Қазақстанда ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың көтерілуі алдыңғы эпидемиялық маусымдарды талдау бойынша қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді, кейіннен мамыр айында бірлі-жарым жағдайларға дейін азаяды, деп атап өтті, баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары, еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
– Еліміз бойынша тұмау вирусының айналымына мониторинг жасау және вирустың жаңа штаммдарын анықтау түрінде тұмауды және тұмау тәрізді ауруларды (ЖРВИ) эпидемиологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген. Жедел эпидемияға қарсы шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын 1 желтоқсаннан бастап халықтың респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттану жағдайына және Қазақстандағы, сонымен бірге, шетелдегі тұмау вирусының айналымына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Ағымдағы эпидмаусымда ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп сипатталады. Бақылау деңгейлерінен арту анықталған жоқ. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанудың 9 %-ға өскені байқалды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанудың 13%-ға төмендегені байқалады. Ауырған адамдардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балаларға келеді және ол жалпы сырқаттанудың 70%-ын құрайды. Тұмаудан болған бір өлім жағдайы тіркелді. Республиканың аумағына инфекциялық аурулардың әкелінуі мен олардың таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде келетін адамдарға қашықтық термометриясын қолдана отырып мониторинг жүргізіледі. 2015 жылдың басынан бастап қазірге дейін шекара арқылы өткізу пункттерінде 2 млн. 560 мыңнан астам адам тексерілді, инфекциялық және инфекциялық емес ауруға күдікті, дене қызуы көтерілген 30 науқас анықталды. Маусымның басында болжанғандай, республика аумағында А(H1N1), A(H3N2) және В тұмау вирустары үстемдік етуде. Алдыңғы жылдардағы сияқты, ел аумағында парагрипп, респираторлық-синцитиалды инфекция, риновирустық және аденовирустық инфекция сияқты тұмауға жатпайтын инфекциялар да айналымда жүр. Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация болып табылады. Барлығы республика бойынша тұмауға қарсы 1 млн. 700 мыңнан астам адам егілді (халықтың жалпы санының 10,0%-ы), оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 1 089 139 адам егілді (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммун жетіспеушілігі, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері және жүкті әйелдер), жұмыс берушілер есебінен 500 мың адам, ақылы клиникаларда 135 мың адам егілді, – деп Жандарбек Мұхтарұлы мән-жайға кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ, вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар – ол ерекше емес профилактика. Ерекше емес профилактика ағзаның өзінің қорғаныш күштерін нығайтуға бағытталған және оны вакцинациялаумен бір уақытта жүргізуге болады. Ерекше емес профилактика ретінде иммундық түзетуші препараттар (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және басқалары), поливитаминдер қолданылады. Алдын алу әдістерінің бірі науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу болып табылады, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну қажет. Халық көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ, науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да бетперде киюі керек. Бөлменің жиі желдетілгені және ылғалды тазалық жүргізілгені дұрыс. Науқасқа жеке ыдыс бөлініп, тұрақты түрде өңделіп тұрса құба-құп. Тұмау профилактикасының маңызды әдістерінің бірі, әсіресе, ауырған кезінде немесе науқасқа күтім жасағанда қолды сабынмен немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдаланып жиі жуу болып табылады.
Иммунитетті көтеретін профилактиканың қолжетімді әдістерін де пайдалану туралы ұмытпау керек (пияз, сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптер, қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу, құрамында С витамині бар ашытқан қырыққабат, цитрус сияқты өнімдерді қолдану, сондай-ақ, белокқа бай тағамдарды қолдану). Тамақты салқын сумен шаюдан бастап контрастылы себезгі мен хауызды пайдалана отырып ағзаны шынықтыру қажет. Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті, сондықтан, ең дұрысы, респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.