Батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы – Баукең айтпақшы, «сүйек-еттен жаралған адам» болғасын бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды-ақ. Жақында осындай пәнәйі себеппен Астананың №8 емханасына бара қалдық. Жамағатымыз дәрігерлер науқастарды қабылдайтын кабинеттер алдындағы ұбақ-шұбақ кезекке мұрнын тыға алмай, мазаланып әуре-сарсаңға түсіп жатқанда біз бұл көріністі ұзақ қарап тұруға жүрегіміз шыдамайтынын, сабыр-дәтіміз жетпейтінін аңғарып шеттей бергенбіз. Содан бос тұрғанша деп қабырғаға ілінген көрнекіліктерге көз жүгірткеніміз сол еді, бұл арада да көңіліміз су сепкендей басылып қалды.
«Неге» дейсіз ғой? Өте орынды сұрақ. Айтайық. Сырттай қарағанда әдемі көрінетін стендке түрлі плакат, жарнама, емделушілерге арналған ақыл-кеңестер ілініпті. Ең басына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ауыз сөзі келтіріліпті. Қазақ және орыс тілдерінде. Қош делік. Стенд тақырыбына: «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» деп жазылыпты. «Салауатты» деген сөздің қате жазылғаны өз алдына. Ол «Саламатты» болуы керек еді ғой. «Здоровый образ жизни» дегеніміз қазақ тілінде «Саламатты өмір салты» деп алынып келе жатқалы қашан. Одан қала берді, сонда 8-ші емханадағы абзал жандар «Саламатты Қазақстан» бағдарламасынан да бейхабар болғаны ма?
Одан әрі Елбасы сөзінен келтірілген сөйлемде тағы әріп қатесі жүр. Оны ежіктеп жатпай-ақ қоялық. Тек бұл сілтеменің соңында «Қазақстан-2030» деп көрсетілуіне қайран қалдық. Ойпырым-ай, бүкіл Қазақ елі, міне, төртінші жылға қадам басты, «Қазақстан-2050» бағдарламасымен жұмыс істеп, қиянға құлаш сермеп жатқанда, 8-ші емхананың жарандары бұған селт етпей, шабан аттай шегіншектеуі қалай өзі?.. деген қынжылысты ой кештік. Олар неге уақытпен бірге қадам баспайды, жаңалықты неге жатсынады? Осы селқостық, самарқаулық халыққа дәрігерлік қызмет көрсету сапасының төмендеуіне де әсер етіп жатқан жоқ па екен? Өйткені, енжарлықтың қай түрі болсын етектен тартары анық қой.
Назар ҚАСЫМ.