23 Қаңтар, 2016

«Аққұм» – ең үздік бастауыш ұйым

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бастауыш партия ұйымдары бүгінде «Нұр Отан» партиясының негізгі тірегіне, шынайы күшіне айналды десек артық айтқандық емес. Сондықтан болса керек, өт­кен жылды партия бастауыш партия ұйымының жылы деп жария­лап, осының аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Солардың бірі – «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы. Шараның басты мақсаты – еліміз бойынша үздік бастауыш партия ұйымын анықтау және олардың жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарында тарату, партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну, білікті және белсенді бастауыш партия ұйымы төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру және қоғамдық қабылдаулар жұмы­сын жетілдіру мен партия қызметіне қоғамдастықтың назарын аудару. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл об­лыстық филиалында 399 бастауыш партия ұйымы бар. Солардың ара­сынан 30 бастауыш партия ұйымы іріктеліп, облыстық байқауда бақ сынады. Содан оза шыққан 3 же­ңімпаз ұйым республикалық сайысқа жолдама алған болатын. Республикалық байқауға 5000-нан астам БПҰ қатысып, оның ішінде 16 БПҰ іріктеп алынды. Олардың қатарынан Жамбыл облысы, Талас ауданының «Аққұм» бастауыш партия ұйымы да көрінді. Байқау қорытындысы бойынша аталған бастауыш партия ұйымы «Үздік бастауыш партия ұйымы» аталымы бойынша бірінші орынды иеленді. Ұйымның жетекшісі – «Төлебай» шаруа қожалығының төрағасы Арқабек Төлебаев. Республикалық додада мерейі үстем болған бастауыш партия ұйымы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынба­сары Асқар Мырзахметовтің қолы­нан «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» дипломы мен 700000 теңге қаржылай сыйлық алды. Бұл марапаттың партия облыстық филиалының беделін арттырумен қатар, «Аққұм» бастауыш партия ұйымының да белсенді жұмысын өзгелерге үлгі етері даусыз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.