21 Қаңтар, 2016

Атына сын, затына мін түсірмей...

497 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ә.Құрықбаев-суретҚазақ жерінің қай түкпірі де қасиетті. Қай қиыры да киелі. Сондай бір қасиетті де киелі жер – батырлар мен ақындар елі Нарынқол өңірі. Әділ Құрықбаевтың дүние есігін ашқан, өмірге келген жері осы мекен. Орта мектепті де Нарынқол ауданында алтын медальмен бітірді. Кейін Алматыдағы «Университетстрой» құрылыс-монтаж учаскесінде жұмысшы болып істеді. 1981 жылы Киров атындағы университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) құқықтану факультетін үздік дипломмен тәмамдаған соң, жолдамамен Қостанай облысына қызметке кетті. Осындағы қалалық және облыстық сотта табан аудармай он жыл судья болды. Білімі мол, білігі жетерлік Әділ Жамбасбайұлы Қостанайға «тарыдай болып келіп, таудай болып» қалыптасты. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Әдекеңнің абыройы асқақтады бұл жерде. Қызметтестері «Әділдіктің Әділі» деп атаса, қарапайым жұрт арасында қара қылды қақ жарған қазылығымен беделге ие болды. Оның білімділігін, ұйымдастыру қабілетінің қарымдылығын, әділеттілігін байқаған басшылық оны 1992 жылы Алматы облысы, Іле аудандық сотына төрағалыққа тағайындады. Үлкен сенімге ие болған Әдекең ауқымды аудандық сотты алдыңғы қатар­лы үздік ұжымға айналдырды. Одан соң төрт жыл Алматы қалалық сотының судьясы қыз­метін атқарды. Ал, 2000 жылдан күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. Сот реформасы – мемлекеттік саясаттың бірі. Еліміз егемендік алғаннан бері тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру бағытында Елбасының тыңғылықты тапсырмаларына сай орасан зор жұмыстар жүзеге асырылды. Осы реформаларды орындау барысында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің атқарған рөлі ерекше. Міне, осы өзгерістерге байланысты қабылданған заңдардың жобаларын дайындауға Әділ Жамбасбайұлы ұдайы атсалысып, үнемі ізденіс үстінде келеді. Ол еліміздің сот жүйесіне сот төрелігін алқа билердің қатысуымен жүргізу өлшемін енгізуге орасан зор үлес қос­ты. Әділ Құрықбаевтың автор­лығында «Алқа билердің қа­тысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу» тәжірибелік оқу құралы жарық көрді. Осы оқу құралында автор алқа билердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізудің құқықтық негізі, тәртібі тура­лы мәселелерді нақты сот тәжі­рибесімен ұштастыра отырып талдайды. Қандай да бір іс қара­ғанда кемшіліктің кездесіп қала­тыны рас. Сондықтан ол өзінің оқу құралында сондай кемшіліктерді реттейтін ұсы­ныстарды көрсетеді. Әділ Құрықбаев – судья. Ол – заңгер. Қызметіне тиянақты. Ісіне мығым. Бір басына жетерлік абырой-беделге ие. Өз қызметін атқарып жүре берсе болар еді. Бірақ оның өзге әріптестерінен өзгешелігі – ізденімпаздығында. Оның жылдар бойы республикалық басылымдарда қоғамдық пікір тудыратын сан-салалы тақырыптағы мақалалары жарық көріп келеді. Атап айтқанда, сот ісіне алқа билердің қатысуы, билікті әлсірететін сыбайлас жемқорлық, жол-көлік оқиғалары туралы, сот жүйесін реформалау, мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы және басқа да тақырыптарды жиі қозғайды. Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Бірақ әркім­нің белсенділігі әртүрлі. Ұлты­мыздың ақиқатқа құрылған шежі­ресін түгендеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі Әділ Құрықбаевтың назарынан тыс қалған емес. Тілге, елге қатысты проблемаларды көтеруде үнемі белсенділік танытып келеді. Бұл оның патриоттығын білдірсе керек. Әлі есімізде, Құрықбаевтың «Сот ісін жүргізудегі олқылықтар мемлекеттік тілдің адымын аштырмай отыр» деген мақаласы елді елең еткізген еді. Осы мақаланың әсері болар, осы сыннан кейін халықаралық заңнаманың алғаш­қы мәтіні, нұсқалары қазақ ті­лінде әзірленетін болды. Демек, жазылған мақала қоғамға ой салды деуге болады. Қазақта «сом алтыннан құйыл­ған», – деген сөз бар. Әдет­те асыл заттар сом күйінде сирек кездеседі. Сол сияқты асыл қасиеттер де бір адамда сом күйінде өте сирек кездесетін құбылыс. Әділ Құрықбаев – қазақ билерінде болуы тиіс асыл қасиеттерді сом күйінде бойына жинаған бірегей билеріміздің бірі. Олар: адалдық пен әділ­дік, қарапайымдылық пен кіші­пейілділік, ізденімпаздық пен ізет­тілік, ізгілік пен инабаттылық, тектілік, ұлтжандылық... «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» десек те, жақсы адам туралы көркем суреттеме жасау, оның ішкі және сыртқы болмысын сипаттау және шынайы келбетін жұртшылыққа жеткізу қиынның қиыны. Әділ Жамбасбайұлының бас­па беттерін көрген пікірлерінен, сұхбаттарынан сауаттылық пен саламаттылықтың, ізденгіштік пен ізгіліктің, батылдық пен ұлтжандылықтың иісі бұрқырап, оларды оқығаныңда көз алдыңда Әдекеңнің тағы да биіктей түскенін сезінесің. Оларды сана елегінен өткізе отырып, өзің де биіктей түсесің, рухани байи түсесің. Оның Қазақ жұрты, мемлекеті, құқық қорғау органдары, сот саласы және оны реформалау мәселелері бойынша батыл да өз кезінде айтылған пікірлерінен Отанын шынайы сүйген, оған жаны ашитын салиқалы да сауатты адамның келбеті ұрандап тұрады. Әдекеңнің шығарма­шылы­ғына назар аударайық. «Заң газетінің» 2015 жылдың 20 нау­рыз күнгі санында жарық көрген «Казақтың дәстүрлі құқығы – мемлекеттік құқық жүйесінің түп негізі» мақаласында Әділ Жамбасбайұлы Қазақ хандығы дәуіріндегі еліміздің өзіне тән дәстүрлі құқығы, оны мінсіз жүзеге асырған билер сотының халық мүддесі үшін атқарған құқықтық қызметіне қысқаша шолу жасай отырып, төмендегіше ой түйіндейді: «Халқымыздың дәстүріне сің­ген әдет-ғұрып дәрежесіндегі қылмыстық құқықтық ережелері мен қалыптасқан түсініктері бола тұра, қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңдарымызда соларды пайдалануға батылымыз жетпеуде. Кеңіс дәуіріндегі немесе Ресейдің қазіргі заңдарын көшірумен келеміз. Әсіресе, сол Ата Заңдарымыздағы мүлік­ке қарсы қылмыстарда қолда­нылатын жазаларды, солардың ішінде, құн төлеуге байланыс­ты жазаларды қазір­гі уақытта неге кеңінен қолдан­басқа». Батыл да ойландыра­тын пікір! Заң шығарушы орын­дардағы азаматтардың қаперінде жүруі тиіс ұсыныстар. Сондай-ақ, Әде­кеңнің жоғары­дағы мақаласынан оның ой-санасы ұлтымыздың терең қайнарынан нәр алып жатқанын да байқауға болады. Алматы облысы, Нарынқол ауданының Сарыбастау ауылында қазақи ортада туып, ұлттық тәрбие алған Әдекең, қазақ тілін жете меңгерумен қатар, ана тілі­міздің нағыз жанашыры, сот саласында қазақ тілінің өзінің тиісті орынын табуы үшін жанталаса атсалысып жүрген айтулы азаматтардың бірі екендігі де бұлтартпас шындық. Сөзім құрғақ болмау үшін Әділ Жамбасбайұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Сот ісін жүргізудегі олқылықтар» атты мақаласына назар аударайық. Аталған көлемді еңбегінде Әдекең тіл мә­селесіндегі жанға бататын «әттеген-айларға», бұлардың себеп­теріне тоқтала келе, «мем­лекеттік тілге деген өгей көз­қарасты өзге емес өзіміз қалып­тастырып отырғанымыз ақиқат. Негізі заңдар орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылады. Біз неліктен орыс тіліне сүйенеміз, өйткені, ыңғайлы, түсінікті. Қабылданып жатқан заңдардың, Үкіметтің қаулы-қарарларын қазақ тіліндегі мәті­нінің кейбір нормаларын орыс тіліндегі мәтінімен салыс­тырмай түсіне алмайсыз», – дей келе, Қылмыстық процестік кодекстің баптарындағы тілдік қателіктерді нақты мысалдармен көрсетіп, қынжылыс білдіреді. Сондай-ақ, өз пікірін «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу тек соттардың жұмысы емес, бұл өзекті мәселеге Ішкі істер министрлігі, Қаржы полициясы басшылары және Бас Прокуратура баса назар аударулары керек. Егер осы аталған органдардың басшылары қазақ тілінің қоғамдағы рөлін жоғары қойса, сонда ғана осы органдарда жұмыс істеп жүрген қазақтар қазақпен қазақша сөйлесер еді, сот ісін жүргізу толыққанды қазақ тіліне ауыса бастаған болар еді», деп тұжырымдайды. Мақаланы оқыған адам Әдекеңмен бірге қынжылып, бірге тебіренеді. Ойлануға мәжбүрлейді. Себебі, өкінерлік жайларды дөп басып, ащы шындықты ашық айтқан. Бұлар – нағыз жаңашыл, халықшыл, ұлтжанды адамның тебіренісі мен толғаныстары екендігіне дау жоқ. Жоғарыда дәйекке келтірілген Әдекең жазған мақалалардың бір пара­сынан-ақ оның асқар адам­гершілігі мен парасаты, ізден­гіштігі мен сауаттылығы көзге ұрып тұрады. Әрбір кәсіп иесі тек қана өзінің жеткен биігімен емес, тәрбиелеген шәкірттерімен де мақтануына құқылы. Әде­кеңді бұл саланың «ең бай» адамдарының қатарына қосуға әбден болады. Одан тәлім алып, оны ұстаз санайтын аудандық, облыстық соттың судьялары мен басқа да сот қызметкерлері республикамыздың барлық өңірінен де табылады. Оның сот реформасын жетіл­діру, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, сот төрелігін жүзеге асыруға жаңаша бағыт беру, оның әртүрлі үрдістерін енгізу мәселелері бойынша өз уақытында және батыл айтқан ұсыныстары әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Табиғи болмысынан өнерге, әдебиетке құмар Әдекеңнің дом­быраға қосылып салған әндері құлақ құрышын қандырса, са­лиқалы әңгімелері көңіліңді тол­тырып, ізгілікке жетелейді. Заң­герлікті қатыгездеу мамандық са­най­тын пікір, сирек болса да ай­ты­лып қалады. Бір қарағанда дұ­рыс та сияқты. Ал сондай «қаты­­гездеу» мамандық иесі Әділ Жам­басбайұлының жүрегі сон­­ш­а­лықты жұмсақ, жаны сон­шалықты нәзік екенін бүгінде оны білетін, оны танитындардың бәрі мойындаған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жерлесі Әдекең ұлы Абайдың, ағасы Мұқағалидың, Мағжан Жұмабаев пен Төлеген Айбергеновтің өлең­­­дерін нақышына келтіріп, жат­­қа оқығанда тыңдап отырған адам­ның жан дүниесін шымыр­латары анық. Оның «жүре­гіне терең бойласаң» поэзия әле­міне тап боласың. Ал ән­ші­лігі... Қара домбыраның құла­ғын­да ойнайтын Әдекеңнің ән айт­қан­дағы дауысы тіпті ерек­ше. Бір басына жетерлік өнері бар Әділ Құрықбаевтың ас­қан, тасқан кезін көрген ешкім жоқ. Бірқалыпты, жаны жайсаң, жү­регі жұмсақ күйінше күн кешіп жатыр. Қазақта «Бақытыңды балаң­нан ізде» деген қанатты сөз бар. Әдекең, тек қана адал жар емес, төрт перзент тәрбиелеп, оларды ел қатарына қосқан ардақты әке! Немере сүйіп отырған Ата!  Ақжан ЕШТАЙ, Алматы қалалық сотының төрағасы.