Елбасының кез келген шығармашылық еңбегі жүрекке жалын қосып, кеудені сілкініске түсіретіні бар. Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы дәл сондай. Оның үстіне, бұл еңбектің жыл басында жариялануының маңызы ерекше. Өйткені, жыл басы жаңа мақсаттардың, жақсы ниеттердің қайнарындай қуат төгеді. Тәуелсіз елдің мақсаттары да биік. Бұған жету әсте оңай болмаған. Сондықтан, Елбасының әрқайсымызға ой салып, мақсат пен арманды ұштастыра айтуы сол мақсаттың қаншалықты маңызды екендігін айқындайды.
Біз арман жетегіндегі халықпыз. Ол ешқашан үзіліп көрмеген. Мақалада арманның мемлекеттік тұрғыдағы мерейіне, оның жалқы болмайтындығына ашық сипаттама берілген. Біз Президенттің «Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Біз, қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік көпэтносты қоғамымыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік», – деген жарасты тұжырымына жарыса қол соғамыз.
Елбасы айтқандай, «әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді». Біз ұлық арман мен оның жүзеге асқан дәуірінің ұрпағымыз. Біз оның бағасы мен қадірін айқын ажырата аламыз. Халқымыздың, заманымыздың заңғар ұлының көрегендігі арқасында өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі екендігімізді сезініп, жаңа технологияларды ғылыми негізде меңгерумен қатар тарихымызда ешқашан болып көрмеген өндірістік қуаттар мен экономиканың тұтас салаларын іске қосуға ұмтылудамыз. Осы арқылы Қазақстан экономикасының нақты табыстармен, ұлттық байлықтың және халық игілігінің өсімімен нығая түсетінін санаға тоқып, басшылыққа алдық. Және, «ең бастысы – біз жаңаша армандауды, Тәуелсіз Қазақстанымыз бір бөлшегі болып отырған жаҺандық әлемдегі қиындықтарға қарамастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік».
Армансыз әсте алға басу болмайды. Арман алашапқын бәйге де емес. Елбасы арманымыздың кезеңдік туын былайша желбіретеді: «Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар. ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз». Оңай дүние арман болмайды. Президент қоғамды қозғалысқа салып, жауапкершілік жүгін еселеп отыр. Сонымен бір мезетте, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдары арқылы оған жетудің жолдарын, орындалуға тиісті міндеттерді саралап та, салалап та көрсетіп беріп отыр.
Осы ретте, ғаламдық өсудің ғылыммен байланыстылығын алға шығара айтқанымыз жөн. Елбасы бұған қаратып: «Біз ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз. Бұл орайда бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялы өндірістердің сыни массасын өсіруге қол жеткізу маңызды», дейді. Аталған тұжырым біз айналысатын салаға, яғни орман алабының тиімділігі мен сапасын арттыруға да тікелей қатысты. Қатарының қалыңдауын аңсаған халқымыз «Ормандай елің болсын» дегенді жай айтпаған. Мағына кең тармақты болғанымен, орманшы ғалымдарға жүктелер міндет ауқымды. Жер шары тұрғындарының табысын қамтамасыз ете отырып ормандар дүниежүзілік экономикада аса маңызды орын алады. Сондықтан, қымбат қазынамызды қорғау, оның шеңберін кеңейту өткір мәселе күйінде толғандырады. Келесі жылы 60 жылдығын атап өтетін ғылыми-зерттеу институтының ұжымы бұл міндетті абыройлы атқаруға атсалысуда дей аламын.
Уақыт талабына сай бірнеше құрылымдық өзгерістерді бастан өткердік. Қазіргі күні өзіміздің тікелей міндетімізге сай ғылыми әлеуетке ие болдық. Еліміздің барлық аймағын қамтитын үш ірілендірілген филиалымыз бар. Бурабайдағы бас мекеме бес секторға бөлінетін үш ғылыми бөлімді, экологиялық мониторинг зертханасын біріктіріп, дендробақ пен арборетумның қызметін үйлестіреді.
Институттың негізгі міндеті – орман шаруашылығын жүргізудің ғылыми негіздемелік жүйесін қалыптастыру және Қазақстанның әртүрлі табиғи аймақтарында ландшафттық құрылымдағы қорғаныштық орман өсіру. Еліміздің орман қоры мен экологиялық апат аймақтарындағы (Балқаш өңірі, Арал теңізінің құрғаған жерлері) агроорманмелиорациялық қызметтің тиімділігін күшейту, көгалдандыру мақсатындағы алқа ағаштар түрін көбейту мен оның жерсінуін қамтамасыз ету жұмысымыздың басты арналарын құрайды.
Ғылыми-зерттеулер 46 тақырыптан бастап, басым бағыттағы ауқымды іс-шараларды қамтиды. Салалар бойынша мейлінше қысқартып айтсақ, сүрекдіңділердің өнімділігін болжаудың ғылыми негіздемесі, олардың құрамы және шығу тегі, қарағай мен қайың бүршіктері қорына есеп жүргізу бойынша ұсыныстар, орман байлығын пайдалану өлшемін жетілдіру, ормандарды қайта түлетуді кезеңдер бойынша реттеуге бағытталған ұсыныстар дайындалып, қолданысқа енгізілді.
Көңіл өсірерлік жетістіктер қатарында, 8 жылдық еңбегіміздің нәтижесі бойынша желегі пирамидалдық түрдегі қарағайдың теңдессіз әрі өте әсем морфотүрлері сынақтан өткізіліп, «Бұланды» және «Сымбатты қарағай» сорт-клондарын алуымызды айтуға болады. Сондай-ақ, «Бурабай-30», «Ұрымқай-38», «Ұрымқай-53» тұқымды қарағайларға сұраныс айрықша жоғары. Институтымыз 2009 жылдан бастап ағаш түрлерін клонды микрокөбейту бағытында жұмыс бастап, боз арша мен жөке тұқымының тамырлануы мен өркен жаюына арналған қоректік орталар дайындады.
Астананы абаттандыру, оның агломерациялық ауқымын көркейту жалпыхалықтық іске айналды. Қысқа мерзімде бой көтерген ғажайып қала отандастарымыздың рухын аспандатып, ғаламат жоспарлар түзуге жігерлендірумен қатар, әлемдік кеңістіктегі мақтаныш сезімін тудырды. Оның бір парасы жанға жайлы жасыл желегінен де көрініс табады. Елбасы Н. Ә.Назарбаев Астананың жасыл белдеуін кеңейтіп, оның көлемін 75 мың гектарға жеткізу тапсырмасын қойып отыр. Бұл қатал климаттағы далалық аймақта әрі орасан зор аумақта жасыл белдеу құрудың әлемдегі ең бірінші жобасы.
Қазір 100 мың гектар алқапта жобалау-іздестіру жұмыстары атқарылды. Онда институттың әдістемелік ұсыныстары басшылыққа алынған. Ғалымдарымыздың нұсқаулықтарына сәйкес, көгалдандырудың қолжетімді бағыттары айқындалды. Сұрыптау нәтижесінде, өскіндер тұқымының 60 түрі сынақтан өткізілді. Келесі зерттеулеріміз қорғаныштық алқаптардағы ағаштың 13 түрінің мейлінше төзімділігін көрсетті.
Тәтті арманның құсқанаты болуға тиісті. Президент мақаласында сенім қуатындағы мынадай сөздер бар: «Біз өзіміздің жаңа арманымызға жақындауды Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын жасаудан бастадық. Осы жаңғыртуларға шешуші рөл беріліп отыр. Олар Қазақстанды, оның экономикасын, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін шешуге даңғыл жол салады. Олар планетадағы аса дамыған мемлекеттерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жаңа лайықты жағдайлар қалыптастырады. Біздің Қазақстанымыз серпіндірек, лайықтырақ, сенімдірек және дәулеттірек болады». Әмәнда жақсылыққа ұмтылған жақсы. Бұл Алланың нұры шашырап тұратын жол. Біз мақсатымызға жетеміз!
Болат МҰҚАНОВ,
Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ директоры, АШҒ академигі, Бурабай ауданының құрметті азаматы.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.