21 Қаңтар, 2016

Елбасы шешімі ел мүддесінен шықты

352 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін

ERA_7159Бұл – ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау

Тәуелсіз Қазақстан өзінің ширек ғасырлық тарихы тұсында ай­рықша жаңа кезеңді басынан өткізуде. Мемлекетіміздің алдында үлкен міндет тұр, ол –әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан көріну мәртебесі. Ол – қазақстандық ар­манға бастайтын «5 институттық ре­форманы жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау. Елбасымыз айтқандай, дәл қазір бізге «Тари­хымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлт­тық заңнамаға өзгерістерді бағамдау» өте-мөте маңызды. Ойлап қарасақ, шын мәнінде Мәжілісті тарату негізгі мақсат та емес. Мақсат – уақыт көшінде жаңа мақсаттардағы жаңа мемлекеттік жоспарларды игілікті жүзеге асыратын жаңа кадрлардың ұлы бағыттағы іс-қимылын анықтау, сынап көру. Бұл арада, әсіресе, саяси мамандардың атқаратын рөлі аз болмайды. Атап айтқанда, мемлекеттің өрісін кеңейтіп, тұ­ғырын нығайту үшін жаңа ұрпақ өкілін, жаңаша тез ойлайтын, тез шешім қабылдайтын білікті де білімді азаматтарды игілікті іске тарту қажеттігі. Сондықтан да, өз басым Ел­ба­сының Парламенттің ұсы­нысын қабыл алып, ең жоғары заң шығарушы органды мерзімінен бұрын тарату туралы Жарлығы дер кезінде әрі дәл уақытында жасалынған шешім деп айтар едім. Өйткені, қазір бір сәт ой тоқтатып айналаға зер салыңыздаршы. Әлем буырқанып, мазасызданып жатыр, өйткені, мұнай бағасы құлдырып, дағдарыс күш алып келеді. Қамсыз отыруға болмас. Мұндай саяси ахуалдар күш алған кезде жаңа сайланған, жаңа бағыттағы ең жоғары заң шығарушы органның атқарар қызметі өлшеусіз де елеулі болмақ. Парламент Мәжілісінің өткен сайлаудағы депутаттары Қазақстан Республикасына ауадай қажет 80-нен астам заң шығарды, ол үшін аз тер төккен жоқ. Алдағы жаңадан сайланатын Мәжіліс құрамына одан да зор ілкімділік танытуды тілеймін. Жаңа Парламент төрткіл әлемдегі төтенше ахуалдарға құлақ түре жүріп, Ұлт Жоспарын ойдағыдай жүзеге асыратын жетекші орган болуы шарт. Серікхан СЕРІКБАЕВ, Құрылысшылар кәсіподағының төрағасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы.  АЛМАТЫ.

Ұтарымыз көп

Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлеуметтік, эко­номикалық, саяси бағдарламалар кешенді қарастырылып, дағдарысты еңсерудің нақты жолдары нұсқалды. Бүгінгі күні республика жұртшылығы сияқты төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері де «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында екшеленген бес институттық реформаны белсенді жүзеге асыруға жұмыла кірісіп кеткен. Ал, Елбасының кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының бас­тамасын түсіністікпен қабыл алып, арнайы Жарлыққа қол қоюын дағ­дарысқа қарсы белгіленген шараларды одан әрі тиімділікпен жүргізуді ойластырған бірегей шешім ретінде түсінген жөн. Қазіргі таңда бүкіл әлемде үлкен толқыныс тудырған аласапыран кезеңде жұдырықтай жұмылып, бір арнаға күш біріктірудің маңызы зор. 30 елдің үдесіне көтерілуді басты мақсат еткен Қазақстан үшін қазір нағыз сын уақыты. Алға қарай жылжуымызға, ілгерілеуімізге бесінші шақырылған Парламент Мәжілісі зор үлес қосқанын, заң шығарушылық мәртебесін ойдағыдай атқарғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл үшін халық қалаулыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Десек те, өмір бір орында тұрмайды. Уақыт талабы басқа. Жарқын болашақ жолында тынымсыз ізденістердің, тың күштердің, қарымды қадам­дардың қажет екенін ескерсек, кезектен тыс сайлау өткізуден ұтарымыз көп болмақ. Оның үстіне Мәжіліс депутаттарының үндеуінде айтылғандай, мәслихаттар сайлауын бір мезгілде өткерсек, қаржылық және ұйымдастырушылық жұмыстары жағынан да көптеген жеңілдіктер туар еді. Президентіміздің қазіргі Мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде шығарған Жарлығы қатарымызды бұрынғыдан да топтастырып, қиындықтардан алқынбай шығудың басым бағыты екенін тағы бір айғақтап берді. Нұрлан АТЫҒАЕВ, Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары. Петропавл.

Үдеден шығарына сенеміз

Елбасының Парламент депутаттарының Мәжілісті тарату және Парламент пен барлық дең­гейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдап, Жарлыққа қол қой­ғандығын барша қазақстандықтар құптай­ды. Бүгінде жаһандық дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті, дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі экономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Әрине еліміз, жаһандық жүйенің бір бөлігі болғандықтан әлемде болып жатқан өзгерістер бізге тікелей әсер етеді. Сондықтан, XXI ғасырдың жаңа сын қатерлеріне жауап беру үшін біз қоғам болып топтасып, жаңа заманауи мемлекет құру бағытында жұмыс жасауымыз қажет. Осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы іс-қимылдарды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу кезек күттірмейтін іс. Тиянақты шешімдер мен тындырымды тірліктер және ең бастысы, берекелі ел бірлігі ғана бізге түрлі экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын еңсеру үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы саясатын және мемлекетімізді жаң­ғыртуға серпін беретін бес институттық реформаны іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындауға жаңадан сайланатын Парламент сүбелі үлес қосады деп санаймыз.  Бауыржан МОЛДАБЕКОВ, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Көп тілегі орындалды

Әр нәрсенің пісіп-жетілуі табиғи заңдылық. Піспеген дүние шала болады. Соңғы күндері қазақ қоғамын мазалаған басты мәселе – Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың сайлауын өткізу еді. Дүние дидарындағы түрлі өзгерістер мен құбылыстарды ескерген Мәжіліс депутаттары Елбасына арнайы үндеу жария­лады. Сайлауды кезектен тыс өткіземіз дегенімізбен, Мәжіліс пен мәслихаттарды қайта жасақтап алудың нақ мерзімі осы уақыт болатын. Оған сан түрлі себеп бар. Алдымен Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарын орындау керек. Ал оны жүзеге асыру үшін заманауи Мәжіліс жасақтау қажеттілігі туындайды. Одан кейін экономикалық дағдарыс дегеніңіз тамақтан буып тұр. Мұнайдың бағасы арзан­дап, доллардың бағамы шарықтап кеткен тұста едел-жедел қимылдамаса болмайды. «Не болар екен?» деп қарап отыр­ғанда уақыт өтіп кетеді. Осындай мәнәйі себептерден соң депутаттар дер кезінде ұсынысын айтты. Кейде халық қалаулылары мен халық­тың ойы бір жерден шықпай жатады. Депутаттарды халық сайлады дегенмен, елдің пікірі бөлек болуы мүмкін жағдайлар кездеседі. Мәжілісмендердің ұсынысын тыңдаған Елбасы алдымен елдің ойына құлақ түрді. Қазіргі жағдайды бағамдаған жұртшылық депутаттардың ұсынысын мақұл көрді. Қазақстандықтар тұтастай кезектен тыс сайлау өткізу керек деп санайды екен. Оны баспасөз беттерінде, телеарнаға берген сұхбаттарында, түр­лі сауалдамалардың қор­ы­тын­дысында халық жасырмай айтты. Бұл – Қазақстан халқы жағдайды ақылмен бағамдап, сайлауға жан-жақты дайын екенін білдіреді. Елбасы Үкімет басшысымен, Мәжіліс пен Сенаттың және Конституциялық кеңестің төрағаларымен де ақылдасты. Ең жоғары заң шығарушы орган мен сол заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалайтын кеңестің басшылары да сайлауды кезектен тыс өткізуді жөн деп санайтындарын жеткізді. Міне, «ха­лық қаласа, хан түйесін сояды» деген бабалардан қалған сөздің ақиқатына көз жеткізіп отырмыз. Елбасы кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осының өзінен 17 миллион халықтың бірдей ойлайтынын көреміз. Бұл ел мен Елбасының бір мүдде, бір мақсат үшін жұмыла жұмыс жасап жатқанын дәлелдесе керек. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы елдің тілегін орындады. Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА, Қызылорда облыстық Азаматтық альянс қауымдастығының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ел жайлы ойымыз егіздердей ұқсас

Кезектен тыс сайлау өткізу шынында да қуа­на келісер құптарлық іс. Себебі: қазіргі нарықтық заманда дағдарыс күллі әлемнің алқымынан алып отыр. Біздің де кес-кестеп жолымызды бөгеуге дайын. 2015 жылы 30 қарашадағы Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы қиындықтан қалай құтылудың жолын көрсетсе, енді жаңа құрамды депутаттар осыған өз септіктерін тигізеді деген ойдамын. Мәжіліс, жалпы заң шығарушы орган болғандықтан жыл бастала салып Елбасына кезектен тыс сайлау өткізуі жайлы үндеу тастағаны – кедергілер мен күрмеулі қиындықтардан құтылу үшін жауап­кершілікті ерте сезінулері деп білемін. Жұ­дырықтай жұмылып, тындырымды тірлік атқаратындарына да сенем. Бесенеден белгілі, бүгінгідей проблемалар қай замандарда да қоғаммен бетпе-бет келіп отырған. Соның барлығынан жанқиярлық пен күрескерлік аман алып шық­қаны да шындық. Бүгінгі таңда біздің кез келгенімізге керегі осы. Дамудың намысқа шабатын кезегінде тұрмыз. Егер еліміз еңсесін тез көтерсін десек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Депутаттардың да тек Мәжілістің ғана емес, сонымен қатар, жергілікті мәслихаттардың да сайлауын өткізу туралы тұ­жырымды үндеу хаттары жауап­кер­шіліктің төмен мен төбе болып бөлінбейтінін білдірді. Ел жайлы ойланғанда егіз екенімізді көрсетті. Елбасымыздың отандық өнімді тұтынатыны секілді, біз барлығымыз ұлт болып Қа­зақ­станның киімін киейік, Қа­зақстанның нанын жейік, Қа­зақ­станның көлігін мінейік, Қазақстанның суын ішейік. Қазіргі көкке қолы жеткен мемлекеттердің халқы өздеріне дәл солай мұрат қойғаны тарихтан белгілі. Біз де сондай ұлы көшті жалғастыру үшін билік пен бұқараның абыройын, бірлігін, бір бағытпен өмір сүруін естен шығармауымыз керек. Келешегіміз дәл осыған байланысты. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, республикалық «Жамбыл» журналының бас редакторы.  ТАРАЗ.

Сындарлы сәтте сыр бермейміз

Қазақтың ақиық ақыны Мұ­қағали Ма­қа­таевтың «Үш бақытым» деген өлеңін тұ­шынып оқыған сайын Қазақстанның сайын даласы, ерке желі, бір ша­ңырақ астында тату-тәтті өмір сү­ріп жатқан ұлттар мен ұлыстар көз алдыма елестейді. Осы бір ба­қытты шағымыз мәңгілік болғай деген ой әркез мазалайды. Адамды ұлт ретінде бақытты ететін үш құндылық – халық, тіл, Отан екенін осындайда жан-тәніңмен ұғына түскендей боласың. «Ең бірінші бақытым – халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің», – деген өлең жолдарын тебіреніссіз оқу мүм­­­кін емес. Бүгінгі таңда Қазақстанда бір-ақ халық болса, ол – сіз бен біз. Ендеше бір шаңырақ астында түтін түтетіп жатқан халық Отанымызды шын жүректен сүйіп, Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтай білсек, бүгінгідей сындарлы сәтте сыр бермейтініміз анық. Президентіміздің Мәжілістің кезек­тен тыс парламенттік сайлау өткізу ту­ра­лы арнайы Жар­лық шығаруын бү­гінгідей дағдарыс тұ­сын­дағы бірден-бір саяси шешім ретінде қабылдаймын. Республика жұртшылығы осындай пікірде екеніне сенімдімін. Мен – күрд деген ұлттың Қазақстанда өмір сүріп жатқан диаспорасының бір буынымын. Бауырмал қазақ жерінде туып, өсіп-өніп жатсақ та, тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді сақ­тауға барлық мүмкіндіктер жасалған. Осы орайда Қазақстан күрд­терінің басын біріктіріп, олар­дың мәдени-рухани әлеу­меттік өмірін түрлендіріп, әр­түрлі әлеуметтік мәселелерді шешіп, ел халқының бірлігіне бейжай қарамайтын «Барбанг» күрдтер қауымдастығы аясында атқарылған шара­лардың бәрі елдің бірлігін, ынтымағын көздейді. Күрд тіліндегі «Барбанг» сөзі қазақ тілінде «Шығыс» деген мағынаны білдіреді. Ал өңірімізде дәл осындай атаумен ашылған күрдтер қоғамдық бірлестігі қандастарымыздың басын қосып, келер ұрпаққа өз ұлтымыздың салт-дәстүрін, мә­дениетін, тілі мен ділін аманат ету мақ­са­тында жұмыс істейді. Облыс аумағында екі жүзден астам күрд өмір сүреді. Олар, негізінен, Қызылжар ауданына қарасты ауылдарда тұрады. Күрд­тердің дені ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Біразы денсаулық сақтау, білім беру салаларында еңбек етеді. Өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлер де бар. Олардың өңірімізде бар екендігін, осындай салаларда еңбек етіп жатқандығын қоғамдық бірлестігімізді құрған кезден білемін. Бұрын облысымызда күрдтер аз шығар деп ойлайтынмын. Қазіргі таң­да қоғамдық бірлестік мүшелері Елбасымыздың тапсырмалары мен талаптарын орындау жолында қажырлы іс-қимыл көрсетіп келеді. Ал­да атқарылатын жоспарлар сан-салалы. Солардың бірі – күрд тілінен қазақ және орыс тілдеріне аударылған тілашар кітабын құрастыру. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі, кейбір күрд жастары ана тілін білмейді. Сондай-ақ, қазақ тілін де үйренулері керек. Менің ата-анам Оңтүстік Қазақстан облысында туып, сол жерде өскендіктен, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Жұмыс барысымен Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанып, үш баласы осы жерде дүниеге келді. Біз орыс тілінде білім алсақ та, қазақ тілін жетік білеміз. Себебі, үйде ата-анам балаларымен үш тілде сөйлеседі. Осы арқылы күрд, қазақ, орыс тілдерін білуімізді қатаң бақылап отырады. Әсіресе, қазақ тілін терең міндеттеді. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Кейде маған «Сен күрд тілін білесің. Яғни, саған қазақ тілін үйрену оңай», – деп айтатындар аз емес. Күрд пен қазақ тілдері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бірі – парсы, екіншісі түркі тілдес топтарға жатады. Мен қазақ тілін ата-анамның арқасында және өзімнің қалауыммен тез үйрендім. Ал, ұлттық салт-дәстүрге келсек, еліміздегі күрдтер мен қазақтарда көп ұқсастық бар. Мүмкін, көп жылдар қатар өмір сүрген соң салт-дәстүрлерінде айырмашылық аз болар? Мәселен, қазақтар мен күрдтердің «Қыз ұзату» салтында ұқсастық көп. Қазіргі таңда мен М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқимын. Қоғамдық жұ­мысқа белсене араласып, қазақ тілін білгендіктен, көптеген шараларға белсене қатысамын. Мемлекеттік тілді білу еліміздегі этносаралық бірліктің тамаша үлгісі екені сөзсіз. Осы күнге дейін өзге этнос өкілі екенімді айтып, кеудемнен итер­ген жан болған емес. Мен шынымен де туған жерімде жүрмін. Кіндік қаным тамған жер Қазақстан болғандықтан, басқа елге кетпеймін. Біз отбасымызбен болашағымызды тек Қазақстанмен байланыстырамыз. «Бұлбұл гүлзарын сүйеді, адал адам Отанын сүйеді» деген қазақ мақалы бар. Отанымызды шексіз сүйіп, адал болу – азаматтық парызым. Мемлекет басшысының Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттер барлық қазақстандықтарды қуатты да кемел ел болуға бастай береріне кәміл сенімдімін.  Назим НАДИРОВ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.  Петропавл.

Билік органдары қызметіне үйлесім береді

Демократиялық үрдістер мен үдерістер тұрғысынан егемен еліміз тағы бір сындарлы кезеңге аяқ басып отыр. Бұл Президент Жарлығына сай алдағы наурыз айына белгіленген Парламент Мәжілісі депутаттары мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы болып отыр. Белгіленген сайлау әрбір қазақстандыққа, бар­­ша әріптестерімізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп түсінемін. Белсенді азаматтық ұстанымның айқындалар кезеңі де дәл осы тұс. Сайлау өткізу еріккеннің ермегі емес. Бұл – елдікті еңселендіре түсудің бас­ты бір жолы. Болашаққа жасалатын айқын қадам. Еліміздегі бірқатар кәнігі сарапшылардың пікірінше, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын бір мезгілде, қатар өткізу өкілетті билік органдарының қызметіне айрықша үйлесім береді. Әрі олардың жұмысының тиімділігін едәуір арттырады. Осыдан шамалы ғана уақыт бұрын қабылданған Президент Жарлығының мәні мен маңызын және оның тұтастай ел-жұрт пен тұрғындарға тигізетін пайдасын осы тұрғыдан түсінемін. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де осы пікірімнен алшақ кете алмаймын. Тағы бір ұтымды жағы – тек осылай жасаған жағдайда ғана сайлау өткізуге кететін шығын көлемі де аз болады. Мұның өзі қазіргідей қысылтаяң уақытта қаржы үнемдеудің бір амалы екені айтпаса да түсінікті. Президент Жарлығына сәйкес өткізілетін жаңа сайлау негізінде Парламент құрамы жаңғырып, жаңа партиялармен толыға түседі деп есептейміз. Мұның өзі сапалы жұмыс жасауға, партиялық бәсекелестікті ны­ғайтуға жаңа мүмкіндіктер туғызатыны анық. Ең бастысы – жаңғыртылған өкілетті билік құрамы Елбасы ұсынған Бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асыруға тікелей кіріседі. Әрі алаңсыз жұмыс жасайды. Әрине, Мәжілістегі әр шақы­рылымның өзіне жүктелген міндеттері мен мақсаттары болады. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Парламентінің бесінші шақырылымындағы депутаттар Елбасы белгілеген реформаларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде сан-алуан жұмыстар атқарды. Ал көп кешікпей депутаттар үндеуі мен Президент Жарлығына сәйкес іске кірісетін алтыншы шақырылымдағы депутаттар енді осы реформаларды нақты түрде іске асыруға бір кісідей жұмылатын болады деген ойдамын. Өйткені, бұған толық заңды негіз қаланып отыр. Тіпті, осы мәселеге орай Елбасының Жарлығы да БАҚ-тар арқылы айтылды. Сондықтан бүгінгі күнді жасампаздықтың жаңа беті ашылатын елеулі күннің бірі деп есептесек, артық кет­пейтін шығармыз. Біз бұл сайлауда жаңаша озық түрде ойлай алатын, ұтымды ұсыныстар жасауға қабілетті депутаттар корпусы қалыптасады деген ойдамыз. Осы орайда, өкілетті билікке азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері көптеп қатысып жатса, нұр үстіне нұр. Өйткені, бәріміздің алдымызда тұрған қазіргі міндет қай кездегіден де күрделі. Әйтсе де мұның бәрі орындалмайтын, қолдан келмейтін іс емес. Тек өзара сенім, кәсіби біліктілік және болашаққа деген айқын бағдар болса болғаны. Қазыбай БОЗЫМОВ, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Батыс Қазақстан облысы.

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгешерек

Әлем елдерінің тарихында Парламентінің мүшелерін қайта сайлау жиі кездеседі. Бұл әрине, біріншіден, сол елдің экономикалық өркендеуі үшін қажет болса, екіншіден, қаржы дағдарысы секілді қиындықтардан аман өтуіне септігін тигізіп жатады. Мұндай оңды қадам біздің еліміз үшін ауадай қажет болып тұр қазір. Өйткені, біздің еліміз шикізатқа соншалықты бай болғанымен, оны өндіріп, өңдеп, экспортқа шығаруда дүниежүзі елдерімен байланыс орнаттық. Дегенмен, қазіргі жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстанмен іскерлік, экономикалық байланыс жасайтын елдер арқылы отандық экономикаға әсер етпейді деп алаңсыз отыруға болмайды. Демек, етек-жеңімізді жинақтап, елімізді қаржы дағдарысының шеңгелінен аман алып шығудың кілті – Ұлт Жоспарын толыққанды іске асыру үшін Парламент Мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауын кезектен тыс өткізіп алуымыз қажет. Осы орайда, Парламент Мәжілісінің депутаттары орынды ұсыныс жасады. Сайлауды кезектен тыс өткізу біздің Ата Заңымызға қайшы емес. Ендеше, бізде сайлауды кезектен тыс өткізуге толық негіз бар деп айтуға болады. Ал бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгерек болатынына тоқталар болсақ, біріншіден, оған өз бағдарламаларын ұсынатын партиялар қатарында жаңалары бар. Оған дәлел ретінде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Бірлік» партиясын атауға болады. Әрине, қай партия болса да елдің тұтастығын, ынтымағы мен бірлігін, экономикалық өркендеуін көздейтіні даусыз. Екіншіден, бұл сайлауды өткізудің қажеттігіне тек саяси партиялар ғана емес, еліміздегі қоғамдық ұйымдар да, этномәдени бірлестіктер де қолдау білдіріп отыр. Осының өзінен-ақ Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын өткізу ел экономикасы үшін, ел бірлігі үшін аса маңызды қадам екені айқындала түседі. Үшіншіден, бұған дейін де кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлаулар өткізілгенімен, ел-жұрт тарапынан дәл бүгінгідей ынталылық байқалған емес еді. Демек, бұдан біздегі азаматтық қоғамның белсенділігі арта түскенін аңғарамыз. Төртіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс сайлау өткізуді тағайындау үшін Сенат және Мәжіліс төрағаларымен, Конституциялық Кеңес төрағасымен, Премьер-Министрмен консультация өткізіп, Ата Заңға сәйкестігіне көз жеткізді. Түйіндей айтқанда, тәуелсіз Қазақстанды бүгінгіден де қуатты мемлекетке айналдыратын Ұлт Жоспарындағы бес институттық реформаның жемісті болуына кезектен тыс өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауының зор ықпалы тиеріне бек сенемін. Міне, бұл сайлаудың бұрынғылардан өзгешерек болатынының басты себебі де осында.  Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы. АТЫРАУ.

Бірлігі бекемге тоқшылық нәсіп

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Парламенті Мәжілісі және түрлі дең­гейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын өткізу туралы үндеуін қолдап, Жарлыққа қол қойды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Бүкіл дүниежүзі дағ­дарысқа қарсы амал жасап жатқанда Парла­ментіміздің өз мүддесін ғана ойламай ел тағдырына қарайлағаны «болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейдіге» жетеғабыл оқиға, дұрыс шешім. Мәжіліс депутаттары үлкен жұмыс атқар­ғанын айтуға тиіспіз. 2016 жылға дейін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары сияқ­ты мемлекетімізді алға жетелейтін бағдарламаларды қабылдап үлгерді. Алайда, бүгінгі күрделі жағдай де­путаттық креслода отырып қал­ғып-мүлгитін жағдайды уақыт көтермейді. Несін жасырамыз, екі-үш шақырылымда да депутат болып сайланғанымен тіс жарып сөй­лемеген, елдің пайдасына ұсыныс айтпаған, өз мүддесін ғана күйттеген депутаттарымыз болды. Олар туралы халық та біледі. Реті келгенде айтып та жүрді. Елге көңілжықпастар емес нағыз кәсі­би Парламент керек. Халық ішінде өз саласын бес саусақтай біле­тін, бүгінгідей экономикалық қиын жағдайларда елге пайдасын тигізе алатын, оған қабілет-қарымы толық жететін азаматтар көп. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа шыбындаған атша бас шұлғи беретін «қалтадағы» Пар­ламент емес, ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асы­руға көмектесетін, кәсіби білігі мықты Парламент керек. Кейбір атқамінер шенеуніктер қалың елге жұмыс тауып беру, жүдеген көңілін жұбатудың орнына «Дағдарыс өте қатты келе жатыр. Қазақстанға өте ауыр болады» деп елді шошытады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы кешегі есік көзіндегі қазақты төрге шығарған, шекараларымызды бекемдеп берген, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан бүгінгідей биікке көтерген тау тұлға. Екі бауырлас ел Украина мен Ресей жер дауы үшін қырғи-қабақ болып жатса, кезінде шекараларын айқындамағандықтан осындай жағдайға барды. Халқымыздың саны аз болса да біз Ел­басының арқасында барлық көрші­лерімізбен бейбіт келісімге келіп, дау тудырмайтындай шекара бөлінісін реттеп алдық. Қазақстан экономикалық қуат­тылығы жөнінен әлемдегі озық отыз елдің қатарына кірудің алғышарттарын жасап жатыр. Осы міндеттерді жүзеге асыратын Ұлт Жоспары, елді бір арнаға тоғыстыратын Мәңгілік Ел идеясы бар. Бірақ, әлемдегі дағдарыс тек Қазақстанға ғана қатысы бардай бүйректен сирақ шығарып, бәріне Елбасын кінәлі етіп көр­сетуге талаптанатын кері күштер бар екендігін жасыруға болмайды. Халық олардың іріткі тудыратын сөзіне алданбауы керек. Біз бәріміз бірге болғанда мықтымыз. Елбасы басшы, біз қосшы болып мемлекеттік бағдарламаларды ке­зең-кезеңімен орындасақ Қазақстанның келешегі кемел болады. Біз Мәңгілік Ел болуға талпынған мем­­­­­лекетпіз. Бұл идея жүзеге асу үшін ақыл-ойы тұнық, санасы таза барша қа­зақ­стандық Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасынан табылуы керек.  Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВ, Олимпиада мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпазы, Оңтүстік Қазақстан облыстық бокс мектебінің директоры. Шымкент.

Парламентке деген сенім артады

Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы дүниежүзілік қоғамдастықтан лайықты орнымызды алып отырмыз. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Республика қызметінің түбегейлі қағидалары: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму қазақстандық патриотизм. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей еркін сайлау арқылы жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 49-бабында «Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы» деп жазылған. Парламент 80-ге жуық заң қабылдады. Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «Жол картасын» жасады. V шақырылымдағы депутаттар Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалап, өзінің тарихи миссиясын орындады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев саясатының арқасында қазірде Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты Ұлт Жоспары бар. Бүгінгі күн – кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Депутаттардың жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін V шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімнен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастамасы өмірдің талабы десек, төмендегі мәселелерге назар аударған жөн: Біріншіден, партиялар сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы; екіншіден, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымдық бірігу қажеттігі; үшіншіден, реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу керек болып еді. Қазіргі тарихи сәттің барша жауапкершілігін, мақсаттар мен міндеттердің ортақтығын сезінген үш парламенттік фракция депутаттарының үндеуі жұртшылық тарапынан кең қолдау тапса, енді, міне, Елбасы Мәжіліс өкілеттілігін тоқтатып, жаңа сайлау тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Барлық азаматтарды енді біздің ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз үшін, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлау­ларына бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Еразақ ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих және құқық институтының мемлекеттік және азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, профессор.

Саяси мәні зор қадам

Кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын өткізу халықтың көкейіндегі көп ойдың шешуші қадамы деп санаймын. Себебі, дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа елеңдеп, АҚШ долларының құны өскен сайын дегбірсіздене бастаған ел қандай да бір тың қадамды тосып отырғаны ақиқат. Қызмет бабымен халықпен тығыз байланыста болғандықтан жұрттың ой-пікірін тыңдап жүрміз. Өмір көрген зейнеткерлер мен орта буын өкілдері сабырлылық танытқан жерде жастар еш іркілместен өз тоқтамдарын тура айтып салады. Жөн. Құқықтық сауатты жас заңнама талабын бұзбай мемлекеттік саясатқа сай ой қозғағанын құптау керек. Олай дейтінім, сол жас буынның арасында шетелдерде білім алып, тіпті, тәжірибеден өтіп келгендері де баршылық. Міне, сол жастар азды-көпті көргені мен көкейіне түйгенін мемлекет мүддесі үшін ортаға салып, халықтық сараптаудан өткізіп жатса біз одан ұтпасақ ұтылмаймыз. Шыны керек, бүгінде мемлекеттік қызметте болсын, өзге де бюджеттік мекемелерде болсын, бизнесте болсын бірнеше тілді жетік меңгерген білімді жастар көптеп саналады. Үлкенді сыйлау, құрметтеу сынды ұлттық құндылықты бойларына сіңіре білген жас буынның мәдениеттіліктері сол аға буынның жолын кеспейді. Оны халықпен тығыз байланыста жұмыс істегендіктен күнделікті өмірде көріп, байқап жүрміз. Сол елге қызмет көрсетуде мекемеміздің кірер есігіндегі күзетшіден бастап салалық қызметкерлердің ілтипатына разы болатын халық басшылыққа алғысын ағытып жатады. Бұл жерде айтайын деп отырған ойым, үлкені үлкендігін, кішісі кішілігін таныта білетін жетісулықтар бүгінгі саяси мәні зор қадамды алдыға бастыратын Елбасы Жарлығы шығысымен мемлекеттік саясатқа сай іс жүзіне асыруға дайын. Зарина ТҰРСЫНЖАНОВА, «Қазпочта» АҚ Алматы облыстық филиалының мерзімді баспа басылымдарын тарату бөлімінің басшысы.

Жасампаз істерге жол ашады

Бұған дейін де Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлаулары кезектен тыс өткен. Соның бәрінде де ел мүддесі бәрінен жоғарылып келеді. Ал осы жолы тәуелсіз елімізді жаһан жұртын шеңгеліне қысқан дағдарыс дауылынан аман алып шығу үшін осындай қадамға барып отырмыз. Әрине, алыс-жақындағы шетелдермен достық, әріптестік қарым-қатынас орнатқасын әлемдегі қаржылық, экономикалық ахуалдардан бойымызды аулақ сала алмаймыз. Дегенмен, біздің еліміз үнемі экономикалық өсу жолына бет бұрып келеді. Оған дәлел ретінде жыл сайын іргелі жобалардың іске асырылғанын, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсе түскенін айтуға болады. Алайда, әлемдегі қаржылық дағдарысты елімізді шыңдалу кезеңінің кезекті биігіне көтеретін сәт деп қарастыруымыз қажет. Рас, Елбасы алыс келешекті қамтыған Ұлт Жоспарын ұсынды. Бұл шын мәнінде ел экономикасының жан-жақты дамуына серпін беретін бағдарламалар жиынтығы екені даусыз. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруда бұрынғы заңдарға түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізуде Парламент Мәжілісі депутаттары зор еңбек сіңірді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Осы тұрғыдан айтқанда, Мәжіліс депутаттары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты дей аламыз. Дегенмен, олар елдің болашағын ойлап, кезектен тыс сайлау өткізудің қажеттігін ұсынғанда, алдымен, мемлекеттің мүддесін ойлағаны даусыз еді. Өйткені, әлемдегі және қоғамдағы қаржылық, экономикалық, технологиялық дамулар мен өзгерістерге байланысты әр ел жаңғырып отыруы қажет. Ол әрине, экономикалық, қаржылық, сонымен бірге, демократиялық тұрғыдан іске асуы тиіс екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, осы тұрғыдан ой өрбіткенде, Мәжіліс депутаттарының ұсынысын қолдап, әлемдегі қаржылық дағдарысқа қарсы заңдарды қабылдауда, сондай-ақ, бұрыннан қолданыстағы заңдарға әлі де өзгерістер мен толықтырулар енгізуде парламентшілердің де кәсіби әрі елдің шынайы патриоты болғаны жөн деген тоқтамға келдім. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауларын өткізудің маңызын тарқатар болсақ, алдымен, бұл елдегі бірлігі мен ынтымағы жарасқан көпэтносты халқымызды бұрынғыдан да бір-бірімен жақындастыра түседі. Өйткені, қазір әлемдегі көптеген елдің тұрақсыздыққа ұшыраған ахуалын көріп отырмыз. Көбінде жұмыссыздар қатары молайып, бір-бірімен алауыздықтың кесірінен ереуілдетіп те жатыр. Еуропа елдерін мигранттар кезіп жүр. Тәубе деп айталық, біздің еліміз осындай келеңсіздіктерге ұрынбай келеді. Бұған әрине, елдегі конфессияаралық татулық пен экономикалық реформалар жемісінің септігі тиіп отырғаны даусыз. Алдағы уақытта да еліміздегі тұрақтылық пен бірлік, өсу мен өркендеу, одан әрі жалғасын табарына күмәнім жоқ. Бұл сайлау тәуелсіз Отанымыз – Қазақстандағы экономикалық өркендеу мен жасампаз істерге жаңа жол ашады. Мұхтар КЕНҒАНОВ, Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы. Атырау облысы, Жылыой ауданы.

Халыққа жақын, елге етене болуын қалаймыз

Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастаманы барша отандастарымыз қызу қолдады. Бұл бүгінгі әлем үшін де, Қазақстан үшін де ортақ болып отырған қаржылық дағдарыстың салқынын сезінуден және оған қарсы жасалған мемлекеттік бағдарламаларымызды кедергісіз жүзеге асырудан туындаған қадам болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс сайлауын жергі­лікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізу жөніндегі парламентарийлер үн­деуін ой елегінде екшей келе, Үкімет және Мәжіліс жетекшілерімен, Консти­туциялық Кеңес төрағасымен консультация өткізіп, бір арнада тоғысқан бүкіл қазақстандықтардың ұсыныс-тілегін қабыл алды. Елбасы Жарлығына сәйкес, біз еліміздің бір биіктен табылған аңсар-тілегін жүзеге асырамыз, елдік таңдауымызды жасаймыз! Әлбетте, Мәжіліс құрамының жаңаруы еліміздің жоғары билік жүйесінің қызметіне де жаңа леп әкеледі. Жаңаратын Парламенттің халыққа жақын, елге етене болуын қалаймын. Бұл, әсіресе, ауыл тұрғындарының тілегімен де қабысады. Мәжіліс пен мәслихаттар қатарына осы сайлау арқылы қосылатын мандат иелерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Ең бастысы, Елбасы бекіткен Ұлт Жоспарын жүзеге асырып, «100 нақты қа­дам­ды» еліміз­дің игілігі жолында орындау болмақ. Айталық, ауыл тұр­ғын­дарының әлеуетін арттырған бағдарламалар бар. «Сыбаға», «Құлан» сынды ауыл шаруа­шылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың қара­пайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға көп пайдасы тиді. Алайда, қазіргі дағдарыс кезеңінде ет өнімдерінің бағамы арзандап барады. Сондықтан, бүгінгі жағдайды ескере отырып, агросектор саласындағы несиелерді белгілі бір уақытқа шегере тұрса жөн болар еді. Осы сияқты табиғатты қорғау мәселелеріне де көңіл аударған абзал. Біз – қоршаған ортаның бір бөлшегіміз. Оны қорғау парызымыз. Табиғаттың бір заңдылығы бүлін­се, қалғаны да біртіндеп бүліне береді. Оған жол бермеуіміз керек. Сондық­тан, экологиялық мәселелерді қатаң қада­ғалауға алатын заңнама қажет. Міне, жоғары заң шығарушы органымыздың жаңа құрамы осы бағытта жұмыс істесе деген тілегіміз бар. Ержан ҚҰТТЫБАЕВ, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.

Қазақстан тарихындағы маңызды сәт

Биыл Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына аяқ басып отырмыз. Азаттықтың ақ таңының атқанына да ширек ғасырдай уақыт болыпты. Тарих үшін қас-қағым ғана сәт болуы мүмкін. Ал мемлекет үшін едәуір уақыт. Осы аралықта Қазақстан толықтай қалыптасты. Әлемдік аренада өзінің орнын нық белгіледі. Сонымен қатар, осы жиырма бес жыл ішінде жаңа ұрпақ қалыптасты. Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында талай маман шетелде білім алды, елімізде білігін шыңдады. Міне, осы жаңа тұлғалар еліміздің алдағы даму жолын жасайды деген ойдамын. Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың сайлауларын кезектен тыс өткізу барысында саясат сахнасына жастар шығады деп сенемін. Елбасы Қазақстан халқының алдына Ұлт Жоспарын ұсынып, 5 институттық реформаны іске асыруды тапсырып отыр. Парламенттің төменгі палатасына Мемлекет басшысы қойып отырған талап үдесінен шығатын құрам жинақтап алу бас­ты міндет. Өйткені, дағдарыс заманында білімі мен білігі сай, қажыры мен қайраты кемел, әрбір істі нұрлы ақылмен шешетін мамандардың алға шығатыны анық. Депутаттардың Елбасына Мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеумен шығуының астарында осындай себеп бар. Елімізде тіркелген түрлі саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, қарапайым халық Мәжіліс депутаттарының ұсынысын толық қолдады. Конституциялық Кеңестің төрағасы да сайлауды кезектен тыс өткізудің заңға ешқандай қайшы келмейтінін мақұлдады. Халықтың пікірін жан-жақты сараптаған Елбасы Парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлығына қол қойды. Бұл Қазақстан тарихындағы тағы бір маңызды сәт. Өйткені, әлем аласапыран күй кешіп жатыр. Құндылықтар өзгеріп, көзқарастардың қайшылығы туындау­да. Осы ретте, Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлап алады. Ал бұл алда болуы ықтимал қиындықтың барлығына тас-түйін дайындықтың белгісі. Нұрхан ЖӘЛИЕВ, Қазақстанның саясаттанушылар конгресі Қы