатысты халықаралық санкциялардың алынып тасталуына орай осы елмен өзара іс-қимыл жайы, ШЫҰ, АӨСШК, ТМЫК, ИЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ Америка, Африка және Азия елдерімен қарым-қатынасты белсенді ете түсу мәселелері талқыланды.
Ведомство басшысы елге шетел инвестицияларын тарту бойынша нақты күш-жігерді өрістетудің, шетелдік әріптестерді Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде ел экономикасында болып жатқан кең ауқымды жаңғыртуларға тартудың, сондай-ақ оңтайлы іскерлік климат қалыптастыру бойынша жасалып жатқан дәйекті шаралардың (Инвестициялық омбудсмен құру мен инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатын енгізу) маңызын атап өтті.
Осы орайда, маңызды шара 20-23 қаңтарда Давоста өтетін кезекті Дүниежүзілік экономикалық форум болады. Аталған халықаралық шараға Қазақстаннан үлкен делегация қатысады. Форумға қатысу аясында, басқа да мәселелермен қатар, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп таяуда Қазақстанның Doing Business рейтингінде 189 елдің ішінде 12 пунктке ілгерілеп, 41-ші орынға көтерілуіне орай іскерлік ахуалды жетілдіру бойынша күш-жігер жұмсаудың тұсаукесері ұйымдастырылады.
Иран Ислам Республикасынан халықаралық санкциялардың алынып тасталуымен байланысты Қазақстан бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатыны жеке мәселе ретінде қарастырылды. Е.Ыдырысовтың атап өткеніндей, «бүгінде Иран төңірегіндегі жағдайдың түбегейлі өзгеруін осы елмен және оның транзиттік әлеуетінің ашылуын есепке ала отырып, басқа да әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту бойынша барынша тиімді пайдалану маңызды».
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы интеграциялық үдерістерді әрі қарай дамытудың маңызын ерекше атады. Оның маңызы, әсіресе, одаққа мүше барлық елдердің мүддесін және ЕАЭО-ға төрағалық ету 2016 жылдан бастап Қазақстанға өткенін ескере келгенде, айтарлықтай арта түседі.
Сыртқы саясатты экономияландыру бойынша күш-жігерді талқылау орайында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің желісі бойынша Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жөніндегі шаралар жайы талқыланды. Осы орайда, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО комиссары Рәпіл Жошыбаев атап өткендей, үстіміздегі жылы 3 айға созылатын көрмеге қатысушылар қатарын қалыңдату бойынша жұмыс жалғастырылады. Ал көрмеге қазірдің өзінде 67 мемлекет пен 13 халықаралық ұйым қатысатынын қуаттап отыр.
Е.Ыдырысов, сондай-ақ, үстіміздегі жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесі (Ыстамбұл) мен осы ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесін (Ташкент) өткізу жоспарланғанын айтып өтті. Бұл басқосудың бүгінде Умманың өзінде айтарлықтай күрделі үдерістер жүріп жатқан кезде маңызы ерекше артатыны түсінікті. Ал Қазақстан халықаралық деңгейде үнқатысу мен өзара түсіністік идеяларын белсенді ілгерілететін мемлекет ретінде ислам әлемін нығайту, оны дамыту және әлемдік қоғамдастықпен өзара іс-қимылын арттыру орайында аталған үдерістерді нығайтуға өзінің үлесін қосуы тиіс және қосатын болады.
Биылғы халықаралық маңызды оқиғалар қатарында тамыз айында Бразилияда өтетін Жазғы Олимпия ойындары бар. Осыған байланысты министр аталған елге біздің спортшыларымыз бен жанкүйерлердің баруы үшін барынша оңтайлы жағдайлар жасауды тапсырды.
«Егемен-ақпарат».