20 Қаңтар, 2016

Жергілікті полиция – халықтық полиция

1677 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бақытжан МалыбаевБиылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталып кетті. Бізге тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымда ұлттық заңнамамызға сай құқықтық шараларды жүзеге асыру міндеті бұйырды. Ал Ұлт Жоспарының 30-қадамында көрсетілгендей, бұл жерде жергілікті полиция қызметіне де үлкен жауапкершілік жүктелді. Осыған орай, біз елордамыздағы жергілікті полиция қызметінің басшысы болып сайланған полковник Бақытжан МАЛЫБАЕВҚА жолығып, жұрт көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарымызға жауап алған едік. – Бақытжан Әсембекұлы, Елбасымыздың Ұлт Жос­парында айтылғандай, Құқық тәртібі және заңдылық атты екін­ші реформаның мәні заң­дарды қатаң орындап, құқық тәртібін нығайту арқылы аза­маттарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамта­ма­сыз ету болып табылады ғой. Жер­гілікті полиция қызметі де осы мақсатты орындау үшін құрылып отырғаны белгілі. Ендеше, алдымен осы мәселеге аз-кем тоқталып өтсеңіз. – Иә, Елбасымыз бекіткен Ұлт Жоспарының 30-қадамын жүзеге асыру үшін өткен жылдың 2 қарашасында «Жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы» Заңға қол қойылды. Өткен жылдың 16 маусымында Жергілікті полиция қызметі Ұлттық комиссия мен Ведомствоаралық комиссия отырысында бекітілді. Осы­лайша Мемлекет басшысы­ның бастамасымен құрылған жергілікті полиция қызметіндегі айқын ерек­шелік – ол халыққа есеп беру мен қызметтің ашықтығы дей­міз. Жергілікті полиция қызметі осы жылдың 1 қаңтарынан бас­тап міндетін атқаруға кірісті. Заңмен бекітілген талапқа сәйкес, жергілікті полиция қызметінің жетекшілері халыққа есеп береді. Учаскелік полиция инспекторлары тоқсан сайын тұрғындармен кездесу кезінде олардың көкейкесті сауалдарына жауап қайтарады. – Оған қандай міндеттер жүктеліп отыр? – Жергілікті полиция қызметі­не жүктелген негізгі міндеттер – құ­қық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қорғау, әкім­шілік құқық бұзушылық істері бойынша өндіріс, хаттама түріндегі қылмыстық әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу, ішкі істер органдарының арнайы қабылдағыштары мен қабылдап-тарату орындарында құқық бұзу­шы­ларды ұстау. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметіне жедел жағдай жөнінде келіп түс­кен ақпараттарды сараптау мен жинақтау, қылмыс­тар, қоғамдық тәртіпті бұзу, дүлей апаттар мен басқа да төтенше жағдайлар жө­ніндегі хабарламаларға кі­діріссіз әрекет ету, кезекші тәу­ліктерде қыл­­мыстарды «ізін суытпай» ашуда шұғыл шараларды жүргізу жүктеледі. – Оның құрамына қандай бөліністер кіріп отыр? – Біздің елордамызда­ғы жер­­гілікті полиция құрамына: учас­келік полиция инспектор­ла­ры Кә­мелетке толмағандар істері бойын­ша бөлімшелер, Табиғат қорғау полиция бөлімшелері, Әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшелері, Әкімшілік-тұтқындалған адамдар үшін арнайы қабылдағыштар және тұрғылықты жері мен құжаттары жоқ адамдар үшін қабылдап-та­рату, жол-патрульдік полиция­сы толығымен енді. Барлығы Ас­­танадағы жергілікті полиция құрамында 1,5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. – Жергілікті полиция ен­ді жергілікті билікке бағы­натыны белгілі. Осы орайда, оқыр­мандарымыз олардың ІІМ-мен байланысы қандай болмақ деген секілді сауалдарды да жолдайды. Мәселен, қалалық ІІД құрамында қала бере ме? Бұған не дейсіз? – Иә, жергілікті полиция қызметі қалалық ІІД құрамында құры­лып отыр. Ең маңыздысы, жергілікті полиция ІІМ бірыңғай орталықтанған жүйесінде қа­лады. Қазіргі таңда жергілікті полицияның міндеттері мен құ­қықтары ІІМ қолданылатын заңдар мен бекітілді. Жергілікті полиция қызметкерлері ІІМ жүйесінің қызметкерлері құқықтық дә­режеге ие. Олардың қаржылық және материалдық-техникалық жағдайлары бұрын­ғыдай болады. ІІМ жүйесі қыз­мет­керлеріне қарастырылған жеңілдіктер бе­ріледі. – Жергілікті полиция – халыққа жақын полиция ретінде қандай тапсырмаларды орындау арқылы халықпен тығыз қарым-қатынас орната алады? – Жергілікті полиция – көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты оңалту арқылы халыққа жақын бола түседі. Мәселен, бұл орайда кез келген азамат даулы жағ­дайларда бейнебақылау камераларынан, бейнежетон және автокөлік бейнетіркегішіне жазылған бейнетаспаға сұрау сала алады. Күн сайын ауы­сым аяқталғанда инспекторлар құрамы бейнетіркегіштерді тапсырады. Әкімшілік полиция басқармасының арнайы бөлімше қызметкерлерімен тас­па жүктелініп, нақты жағдайға байланысты мұрағатта 2 айдан 3 жылға дейін сақталады. ЖҚЕ бұзушылықтарды тіркейтін жаңа жүйе «Вакордқа» келетін болсақ, ол әзірге тестілік қолданыста. Қа­зіргі уақытта «Астана Ино­вейшн» компаниясы ҚР ІІМ-мен келісімге келуде. – Халықпен тығыз жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар екендігі белгілі. Сол учаскелік инспекторлар жұмысын жандандыруда не істеліп жатыр? – Бұл орайда, қазір сауда үйлерінде, тұрмыстық объек­тілерде, үй кіреберістерінде учас­келік инспектордың фотосы мен оның телефон нөмірі ілінетін болады.Тұрғындардың алдында есеп беру жиналысына дейін екі күн қалғанда учаскелік инс­пектор үйлерді арнайы аралап жұртшылықты хабарландырып, жеке мәліметтері жазылған карточка таратады. Осындай жұмыстар мектептерде де ұйымдастырылып, онда полиция инспекторлары туралы мәліметтер ілінеді. – Ал енді осы жергілікті полиция жұмысқа кіріскелі бері не тындырды дей аласыз? – Әрине, жаңа міндетімізге кіріскенімізге көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, осы уақыт аралығында жол-патрульдік қызметі мен учаскелік инспек­торлар 2,5 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Құ­қық бұзушылыққа «нөлдік тө­зімділік» қағидатын сақтау аясында мобильді топтармен ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу, қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерде сауда жасау, қоғамдық орындағы тәртіпсіздік сияқты ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесу шаралары өткізілді. Осылайша біздің мақсатымыз елорданы қауіпсіз қалаға айналдыру және ең бастысы, жергілікті полиция адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде барлық талап үдесінен табылуы тиіс. Біз бұл міндетті сөзсіз орындайтын боламыз. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен қазақстан».