Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні – Мәуліт мерекесіне байланысты рухани кеш болып өтті.
Мерекелік шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлері қатысты.
Ержан қажы Малғажыұлы игі шараға жиналған халықты Мәуліт мерекесімен құттықтай келе, мұсылман әлемінде Мәулітті атап өтудің маңыздылығы мен пайғамбарымыздың өмірі туралы мағыналы сөз сөйледі.
– Әлемді қараңғылықтан алып шығып жарық нұрға бөлеген, екі дүниенің бақытына кенелуге ұстаз болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға арналған мәуліт кешінде отырмыз. Бүгінгі Мәуліт – кешірім мен мейірімділіктің мерекесі. Бұл ізгілікті пайғамбарымыз көрсеткендей, адамдардың бір-бірін құрметтеуінің, қамқорлық жасаудың мерекесі, – деді Бас мүфти.
Рухани кеште «Өнер қырандары» театры өнерпаздарының ғибратты оқиғаға толы қойылымы көрермен көңіліне ой салып, ерекше әсерге бөледі. «Жігіттер» квартеті, Бекжан Тұрыс, Тоқтар Серік, Еркін Нұржанов, тағы басқа өнерпаздардың орындаған терме-толғау, ғибратты ән-жырлары мерекенің әрін кіргізіп, жиналғандарға қуаныш сыйлады.
Одан бөлек, белгілі айтыскер ақындар мен өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, рухани кештің шырайын келтірді. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар оқылып, сәлемдер айтылды. Мәулітті тамашалауға келген жамағаттың барлығына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының соңғы шығарған кітаптары, аят-хадистер жазылған үнтаспалар сыйға тартылды.
Сонымен бірге, тұрмыстың ауыртпашылығын тартып, еліміздің телеарналары арқылы көмек сұраған отбасыларға, балалар үйлеріне Мәуліттен түскен қаржы қайырымдылық есебінде бөлінді. Бірінші кезекте ауыр дертке шалдыққан балалардың сырқатын емдеуге жұмсалса, екіншіден, көп балалы аналар мен қамқорсыз қалған қарттарға көмек көрсетілді.
Шараның басты мақсаты жастардың діни көзқарасын дәстүрлі дініміздің талаптарымен, әдет-ғұрпымыздың құндылықтарымен, ұлттық болмысымызбен ұштастырып, иманды, зиялы, зайырлы қоғам құруға үлес қосу болды .
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.