Әдебиет деген әлемнің ішкі иіріміне бүкіл саналы ғұмырын арнаған филология ғылымдарының докторы, профессор, білімдар сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов төрт том кітабын жақында оқырмандарына ұсынды. Оның алғашқы екі томында қазақ жырының арғы-бергі дәуірлеріне, өлең өрімінің өлкесіне тереңдеп барады. Бірінші томда өлең сөздің бастау басынан бастап, оны зерттеп зерделеген ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, өлеңдегі интонацияға, оның мелодиялық табиғатын қарастырып, халықтық үлгіні зерделейді. Оған нақты мысалдар келтіріп, батырлар жырының екпініне, жыраулардың ақыл-парасатына, халық ақындарының қарымына тоқталады. Ал өлең дыбысына келгенде: «Адамның құлағы 340 мың дыбыс реңін айырып ажыратады, ал көзі 128 түсті асқан жітілікпен таниды. Мұны дәлме-дәл сипаттап жеткізуге кәдімгі сөздің өрісі тар, сондықтан өлең тіліне, поэзиялық өрнектеуге, ассоциацияға жүгінеміз», дейді де өлең құдіретін ашатын дәйектерге жүгінеді. Сол секілді өлең ырғағын да тарата айтады. Ақын-жыраулар поэзиясындағы керемет сөз жауһарларын тереңнен тербегенде, оның образдық жүйесін, көркемдігін, фольклор тілінің стилистикасын, өлең-жырдың өлшемдері мен құрылысын ой елегінен өткізгенде өзінен бұрынғы оқымыстылардың зерделі зерттеулеріне жүгіне отырып, байламдар жасайды.
Зерттеулер мен эсселерден, ой-толғамдардан тұратын екінші томның алғашқы тарауын қазақ сал-серілеріне арнаса, екінші бөлім ұлт руханиятына үлес қосқан айтулыларымыз туралы екен. Бұл томнан аңғарғанымыз, арғы ғасырда байтағымыздың бағына бітіп, сөз ұстаған, жыраулар үлгісін жалғаған Біржан, Ақан, Сегіз сері, Мәди, Орынбай, Шашубай, Естай, өзге де сал-серілердің өмірі мен өнегесін, артында қалған мұрасын қозғаса, екінші бөлімде өткен ғасырдағы ұлтымызды сақтау, тілімізді қорғау, ділімізді әспеттеу, дінімізден айырылмау жолында небір қиындықтарды көріп, тіпті, бастарын бәйгеге тіккен Ермұхан Бекмаханов, Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, басқа да ұлт жақсыларының еңбегімен таныстырып қана қоймай, табыстырады да. Профессордың «Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы және оның заманы» деген үшінші кітабы алмағайып замандарда өмір сүрген қаламгердің ұлт құндылығына қосқан еңбегін сараптайды.
Белгілі ғалымның төртінші томы: «Мен «қазақпын» десем, оным қазақты асыра мақтап «басқалардан ерекше артық жаратылған ұлт» дегендік емес. Менің «қазақпын» дейтінім – менің сол ұлттың ұлы екендігіме дәлел; өз ұлтымның, оның намысын аса қадірлеп бағалайтындығыма және оған жан-тәніммен қызмет істеуге тырысатындығыма, ұлтымның ілгері өніп-өсіп, өрлеуіне шын жаным ашитындығына куә», деп ұлтын әспеттеген Кеңес Одағының Батыры, академик, халқының қадірлі ұлы Мәлік Ғабдуллинге арналыпты. Бұл кітаптағы тың деректер, ардақты ұстаздың артында қалған жазбалары, алдыңғы толқынмен сыйластығы, кейінгі жастың қамқоршысы бола алғаны – бәрі де қызықты. Соларды оқып қана қоймай, әлі де терең зерттеп-зерделесе ұлт руханиятына қосылатын жаңа мағлұматтар молынан кездесері хақ. Бір ғана мысал, Мәлік Ғабдуллин бұрынғы Қазақ педагогикалық институтын 1935 жылы бітіргенде, дипломдық жұмысты қазақ прозасында ұлт болмысын тап басып суреттеген Бейімбет Майлин шығармашылығынан қорғапты. Сол секілді Бауыржан мен Мәлік арасындағы сыйластық ерекше әсерге бөлейді. Інісі батыр атанғанда Бауыржан Момышұлы: «Жау жағадан алғанда, батырлық еткен бауырым, Ел намысын құрметтеп, ер намысын ардақтап, Құтты болсын айтамын, Шын жүректен, Мәлігім!», десе, Мәлік інісі: «Бермеймін елді жауға деп, Аттанып ең майданға, Ақыл менен қайратың, Даналығың, айбатың, Шыққан еді бір жерден, Ерлігіңді бағалап, Өңкей іні-ағалап, Еріп едік біз елден, Батыр Бәуке, соңыңа» дейді. Аға мен інінің арасындағы осы кісілік пен кішіліктен алар үлгі аз болмаса керек. Соның бәрін кітап соңына қосымша ретінде қосу арқылы, ұстаздың алғырлығы мен алымдығын да көрсете кеткен. Бір сөзбен айтқанда, ұлт руханиятына қосылған Серік Негимовтің төрт томынан алар тағылым да, үйренер үлгі де, дерек-дәйектер де аз емес. Бұл кітап құндылығын дәйектей түседі деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».