26 Қаңтар, 2016

Полицейлер сатып алған катер құны – 958 мың 488 еуро

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырау облыстық ішкі істер департаментіне арнайы мақсаттағы       FB 38STAB SF катері 2013 жылы мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық конкурс нәтижесімен алыныпты. Катердің жалпы құны 178 млн. 571 мың теңгені (қосымша құн салығынсыз) немесе 958 мың 488 еуроны (қосымша құн салығын қосқанда) құраған. Осыған орай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі төмендегі деректерді хабарлады. «Жеткізушінің ақ­па­раты бойынша, катердің жалпы құнына келесі шы­ғындар кіреді: 95 мың еуро – қосалқы жабдықтар: на­вигациялық жабдық, радар, Intercom жүйесі, кемені басқарудың (порттағы ма­­­­неврлер) ішкі блогы, ка­тердің артқы жа­ғын көр­сету камерасы, қару қоя­тын тұғыр, катердің ал­дыңғы бөлігіндегі айналатын орындық; 25 мың еуро – Алматыға дейін жет­­кізу, сақтандыруды қоса есептегенде; 117 мың еу­ро – елге кіргізгендегі баж са­лығы, 20% есептеу; 84 мың 240 еуро – им­порт­тық 12% қосымша құн са­лығы. Осылайша, ке­дендік рәсімнен кейін к­атердің өзіндік құны 786 мың 240 еуроны құрады, дис­трибьютордың маржасы – 20% (157 мың 248 еуро); 15 мың еуро – сатып алуды қар­жыландыру, банктің ақша аудару комиссиясы. Нәтижесінде Атырау қа­ла­сында катер бағасы 958 мың 488 еуроны (сол кез­де­гі бағаммен 196 млн. 490 мың 40 теңге) құрады», де­­лінген Атырау облыстық іш­кі істер департаменті та­­­­рат­­қан арнайы хабарламада. Бұл катер Каспий те­ңі­зінің акваториясында патрульдік-инспек­циялық қызмет атқару үшін арнайы жабдықтармен жа­рақ­талған. Катер әрқай­сысының 500 ат күші бар қос дизельдік қозғалтқышпен жарақталған. Жалпы қуаты, 1000 ат күшіне тең. Оны бра­коньерлер «Шайтан» деп атайды екен. Ең жоғары жылдамдықпен жүретін катермен «су полициясының» қызметкерлері заңсыз айналымнан 166 тонна балық, оның ішінде, 5 тонна бекіре тұқымдас балық, сонымен бірге, 200-ге жуық жүзу құ­ралдары тәркіленгені айтылады. Алайда, катердің қай елден тапсырыспен са­тып алынғаны туралы мәлімет жоқ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.