немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық
Хатшылар мен деректанушылар айтса – айтқандай, керей қызы Сорқақтан «қара шаңырақтың» да, өзінің «алтын ұрықтарының» да, керей төркіндерінің де қамын кеңінен қарастырыпты. Осы үш мақсатқа жету үшін, әрине, өз мүддесіне орай, барлық бопса мен былғаққа көніпті. Бұл үш мүдде, шындығында да бопсалауға татитын мүдде. Мысалы, дүниені уысында ұстаған Күйік қаған заһарын төге: «Әмеңгерлік жолымен менің үлкен ұлыма ти» деп зекігенде, жайдары ғана: «Қаған жарлығына қалай қарсы шығайын. Алайда, менің мақсатым: балаларымды ес біліп, өз еркін өздері билегенше тәлімді етіп тәрбиелеу, бір-біріне жат бауыр етпеу, сөйтіп, олардың татулығы арқылы қағанатқа қандай да бір септігін тигізу», дейді. Орынды сөзге оспадар Күйік те уәж айта алмаған. Сондай-ақ, Толудың еншісіне, яғни, тікелей өзіне тиесілі жұлдыз (сұлдыз) тайпасынан жасақталған екі мың шерікті Күйіктің екінші ұлы Қоданның қарауына беру туралы жарлығына да ырқымен көнеді. Қарашыларына: «Үгедей қаған Шыңғыс қаған құрған мемлекеттің заңды иесі, ұлыс та, аймақ та соның дәргейінде, жер де, ел де соныкі. Сондықтан да, жарлыққа бағынуымыз керек», – деп басу айтады. Тіпті, өзінің төрт ұлына Қоданмен қолтықтасып өсуді тапсырады. Оның есесіне, Қытайдағы Хыбей аймағын: «Менің марқұм күйеуім Толу жаулап алған жер» деп, «күйікті Күйік қағанның» өзіне бермейді.
Тағы бір ретте Еуропаны жаулаған кезде Белградта тұтқынға түскен француз зергері Вильгельмді Күйік қағаннан өзіне тиесілі «заңды мұрагерлік әскери олжа» ретінде сұратып алады. Ал сол зергер (әрине, Сорқақтанның тапсыруымен жасалған) осы күнге дейін моңғол ұлты қасиет тұтып, қадарлы қада қатарында бағаланатын, төрт шүмегінен төрт түрлі шарап пен сусын ағып тұратын мықан ағаш үлгісіндегі күміс қауызды Мөңке қағанға сыйға тартты. «Сорқақтан қатын»: Толудың қара шаңырағының иесі ретінде Күйік қағаннан қағанатқа еркін «кіріп-шығатын, жеңілдікке ие «ортақшы көпестердің» құрамына мұның да саудагерін енгізуді талап етті. Қазынасының қорын молайтудың жолын осылай тапты. Сөйтіп, «шаңырақ ағасы» шораяқ Батыйдан бастап тұқыртып, «қарашыларының терісін сыпырудан тайынбайтын» Күйіктің тілін тауып, дегеніне көндірді. Үгедей бұған қоса Сорқақтанға: ордаға келіп түскен сый-сияпат пен олжаны бөліп беретін құрметті Бас бәйбішелік құқықты берді. Соның нәтижесінде, «Сорқақтан қатын» «қара шаңырақтың» төрінен дәмелі, тұңғыш ұлы Мөңке қаған болып тұрғанда және «Найманжин қатынның» тұсында (Үгедейдің ханымы) аса қуатты күшке айналды» (Рашид ад-дин).
Күйіктің осы жақсылығын керей қызы – «қара шаңырақтың бегімі» Сорқақтан қалай қайтарды дейсіз бе? Қайтаруын – қайтарды. Бірақ Үгедей мен Шағатай тұқымдарын қайтып қатарға қосылмайтын етіп, «тұрымтайлатып – тұсына, бозторғайлатып – бұтаға қонақтатып» жіберді. Күйік қаған «күйіп кетпей» үш мұратына жету мүмкін емес еді. Сондықтан да, қара шаңырақтың ағасы Батый шораяққа: «Күйік қалың қолымен сізді шапқалы аттанып барады. Сақтаныңыз!» деп астыртын хабар жібереді. Ақыры, Күйік Самарқан шаһарында белгісіз жағдайда ажал құшады. Содан кейін Күйіктің қатыны, Меркіттің қызы Үгіл-Қаймышты қайқаңдатпай, қарасын батырудың қамына кіріседі. Мөңке бастатқан ұлдарына: «Күйіктен туған ханзадалар «шаңырақ ағасын тыңдамайды, енді сендер сәлем бере барып, сырқат аталарыңның көңілін сұрап қайтыңдар», дейді. Ақылды ананың айтқаны орындалады. Шораяқ Батый батасын береді. Інілері Берке мен Тоға-Темірді Қарақорымға жіберіп, құрылтайды шақырудан бойын аулақ сап, саяқ жүрген Күйіктің тұқымдарын: құрылтайды өткізуден бас тартты-мыс дегізіп, Толудың ұлы Мөңкені ұлы қаған сайлатып тынды. Сөйтіп, «Сорқақтан қатын» алғашқы мұратына жетті.
Бұдан кейін төрт ұлының отырған тағын қауіпсіздендіруге кірісті. Онсыз олардың басынан өлім қаупі мәңгі кетпейтін. Бұл – кез келген шеше үшін ең басты үрей еді. Ол үшін Үгедей мен Шағатайдың шаңырағын ортасына түсіру қажет болатын. Шыңғыс ханның баталы қосағы, керей қызы әрі әпкесі Абике-бегімнің (Айбике-бегім) кегін Үгіл-Қаймыштан қайтармай көңілі көншімейтіні де анық. Сонымен, қағанатқа қарасты «қатындар сотының» төрайымы дәрежесін алып, келеге кіріседі. Шағатайдың немересі, Күйік хан тақтан ысырған керей қызы, сіңілісі Ергене қатының күйеуі, қазақша айтқанда, күйеу баласы Қара-Құлағуды Шағатай ұлысының хандығына қайта тағайындатады. Сөйтіп, Үгіл-Қаймыш және Тоғашы қатын бастатқан Үгедей мен Шағатай әулетінің ханымдарын «киізге орап, суға ағызды». Жетпістен аса ханшалар мен бегімдер солардың керін құшты.
Темужиннің шешесі Өлеуін-үжінмен тең дәрежеде бағаланып, өзінің ұлдарын немере ағаларының алдын орап қағандық дәрежеге жеткізген (Мөңке), жеке ұлыстарға хан сайлатқан (Құбылай – Қытайға, Құлағу – батысқа) «Сорқақтан қатын» «даңқты, сүйкімді, сабырлы және қайырымды» Алан-гуадан кейінгі «Еши-қатын» – Бесік қатын (Ханша – корень рода) деген марапатпен 1252 жылы наурыз айында Пекинде дүниеден өтті. Ол өзінің туған ұлысы керейлерге мәңгілік меншікке алып берген Гансу өлкесіндегі Чжанье қаласына жерленді. Ал осы Гансу өлкесінде дәл қазір – ескіден қалған, бірақ қытайланып кеткен көне керейлер де, ХІХ ғасырдан бастап Алтай асқан, Шұғай мен Бағылық тауын басқан кейінгі керейлер де мекен етеді. Алдыңғыларын – еңселі бойынан, етжеңді денесі мен қара қою қасынан шырамытасың. Ал кейінгілері Анадолы мен Астананың арасында емін-еркін «көшіп жүр». Осыдан-ақ «Сорқақтан қатынның» үшінші мұратына да жеткенін мойындайсың.
Ол үш мұратына ғана жетіп қойған жоқ, Үгедей мен Шағатай ұлысын да тізелетіп кетті. Ол ұлысқа Мөңке мен Құлағудың «алтын ұрықтары» себілді. Тек кіші ұлы Арық-бұға ғана өзінің туған ағасы Құбылайдың тепкісіне ұшырап, қалған ғұмыры тебін мен қуғында өтті. Жай қашып жүрмей, сыртқы Моңғолия мен Шығыс Түркістанды ойранды былғаққа ұшыратты. «Жоңғар – сол қол» атты дүлейді оятып, Сары өзен мен Еділ-Жайықтың арасын қанды шаңға көмді. Сөйтіп, керей қызы «Сорқақтан қатын» болашақ жоңғардың кіндік әкесін тербеткен «бесік анасы» болып есептеледі. Әрине, оған ойрат Құтуқа бектің қызы Ергене бегімнің де тікелей септігі тиді.
«Қаса сұлуға тән жарасымнан жаратылған, мұндай сүйкімді, бұралып тұрған сымбатты, кербез келіншектің суретін ешқандай суретші келістіріп сала алмайды» – деп Уәссап парсы тамсана суреттеген Ергене – ойрат Құтуқа-бектің ұлы Төрелші мен Шыңғыс ханның кіші қызы Шешектен туған. Ол Шағатайдың үлкен ұлы Мұтығанға ұзатылады. Бір әпкесі Елшікміш – Арық-бұғаға (есте ұстаңыз), екінші әпкесі Құбақ-қатын – Құлағуға, үшінші әпкесі – Батыйдың ұлы Тоғанға (Алтын орданың ханы Меңгі Темірдің шешесі) тұрмысқа беріледі. Осыдан-ақ Ергене бегімнің қағанаттың мысын еркін басуының себебі аңғарылады. Мұтыған төрт ұлды таптырып, дүние салады да, Ергене әмеңгерлік жолымен Қара-Құлағуға бұйырады. Ал ол «Сорқақтан қатынмен» тізгін ұшынан жалғасып, Шағатай ұлысының хан тағына отырады. Есу-Мөңкенің ханымы Тоғашы-қатынның бұған көрсеткен қорлығына – қорлық көрсетіп жауап береді. Күйеуі Есу-Мөңкенің көзінше Тоғашы-қатынның он екі мүшесін бір-бірлеп сындырып, қинап өлтіреді.
Таққа отыруға бет алып бара жатқан жолда – Алтай аңғарында Қара-Құлағу көз жұмады. Одан туған жас бала Мүбәрәкшаһты ұлыстың ханы етіп бекітеді. Сөйтіп, Ергене-бегім Мөңке қағанның жарлығымен «аманат билік иесі» деп жарияланады. Мөңке мен Жошы ұлысы – Шағатай мен Үгедей әулетінің шығысы мен батысын қосып алып, Ергене-бегімге «елеусіз ғана үлес – «оңтүстік батысты» қалдырып еді. Ал мұның өзі тұтастай Мәуренаһр өңірін қамтитын. Ергене-бегім билеген тұста дінге еркіндік берді, ұлы – Мүбәрәкшаһ мұсылмандыққа өтті. Ұлы қағанның жарлығына сай Ергене-бегімге: «Шағатай мен Үгедей әулеті дерліктей мойынсұнды. Әкімшілік пен аймақты тәртіпке келтірді, қаржы-қаражатты есепке алды. Мұсылмандар мен пұтқа табынушылар тату тұрды. Бағдат халифтарына жорыққа аттанған Құлағуды Алмалықтағы ордасында салтанатпен қарсы алып, бір жыл күтті. Бұл шағатай ұлысының алтын дәуірі еді. Тіпті, ұлыстың атын «Ергене ұлыс» деп атауға дейін барды», – деп тәпсірлейді жазба иелері.
Бірақ 1259 жылы Мөңке қаған дүниеден өткен соң ұлы қағанаттағы ұлы былғақ басталды. «Сорқақтан қатынның» екі ұлы – Құбылай мен Арық-бұға «ұлы жұрттағы» «қара шаңырақ» үшін таласқа түсті. 1260 жылғы құрылтайда екеуі де хан деп жарияланды. Ал бір қағанатта екі хан болмайды. Құбылай – қытайда «Моңғол империясын» – «Юань патшалығын» құрды. Сол құрылтайда Ергене-бегім ойрат қызы, туған әпкесі Елшікміштің күйеуі – Арық-бұғаға қолдау көрсетіп, бұрынғы ұлы қағандардың ұлы – Асутай мен Ұрынтастың (Мөңке), Алғидың (Шағатай немересі) дәргейімен таққа отыру салтанатына қатысты. Құбылай мұны құп көрмей Шағатайдың тағы бір тұқымы Абышқаны ұлыс ханы етіп жариялап, Ергене-бегімді тұтқындауға жарлық берді. Алайда, Арық-Бұға оны жол үстінде қолға түсіріп, өлім жазасына кесті. Ергене-бегімнің де еңбегін еш кетіріп, ұлыстың билігін Шағатайдың немересі Алғиға берді. Алғи да Арық-бұғаға «осы сыйды» көрсетіп, Құбылайға қарсы әскер жинауға жіберген елшілерінің жанын жаһаннамға жіберіп, Құбылай жаққа құбылып түседі. Алайда, Арық-Бұға Іле өзенінің бойындағы бас астана – Алмалықты басып ап, Алғиды қашқын атандырады. Бұл жеңіс те ойраттың күйеу баласын ұшпаққа жеткізбейді. Әскері аштыққа ұшырап, Құбылайдың қоршауында қалады. Үлкен ағасынан кешу өтінеді. Ал бұл аралықта Атбасыдағы (Атбашы, Ыстықкөлдің жағасы) ордасында бас сауғалайды. Ұлыстың қарашыларының арасында орасан беделге ие Ергене-бегімге Алғи сөз салады. Ұлы Мүбәрәкшаһты таққа отырғызуға уәдесін алып, Ергене-бегім үшінші рет төсек жаңғыртады.
Еліне жаққан Ергене-бегім біздің ұстанымымызға тікелей қатысты: ойрат хандығын құруға, яғни, Арық-бұғаны құрылтайда хан сайлатуға ұйытқы болғаны, сол арқылы ойраттарды тақтан дәмелендіріп, тақ мұрагерлігіне таласқа түсіп, ойраттардың тарих сахнасына шығуына мүмкіндік берген демеуі үшін әфсанамызға арқау болды. Хандыққа кәніккен Арық-бұғаның қайынжұрты бірте-бірте Шыңғыс қағанатының шаужайына жабысты.
Ал ойраттардың рухын ұйытып, сөйтіп, болашақ қазақ хандығының «ата жауының» сана бесігін тербеткен – қоңырат Дай шешенің ұлы Алғидың қызы Шәпи еді. Қағанаттың қызығын алаңсыз көрген Шәпи қыз – төрт құбыласы түгел, қамсыз бой жетті. Бөрте үжіннің сіңілісі, шораяқ Батыйдың балдызы (Үкі қатын – туған әпкесі, «Сорқақтан қатын» «киізге орап, суға ағызған» Қатағаш қатын жиен әпкесі) болатын. Құбылайды құрығында ұстау үшін Мөңке қаған келіні Шәпиді өзімен бірге жорыққа алып жүрді, яғни, аманатқа ұстады. Мөңке іш сүзегінен, не қаңғыған оқтан қаза тапқанда қағанды жоқтаған үш қатынның бірі осы Шәпи. Қара шаңырақтың иесі Арық-бұғаның: «құрылтайдың қауіпсіздігін сақтау үшін» деген сылтаумен Құбылайдың әскерін өзінің қарауына жіберу туралы жарлығын күйеуіне кешіктіріп жеткізіп, алдын ала сақтандырған да Шәпи. Құбылай Арық-бұғаның қағандығын мойындамай, дербес қытай патшалығын (Юань) жариялағанда «қағанат қатын» – императрица боп жарияланды.
Сөйтіп, азамат соғысы басталып, ақыры Құбылай жеңіске жетті. Шәпи – Құбылай қағанның өзі сөзін екі етпейтін ақылман ханым болды. Күйеуін талай рет әбес шешімнен қақпайлап қалды. Ал өзінің жеке басына келсек: ғылым мен өнерге ерекше ықылас қосып, қолдау көрсетті. Ұрпағының қамын ойлап, олардың «мың жылда да тақтан түспеуіне алаңдап» өмір сүріпті. Көрпенің құрағын да рәсуа еткізбейтін шебер, қойдың сирақ терісін сыпыртатын сараң аты шығыпты. Күйеуі Құбылай садақ тартқанда көзіне күн түспес үшін күнқағарды ойлап тапқан да Шәпи көрінеді. Бұл күнқағар кейін қағанаттың бас киімінің тұрақты үлгісіне айналыпты. Ал Шәпидің ең ұлы ісі – пұт дінін моңғол мемлекетінің ресми дініне айналдыруында. «Хан – империяның иесі, лама – рух патшасы» деп жариялатты. Пагба ламаны «Дін қорғаны» деп дәріптеді. Алғашқы пұтхана мектебін ашты. Тибет – рух байтағы атанды. Шәпи сол арқылы ойрат тұқымын «рух патшалығына» жеткізіп, қағандықтың заңды үміткері етті.
Шәпи төрт ұл, бес қыз тапты. Жылнамашылар мен хаткерлер Шәпи «асқан сұлу әрі талантты» деп жазды. Р.Ю.Почекаева мен И.Н.Почекаевтың айтуынша, «Юань» әулетінің патшайымдарының ішіндегі бізге жеткен, әлде қытай, әлде моңғол, әлде түркі суретшісінің қылқаламына ілінген бейне де осы Шәпидің портреті. Осында Шәпидің дидары Пұттың, яғни, Будданың портретіне ұқсатылып салынуы патшайымға көрсетілген үлкен құрмет.
Пұт құдайының атажұрты Тибетті, яғни, таңғұттарды мемлекетке – қағанатқа бағынбайтын, алым-салық төлемейтін, әскерге адам бермейтін, қағанмен тең құқыққа ие, «екі заң», «екі билік» қатар жүретін «рух патшалығы» – деп жариялатқан Шәпиді пұт тақуасына ұқсатса – ұқсатқандай еді. Лама – «ақылдың кені», «әдептің әдібі», «тіршіліктің тігісі», «жанның ұясы» деп танылды. Қаған таққа отырғанда таңғұт ламасының батасын алу «қасиетті парыз» ретінде саналды. Кім де кім Бас ламаның батасын алмаса, не Тибеттен жолдаған жазбаша келісімін алмаса, құрылтайдың шешіміне қарамастан, заңсыз тақ иесі – деп есептелді. Пұт дініне мұндай басыбайлы табыну Құбылайдың патшалығын ғана емес, бүкіл моңғол қағанатының тәркі дүниеге көшіп, іштей божырауына алып келді. Заман өте, еркек кіндік атаулының тұқымы қалмай жорыққа аттанып, ержеткен ұлдың барлығы қағанат кешіктені – ұланы қатарына алынып, «қара шаңырақта» тек қатын-қыздар ғана қалған тұста, еркек тұқымды сақтап қалу үшін шешелері ұл атаулының барлығын «кешілдікке» берді. Ал олардың үйленуіне пұт рәсімі бойынша тыйым салынатын. Сөйтіп, ұлы қағанаттың «қара шаңырағы» – ондап қатын алып, отыз-қырық бала таптыратын «алтын ұрықтардың» ұлан-ғайыр ата мекені – өсімсіз қалды.
Ақыры, бес ғасыр бойы «белі суыған қағанат» – қытайланып, таңғұттанып, түркіленіп, арабтанып, парсыланып, орыстанып, ойраттанып тынды. Пұт діні – ұлыстық дінге айналып, ұрығын ұйытқан «ойрат жиендер» – таңғұттардан тәлім алып, дін басы, «алтын ұрықтың» қонтайшысы – жиені атанды. Арық-Бұға ханның сенімді шерігі, қағанаттың қормалы, Құбылай қағанның дін тірегі атанған ойраттар «тоқаш тойынан» кейін (1368) қағанаттың заңды «солтүстіктегі сол қолынан» – жоңғарға, еуропалықтардың атауынша «көшпелілердің соңғы империясына» немесе «соңғы көшпелілер империясына» айналды. Бұл империя – батыс қағанатқа – барунғарға, яғни, «Алтын ордаға» ұмтылды. Ал ол жолды қазақ даласынсыз аттап өте алмайтын. Ойраттар «рух патшалығына» қандай құдіретпен ие болса да, екінші билікке – мемлекет билігіне дербес әскер жасақтамай, өз ішінен хан сайламай ие бола алмайтын.
Қоңыраттың Шәпи қызы берген «рух иелігі» құқына ойрат қызы Мандухай «тақ иелігі» құқын қосып берді. Мұндай ұлы мүмкіндік Шыңғыс ханның өзінен кейін ешкімге берілмеген еді.
Мұқым қытайдың келешек тағдырын анықтап, жалпыға ортақ пұт дінін кіргізуі арқылы оларды бір таным мен мүддеге біріктіріп кеткені үшін де Шәпи патшайымға миллиардтар елі қарыздар.
Бірақ, Шәпидің «Шан дуды» – Көкжайлауды жазғы сарай еткен ақылының қайыры ұзаққа созылмады. 1368 жылы «тоқаш тойы» басталып, моңғол империясының ұлы қағаны Тоған-Темірді қытай жерінен қуып шықты. Жоңғардың – жоталануы, жоңғарлардың, соған ілесе моңғолдардың, соларды өкшелей қуған мәнжулердің, сол «жорық көшінің» орнын иемденіп қалған кейінгі қытай империясының қазақ даласына қарай жаппай қотарылуы осы «тоқаш тойына» тікелей қатысты. Мұны білмей, біздің ұлтымызға зауал боп төнген «жоңғар шапқыншылығының» түпкі мәтібін түсіну мүмкін емес. Сондықтан да, осы арада қысқаша қайыра кетеміз. Оның мәнісі мынадай: моңғолдарға әбден кектенген қытай шектілері оларды қалайда құлатуға тырысады. Сол мақсатқа жету үшін, наубайханада пісірілетін тоқаштың ішіне: «1368 жылы қыркүйектің 31 жұлдызы күні түнгі сағат 12-де әркім өзінің моңғол қожайынын өлтірсін. Сол сәттен бастап ұлт-азаттық көтеріліс басталады», – деген жасырын үндеу салып таратады. Сол кездің өзінде жүз миллион қаралы қалың қытай бір түннің ішінде паң-шұңсыз жатқан моңғол-қожайындарын шетінен бауыздап шығады. Дереу Ханбалықты (Бейжіңді, яғни, солтүстік астананы) басып алып, моңғолдың соңғы қағаны Тоған-Темірді Көкжайлауға – Шандуге ығыстырады. Келер жылы 20 шілде күні одан да қуып шығады. Тоған-Темір келер жылы, яғни, 1370 жылы қазіргі Ішкі Моңғолияның Тұңияу аймағында құсадан өлді.
Осыдан кейін моңғол империясы алғашында: шығыс-солтүстік, батыс-оңтүстік хандығы болып екіге бөлінді. Бірі – негізінен халха моңғолдар, қытайлардың бодан хандығы, екінші жартысы – Арық-Бұғаның дәргейіндегілер жартылай дербес хандық құрды. Тоған мен Есеннің ойрат хандығы тарих сахнасына шыққанда аумалы-төкпелі өмір сүрді. Ақыры, әуелі – қытайдың Миң патшалығының жаяу шеріктерінің екпінінен, содан кейін мәнжулердің атты әскерінің тепкісінен ығысқан жоңғарлар қазақ даласының етегін басты. Ұлы қазақ-ноғай даласынан басқа олардың жаны қонақ табатын кеңістік те қалмап еді. Ал Сарыарқа мен Ертіс, Еділ-Жайық, Сырдария бойында оларды тағы да сол сонау Сарыөзен (Хуанхэ) мен Сардалада (Ордоста, бүгінгі ҚХР-дағы Ішкі Моңғолияда) «мәңгілік қалған» жалайырлардың, наймандардың, меркіттердің, қоңыраттардың, алшындардың екі жүз елу жыл бұрын батысқа ығысқан екінші жартысы қылышын жалаңдатып күтіп тұрды. Олар өзінің бұрынғы ру атауларына ортақ алаш ұранын алып, Қазақ хандығын құрып, ұлт болып ұйып келе жатыр еді. Ойраттардың тілдік және әскери дәстүріне бейімделген түркітектестер бірте-бірте моңғолтілдене бастады. Бұларды, қазақтар (қалғандар, мәңгілік сонда қалмақ» деп) сол ғасырдан бастап оларды «қалмақ» атандырды. Кейін бұл атау «жоңғарларға» бұйырды.
Сол «тоқаш тойынан» кейін араға ондаған жылдар салып барып қағанаттың ойрат пен қытайға, мәнжуге кеткен қарымын ойрат қызы Мандухай қайтарды және жай қайтармай, ойраттардың жалын күдірейтіп кетті.
Аты аңызға айналған «Шыңғыс қағанатын мүлдем құрып кетуден сақтаған», «қағанаттың құтқарушы анасы», «Шыңғыс қағанның рухын оятқан», «данышпан ханым», «Шығыстың Жанна д* Аркі» атанған, кейінгі қазақ хандығының «ата дұшпаны» – жоңғарлардың тарих сахнасына шығуына мүмкіндік берген даңқты «Мандухай қатын» кім еді және алтын ұрықтың хандары мен ханзадаларының бір де бірі жетпеген даңққа ойрат қызы Мандухай қалай жетті? Тағы да сол ерлі-зайыпты Роман мен Ирина Почекаевтардың пайымдауымен қысқаша тәпсірлеуге көшеміз. Ұстанымымыз – ұғымды болуы үшін осы оқымыстылардың: «Сонымен қатар, жоғары билікке ұмтылғандардың ішінде, Шыңғыстың өз әулетіне жатпайтын, Шыңғыс ханның аға-бауырларының тұқымдарымен қатар, «алтын ұрыққа» әйелдер (қатындар) әулеті жағынан алыстан кеп қосылатын жиендер – ойрат ұлысының билеушілері де болды» – деген пікірін назарға іліктіре кетеміз.
Сонымен, Мандухай қыз кім?
Әлқисса, мұны пайымдамас бұрын, өткенді еске түсіре кетуге мәжбүрміз.
«Алтын ұрықтың» тозығы шыға бастаған тұсында бойжеткен Мандухайдың болашақ бақ-талайын анықтап берген де сол азған ұрпақтың арсыз нәпсіқұмарлығы еді. Тақ мұрагерлігі үшін ғана емес, бірінің әйеліне бірі құмартып, ағасы туған бауырын өлтіріп, келінін бауырына басты. Сондай бейбастыққа Елбек хан да (1392-1399) барып, туған ұлы Қарғысұқ қонтайжыны ойраттардың көсемі Құқай-тайдың қолымен өлтіріп, келінін қойнына салды. Бірақ Үлзейті үжін намысты болып шықты. «Жеңгетайың Құқай-тай мені зорламақ болды» – деп ақ төсіне ырықсыз қонған құзғынды арандатып тынды. Елбек хан «женгетайын» табан астында өлтірді. Кейін мұның жалған екендігі анықталған соң, өзінің туған қызы Самурды «жеңгетайының» ұлы Батулы-шинсанға ұзатты. Соған қарамастан, Құқай-тайдың ұлдары әкесінің кегін кектеп, Елбек ханды өлтіріп тынды.
Осы арада жоңғарлардың «кекті бесік енесі» болып табылатын және біздің тақырыбымыздың нысанын ашатын моңғол-ойрат арасындағы «Үлзейті келін» туралы әфсананы толық келтіруді орынды санадық.
Әлқисса, «Елбек хан ит жылы (1394) таққа отырды. Бір жолы аңға шыққанда қар үстінде өліп жатқан ақ қоянды көріп: «Еті қардай аппақ, ал ажары мына қан сияқты қырмызы әйел бар ма екен дүниеде?» – деп нөкерлерінен сұрайды. Сонда ойрат Құтқай-Тафу (Құқай-тай) өзінің сорына орай: «Неге болмасын, бар» – деп жауап береді. «– Ол кім? Көруге болмас па екен?» – дейді ынтығып. « – Егер сіз оны шынымен көргіңіз келсе, айтайын, ол сіздің туған келініңіз» – дейді Құтқай-Тафу. Сонда Елбек хан Құтқай-Тафуға: «Уа, көрмегенді – көргізген, шөл қандыратын алыстағы сусынды аңсаттырған, сен, менің Тафуым, жөнел де жолын тап!» – дейді. Ол Бегеджі (Үлзейті) келінге: «Сіздің айдай жүзіңізді бір көруге құмартып, мені жеңгетайлыққа жіберді» – деп ханның сәлемін жеткізеді. Бегеджі келін ашуланып: «Жер менен көк қосыла ма екен, өзінің келінін ханның өзі қойнына сала ма екен? Қара төбетке ұқсаған әкесінің қылығын ханның ұлы Дүгірен-Темір көрсе қайтеді?» – деп жауап береді. Келінінің бұл сөзін көңіліне де алмастан нәпсінің буы көзін байлаған Елбек хан өзінің туған ұлын өлтіріп, келінін қойнына салады. Даруға дәрежесінен дәметкен Құтқай-Тафу ордаға келеді. Бегеджі (Үлзейті келін) Тафуды отауына шақырып, ханды осында күте тұруын өтінеді. Өзі екі қалталы торсық алдырып, бір жағына ең зәрі күшті шарап, екінші қапталына кәдімгі су құйып, суды өзі ішіп, Тафуға: «Сен менің аз беделімді зорайттың, менің мәнсіз тәнімді мәнді еттің, Бегеджі келін атымды – «қатын» (императрица) еттің. Кел!» – деп шарап ішкізіп, сылқита мас қылады да, Тафуды өзінің төсегіне жатқызады. Содан кейін шашын жайып жіберіп, бетін тырнап жыртып, ханға: «Сен жоқта Құтқай-Тафу мені зорлады» – деп шапқыншы жібереді. Ашуланған Елбек хан Құтқай-Тафуды қуып жүріп өлтіреді. Өзінің бір саусағынан айырылады. Құтқай-Тафудың жон арқа етін білеулей тіліп «қатынына» сәлемдеме ретінде жолдайды. Бегеджі келін ханның саусақ қаны мен Тафудың жон етінің майын шырынға қосып шайқап жіберіп: «Өзінің ұлын өзі өлтірген ханның қаны мен менің мырзамның өліміне себепкер болған Құтқай-Тафудың жон майы маған тәбәрік боп бұйырыпты. Міне, қатынның кегі қарымтасымен қайтты деген осы! Бәрібір бір өлім!» – деп ішіп салады. Өзінің кінәсін өзі мойындаған хан әрі келіні, әрі қатынына жақ аша алмайды (Е.И.Кычанов). Ал Құтқай-Тафудың жазықсыз екеніне көзі жеткен Елбек хан оның ұлдары – Банула-жайсан мен Үгуші-хашиғудың қарамағына 40 мың ойрат жасағын береді. Олар 1399 жылы Елбек ханды өлтіріп, әке кегін қайырып, моңғолдардан бөлініп шығып, ойрат ұлысын құрады.
Міне, жоңғар қонтайшылары өмірге келген кекті бесіктің алғашқы «қанды әлдиі» осындай.
Ал Елбек ханның қызы Самур ханшайымнан туған Тоған мен Есен қонтайшылар, яғни, жиендер, 1438 жылы Үгедейдің немересі Адайды өлтіріп, үлкені – Тоған хан тағына отырды. Ол бүкіл ойраттың басын қосқан соң енді мұқым моңғолды біріктіруге ұмтылды. 1440 жылы қытайға жорыққа аттанып бара жатып, жолай Шыңғыс ханның әруағы қонған «сегіз ақ боз үйге» тәу етеді. Рәсім кезінде: «Сенің қағанат құрған кезіңдегі ұрығыңнан менің бойымдағы ұрық еш кем емес» – дегені үшін қағанның әруағының қарғысына ұшырапты-мыс. Киіз үйден сыртқа шыққанда арқасына қадалған екі жебенің жарақатынан қан саулап тұрыпты. Бұл қадалған жай жебе емес, қағанның қарғыс жебесі екен-мыс. Бірақ, тарихшылар Тоған хан өзінің ойраттарының, не қытай жансыздарының қолынан қаза тапты деп пайымдайды.
(жалғасы бар)
Тұрсын ЖҰРТБАЙ.