21 Қаңтар, 2016

Айқын жол – жоғары мақсат

269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
КишибековЕлбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың алғашқы күндерінің бірінде халқымызға арнаған «Ұлт Жоспары – қазақ­стан­дық арманға бастайтын жол» деп аталатын мақаласында ұлағатты әңгіме айтты. Мұның сәл алдында, өткен 2015 жылдың соңында Қазақстан халқына өзі­нің Жолдауын жариялады. Бұл ақпарат, материалдар маңызы қа­зіргі әлемдік жан-жақты терең дағдарыс көріп жатқан елдер тұрғысынан қарасақ, халқымызға жасаған нақты идеологиялық бас­тама, алаңдаушылыққа қарсы сенім тірегі деуге болады. Бүкіл әлем түрлі дағдарыстан елін қалай аман сақтау үшін не істерін білмей, сасқалақтап тұрғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқандары біз үшін даналық бағдарлама, елді табысқа жігер­лендіретін рухани қуат деуге тұрады. Жарияланған материалдар ауқымын ірі дамыған батыстық елдер жағдайымен салыстырып қарасақ, маңызы өте жоғары, айқын екендігі байқалады. Күні кеше ғана теледидардан АҚШ президенті Барак Обама өз елінің Конгресіне жолдауын өткізе алмай қиналып тұрғанын көріп таңдандық. Оның бер жағында Франция президенті, Англия премьері, Германия канцлері, басқа Еуропа елдері басшылары өз елдерін дағдарыстан қалай аман алып шығу жолын таба алмай, демі таусылып тұрғанын еске алсақ, ең алдымен, ол ел басшылары өз елінің халқына не айтарын білмей дағдарғанын көреміз. Халық айтады: «Не ексең, соны орасың» деп. Батыс елдері, өзімен өзі жатқан Таяу Шығыс, араб елдеріне бүлік салып, Ирак, Ливия, басқа елдерді талқандап, халықтарын қырғынға ұшыратып, біріне бірін жау етіп, олардың ашуын ұшқындырды. Нәтижесінде елі, жері өртеніп жатқан сорлы халық туған жерін, өскен елін тастап, жоқшылық қыспағынан Еуропаға шұбырып, содан пана іздеді. Қазіргі қыстың көзі қырауда жүз мыңдаған босқындар Еуропа жеріне, халқына қиындық тудыруда. Өйткені, оларға баспана, жейтін тамақ, жылы киім керек, әйтпесе қырылады. Міне, осындай әлемдік жағдайда біздің елімізде, Елбасымыз айтқан пікірлері хал­қымыздың арманға жету жолын ашып көрсетуде. Ол арман, әрине, ел тыныштығы, тұрақты тұрмыстық жағдай, халықты күйзеліске соқтырмау, бабалар бағытын сақтау, ілгері дамыған 30 елдің ішіне кіріп, «100 нақты қадамды» іске асыру. Сондай-ақ, қағидатты, құқықты орта жасау үшін 59 заң ендірілетіні. Президент тапсырмасы он күрделі мәселелерді қамтиды. Олар Парламент пен Үкімет, кәсіби мемлекет, сот жүйесі, қазақстандық патриотизм, тағы сол сияқты мәселелер. Солардың ішінде ең басты мәселелердің бірі – басшылардың халыққа таза қызмет етуі, дандайсып, демократиялық тәртіпті өз пайдасына айналдырғандардың аяғына тұсау салу, елді бірлікке шақыру, ашық мемлекеттілікті іске асыру. «Қазақстан халқы», «Қазақ­стандық ұлт», «Мәңгілік Ел», «Дала өркениеті» ұғымдық тер­мин­­дері ендірілді. Жаңа жыл басында Президен­тіміз жаңа пікірлер айтып, елді соған жұмылдыруда. Жария­ланған материалдардың басты темір­қазығы – адам тәрбиесі. Өйткені, адам тәрбиесі қашанда маңызды, ал оқу орындарында тәрбие мен білім беру ең жоғары тұрған маңыз­ды мақсат. Отанға берілген патриот, жоғары білімді, кәсіби маман даярлау, бұл жоғары оқу орын­дары үшін де, жалпы халық үшін де айқын жол, биік мақсат демекпін. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, ҚР ҰҒА академигі. АЛМАТЫ.