Баласы
«Егер қаражат табылғанда Рүстем 2000 жылғы Олимпиадаға қатысатын еді. 1998 жыл Арқалық тарихындағы бір қиын жыл еді. Жарығы мен жылуы жоқ спортзалда қалың киініп, жаттығуды майшаммен жасап, мұздай суға жуынып жүріп, ол дзюдодан Қазақстанның чемпионы атанды. 1998 жылы Рүстем екеуміз Алматыны жаяу аралап, ақша іздедік», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев.
Рүстем Шалабаевпен ойда жоқта таныстым. Қостанай облысы, Жангелдин ауданының Шақшақ Жәнібек ауылында «Сыбаға» бағдарламасымен мал бағып, табысты еңбек етіп жатқан «Байғозы» шаруа қожалығына жол түскен болатын. Шаруашылық иесі Мейрамбек ағасы Рүстеммен жұмыс барысындағы бір шаруамен ақылдасып отыр екен. Ашық-жарқын, ойындағысын ірікпегенімен, мейлінше сыпайы сөйлесетін Рүстеммен әңгімеміз сол сәтте-ақ жарасып кеткен. Сөйтсе, шаруашылық ашу идеясы да, оны жан-жақты демеу мен қажетті жарақтармен қамтамасыз ету де Рүстемнің мойнындағы міндет екен. Міндет дегенде, ол Рүстемнің өз еркімен, ата-анасын бағып отырған інісіне жасаған қамқорлығы болып шықты. Сол үшін жалғыз күн демалысында 800 шақырымдай жер жүріп, ауылға келіп, түнделетіп Арқалыққа қайта кетпекші.
Ауылының өркендегенін көргісі келетінін айтты. Мұндағы әр үйдің тарихы көз алдында екенін, бала кезінен көзі қанған сол суреттердің бұзылмағанын қалайтынын жеткізді. Өйткені, қай үйде кімнің тұрғаны, ол үйдің адамдарының кімге туыс екені, қандай жұмыс істегені, ата-анасы, бала-шағасы – бәрі-бәрі көз алдында сайрап тұр. «Жасы үлкенге сәлем бер, алдын кесіп өтпе, деген отбасынан алған тәрбие бізді қатарымыздан аласартқан жоқ, қайта жоталандырып, көргенді үйдің баласы деген ат берді. Тіпті, азамат болып, еңбек еткенде де ұядан алған тәрбиемізге разымыз, – деді Р.Шалабаев.
Шаруашылықтағы адамның әңгімелесуге де уақыты аздығын ескеріп, онымен Арқалықта кездесіп, асықпай әңгімелеспекші болғанбыз, алайда, «Адамның дегені бола ма, Алланың дегені бола ма» дегендей, кездесудің сәті түспеді, Рүстем жолсапарға шығып кетіпті. Енді ол басшылық ететін Спорт мектебіне, «Жігер» спорт кешеніне арнайы бармаққа бекіндім.
Еңселі, жап-жарық ғимараттың жаттығу залдары да жарқырап тұр. Ішінде түрлі секцияларда жаттығып жатқан балаларды алаңдатпауға тырысып, Абай Сарыбаевпен жолығуға асықтық. Әбекең шәкірті жайлы қамшы салдырған жоқ. Оның еңбекқорлығын, уәдесінде тұратын азамат екенін, адамды алаламай, ішке тартатын жақсы қасиеттерін айта келе, Рүстемнің Арқалық қалалық мәслихатының депутаты екенін де қаперге салды.
«Рүстемге Торғайда Еренбол Алматовтың жетекшілігімен күресіп жүрген жасөспірім бала кезінде көзім түскен еді. Ол кезде Арқалық облыс орталығы, Рүстемді осында шақырып, Бейсен Әубәкіров екеуміз оны түрлі жарыстарға дайындай бастадық. Ол өзіне жоғары талап қоя білетіні мен ерекше еңбекқорлығының арқасында жап-жақсы табыстарға қол жеткізді. Шымкентте Қазақстан халқының спартакиадасында, Павлодар қаласында өткен ел чемпионатында жеңімпаз атанды. Алматыда дзюдодан өткен турнирде екінші орын алды. Сол жылы ол Алматыға шақырылды, мен оған «болашағың үшін орталыққа барамын десең, қарсы емеспін» деп рұқсатымды бердім. Ол Рүстемнің үйленген, баласы да бар кезі еді, Алматыда тек жеке басына ғана жатақхана берілетіндіктен, осында қалып қойды. Ал екеуміздің Алматыны жаяу аралайтынымыз Торғай облысы жабылған тұс болатын. Министрлік Шалабаевты Олимпиадаға дайындау мәселесін Қостанайға жіберген, ал облыс ол хатты маған бағыттады. Ал мен ондай қаражатты қайдан табайын, содан қалтамызда таксиге отыратын ақша да жоқ, автобус баратын жерге дейін жетіп, аржағын жаяулап жүріп, талай есікті қағып, бос қайттық. Есесіне жарыстарда Рүстемнен жеңіліп жүрген жігіттер Олимпиадаға кетті. Біз шыға алмай қалдық», – деді А.Сарыбаев.
Рүстем спорт мектебінде директорлықты атқарғанына да 7 жыл екен. Алды адамнан құрғамайтын көрінеді, ауылдастарының қуаныш-қайғысына ортақтасып, әр шәкіртінің жайын біліп, ақылын айтып, қамқорлығын көрсетіп отыратынын да білдік. «Рүстемді Арқалық қана емес, облыс та таниды, қажырлы да шуақты. Бір басына осындай жақсы мінезді тоғыстыра білген шәкіртіме риза боламын. Әке-шешесі сияқты Айжан келін екеуі 7 бала тәрбиелеп отыр», – деді жаттықтырушысы.
Әкесі
Асанхан Шалабаев Торғайдың байырғы ұстаздарының қатарынан екен. Ол 30 жыл балауса жеткіншектерге білім беріп, соның 25 жылында табан аудармастан бір мектепке – Қаражан Топаев атындағы орта мектепке директорлық етіпті. Осы уақытта Асанхан ағаның алдынан қаншама шәкірт өтті десеңізші. Егер сіз Шалабаевтың директорлығы тұсында Ақшығанақта оқыған адамды кездестіре қалсаңыз, онда шәкірттің ұстазға деген үлкен құрметін бірден аңғарады екенсіз. «Ой, несін айтасыз, сабақтан мүлде кешікпейтінбіз, өйткені, таңертең мектепте қоңырау соғылған бойда есіктің алдында Асанхан ағай тұратын. Жоғары талап қоя білетін ағайдан оқушы түгіл ауылдың үлкендері де ығып, сыйлайтын. Ол кісі біздің әрқайсымызды елге жан ашуға үйретті. Ауылда соғыстан қайтпағандарға арналған саябақ орнатылып, олардың есімдері жазылған тақтаның жанына гүл еккізіп, соның барлығының аржағында жағылмай қалған осы ауылдың түтіні барлығын, олардың біз тәрізді жап-жас күйінде майданға аттанып, армандары орындалмағанын айтып, соның жайқалып өсуін қатты қадағалады. Асанхан ағай тәрізді кісілердің елде отырғаны үлкен сүйеу», – деді бізбен әңгімесінде А.Сарыбаев.
Ал Асанхан аға: «Шырағым, 10 баланың бәрі жетті, жеке-жеке үй, кемпірім екеуміз қалаға барамыз десек, қай баламыз да құлғанадай жабысқалы отыр. Бірақ, осы ауыл – туған жерім, атамекенім. Бабаларымның қаққан қазығындай болып отырмын, қалаға, ыстық суы бар жайлы жерге жүріңіз деп азғырғанға көнген емеспін. Ел іші – алтын бесік, осында жер бесікке бөленсем, сол маған жетеді»,– дегенді айтты.
Ерін құрметтеп, сол арқылы өзі де биікке көтерілген, 50 жылдай отасқан жары Күләш апа да ұстаздықпен қатар, 10 баласына үлгілі тәрбие беріп, ерінің қабағына әлі де қараумен келеді екен.
Әулет
Бүгінде Шалабаев әулеті саясы мол, желегі желмен сыбдырлап, маңайына сән беріп, ыстықта сая, суықта қалқа болатын алып бәйтерек іспетті. 10 бала – 4 ұл, 6 қыздан өрбіген ұрпақ, немере-шөберелер, келіндер мен күйеу балалар жиналғанда ауылдағы үлкен шаңырақ – әке үйі тарлық еткендей.
Ата-анамыз бізге кім-кімге де жақсылық жаса, құдайдан қайтады деп үйретті. Мынадай бір қызық болыпты. Рүстем студент кезінде үйленді ғой, бірде қатарлас оқитын студент келіп, қонақ келіп қалғанын, қалтасында көк тиыны жоқ қысылып тұрғанын айтады. Рүстем келіншегі Айжанға қараса, ол небәрі 50 теңге барлығын айтады. Ол кезде нан бағасы 10 теңге. Рүстем болса, «бер, қонағы келіп қысылып тұр ғой» деп соңғы 50 теңгені әлгі жігітке ұстатып жібереді. Содан енді ертең нанды немен аламыз, қой жатпайын, бірдеңе табуым керек, деп далаға шықса, алдында 200 теңге жатыр дейді. «Бұл, біріншіден, мұқтаждың меселін қайтарма, Алла есесін береді деген, екіншіден, ер адам отбасын қамтамасыз ету үшін жатпай, қимылдауы керек дегенді ұқтырады емес пе», – дейді Шалабаев әулетінің кенже ұлы Мейрамбек.
Әкеміздің айбындылығы бізге талапшыл болуды, ал анамыздың қатты айтып, маңайындағы адамның көңілін қалдырма, ақырын айтып та әсер етуге болады дегені бізге жұғымдылықты үйретті. Малды баққанда оны қораға кіргізіп, бөтеннің албарына түсіп жемшөбін жемеуін, маңайды былғамауын қадағалайды емес пе, ал біздің қорамыз ата-анамыздың осы тәрбиесі болды. Шүкір, әке-шешеміз жастық шақтарында ұрпақ тәрбиесіне арнаған ғұмырын зая кетірмепті. Осы ауылдың ата-анамызға жасаған құрметін көріп, тәубе деуден жаңылмаймыз, дейді Шалабаев әулеті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».