21 Қаңтар, 2016

Жады мықты жасөспірім қыз

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

қабілет-қарымымен күллі әлемді таңғалдырып отыр

20-01-16-scziasho-1Қытайда тұратын Янь Цзяшо есімді он жасар қыз жадының ке­реметтігі арқылы бүкіл ғаламды таң­ғалдыруда. Ол жақында осы сипатта өткен әлем чемпионатында алдына жан салмады. Ерекше қабілеттері бар тұлғалар­дың адам миының мүмкіндігін сы­наққа салатын өзгеше конкурс Ас­панасты елі Шандунь провиция­сының Цзинань қаласында өткен. Осымен 24-ші рет мәреге жеткен бұл бі­ріншілікке жастары 13-тен 60-қа дейінгі бірнеше ондаған адам қа­тысқан. Табиғат берген ғаламат сый – есте сақтау қабілеті өте күшті адамдар өздерінің өрелерін әртүрлі жаттығулар арқылы көрсетіп баққан. Нәтижесінде мектеп оқушысы Янь Цзяшо бәрінен мықты екенін айқын танытып берген. Ол 246 қорап ойын картасы мен 1080 цифрдың орналасу реттілігін сол қалпында жадында сақтап қалған. Осы арқылы қытайлық қыз өзінің жай адам үшін тіпті де мүмкін емес сияқты көрінетін қабілеттің иесі екеніне қазылар көз­дерін жеткізген. Конкурсқа қаты­сушылардың арасындағы ең кішісі, тіпті шектеулі төменгі жас мөлшеріне де жете қоймаған бүлдіршін өте қысқа уақытта осыншама цифрлар мен қағаздарды тез әрі мүлтіксіз есінде сақтап қала алатындығымен әлем рекордына өзгеріс енгізіп үлгерген. Журналистер халықаралық дәре­жедегі шебер деген атағы бар керемет жадтың иесі саналатын адамдардың өздері осыншама қысқа мерзім ішінде (үш минутқа жуық) әдетте тек бір колода ойын картасының жатысы сипатын ғана еске сақтап қала алатынын айтып отыр. Ал Янь есімді қыздың мына көрсеткіші еріксіз қайран қалдырады. Мұндай балалар қазір көп ретте индиго жеткіншектер мен алтыншы нәсілдің өкілдеріне жатқызылады. Олардың тіпті Аспан әлемі – Ұлы кеңістікпен тікелей байланысы бар екендері жөнінде де айтылып қалады. Қалай десек те, бұрынғы пайғамбарлардың жөн сілтеп кеткеніндей, біздің ақыл-естерінің ауқымы жағынан шектеулі, ең бастысы, рухани жағынан төмендеу өркениетіміз орнына жаңа тегеурінді толқынның біртіндеп келе бастайтыны шындық болса керек. Руслан ИГІЛІК.