20 Қаңтар, 2016

23 жыл бұрын құрылған институт

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2-40Әскери қызметшілермен жұ­мыс жасауда жауынгерлік және мо­ральдық рух негізгі басымдық болып қаралмайтын армия жоқ шығар, сірә. Армия үшін барлық негіздердің негізі және мұндағы маңызды рөл тәрбиеші офицерлерге жүктелген. Олардың міндеті – нағыз әскери қызметші етіп тәр­биелеу. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері тәрбиешілерінің институты өзінің құрылу күнін атап өтуде. 19 қаңтарда, осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан Рес­публикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елі­мізде командирлердің тәрбие жә­не әлеу­меттік-құқықтық жұмыс жө­нін­дегі орынбасарлары институты құрылды. Бүгінде ҚР ҚК тәрбие құ­ры­лымдарының әскери қыз­метшілері – командирлік қа­сиет­ке, харизмаға, ерік-күшке, жеке құраммен жұмыс жасау және ұжымды жұмылды­ру қа­білеттілігіне ие мамандар. «2015 жыл сәтті болды, біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай Құрлық әскер­лерінде, Қазақ хандығының 550 жылдығы шеңберінде көп­те­ген ірі ауқымдағы іс-шара­лар және 60-тан аса флеш-моб өткіздік. Мақсатымыз – әскери қызметшілерге патриоттық тәрбие беру, оқу-жауынгерлік тапсырма­ларды сапалы орындау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жоғары мо­ральдық рух, қазақстандық пат­рио­тизмге тәрбиелеу», – деп атап өтті ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов. 23 жыл бұрын қолданыстағы тәрбиешілер институты қазақ­стандық армияда құрылып жат­қан кезде қыруар жұмыс болды. Сол сәттен бастап тәрбие құры­лымдарының офицерлері командирлермен бірлесіп, бөлімшелерде моральдық-адамгершілік жағ­дайды қалпына келтіру, әскери қызметтің бе­делі мен имиджін арттыру, жеке құрамның ар-на­мысының қорғалуын қам­та­масыз ету, әскери тәртіп пен құ­қықтық тәртіпті нығайту үшін үлкен тәр­бие жұмысын атқарды. «Қазіргі уақытта тәр­бие­ші­лердің рөлі арта түсуде. Әскери-теңіз күштерінде тәрбиешілердің штаты осындағы басқармалардағы жоғары буыннан бастап бөлім­шелердегі төменгі буындармен аяқтай отырып, толық жасақ­талған. Осы жылдан бастап жұ­мысымызға жауынгерлік ке­зекшілікті қамтамасыз ету қо­­сылды. Себебі, әскери теңізшілер жерден, өздерінің отбасыларынан ұзақ уақыт жырақта жүреді. Осы аралықта оларда шешуді қажет ететін әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де мәселелер туындайды», – деді ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев. «Бүгінде тәрбие құрылымдары офицерлерінің кәсіби қасиеттеріне жоғары талап қойылады, тәрбие және идеологиялық жұмыс жүйе­сін жетілдіру бойынша жаңа тап­сырмалар берілуде, сондай-ақ, жеке құрамның жоғары мо­раль­дық-психологиялық қасиет­тері қалыптастырылуда», – деді Әуе қорғанысы күштері бас қол­­бас­шысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Тұралы Қойшықұлов. Олар өздерінің жұмысын ҚР ҚК барлық әскери бөлімдері мен түрлері, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтың бөлімшелерінде жүргізуде. Жұмыс әркез айқын көріне бермейді. Алайда, армияның жоғары жауынгерлік рухы, тәрбие алып жүрген ұжымның жұмылуы және мұқалмауы – соның жақсы бір дәлелі. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.