26 Қаңтар, 2016

Давос: Қазақстанның келешегі кемел

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум биылғы жылы әлем экономикасы өзінің өсімі өрісінде көптеген кедергілерге тап келетінін көрсетті. Сондықтан да Швей­царияның осы қаласына жиналған жаһан сарап­шылары мен мамандары тұйықтан шығудың жолдары мен тәсілдері турасында пікір алмасып, ой бөлісті. Ол сонымен бірге, бар­лық жерде және барлық сипатта жағдай­дың тым қиын емес екеніне де көз жеткіздірді. Осы алқалы жиында Қазақ­стан­ның да өз мүддесі мен мақсаты болды. Ол негізінен мұнай бағасының күрт түсіп кетуіне байланысты ел экономикасын әртараптандыру мен төртінші өнеркәсіптік революция мәселелері төңірегінен өрбіді. Қазақстан лидерлері мұның жай-жапсарын респуб­ликада соңғы уақыттары қолға алына бастаған экономикалық реформаларға арналған арнайы форумда тарқатып айтып берді. Жиында сөз алған Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Мұнай мен шикізатқа барынша төмен бағалар белгіленіп жатқан қазіргі уақыт – реформаны қолға алудың ең бір қажетті кезеңі. Біз оларды Бүкіләлемдік банкпен және басқа да бірқатар халықаралық қаржы институттарымен бірге жүргізуге ниетті болып отырмыз. Осы бағытта табанды жұмыс жасап, келесі жылы Давоста қол жеткен жетістіктеріміз жайында айтып тұратын боламыз», – дегенді атап өтті. Қазақстан табиғи қазба қор­лар­ға бай болғанына қара­мастан, мұнай мен газға тәуелді болып қал­маудың қажет екенін жақсы сезініп отыр. Осыған орай елде қазір жаңа идеяларға жол ашатын реформалар жүргізіледі. Ал Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бұл реформалардың біздің бәріміз үшін алатын орны зор екеніне тоқталды. Ол мұндай дүмпулер мен серпілістердің негізінен жеке кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыт ұстайтынын алға тартты. «Осы үш мақсат іс басындағы Үкімет саясатының негізін құрайды», – деді ол. Қазір 2014 жылы Еуропа жаң­ғырту және даму банкімен жасас­қан әріптестік келісімнің де бел­гілі бір деңгейде прогреске қол жет­кізуге әсері болғаны бай­қа­ла­ды. Аталмыш қаржы инсти­туты мен Бүкіләлемдік банк Қа­зақстан билігін қолға алған рефор­маларды алдағы уақытта да жал­ғас­тыра беруге шақырып отыр. Осы банк өкілі Анабель Гонса­лес мұны «Жағдайды страте­гия­лық тұрғыдан көре білу керек. Реформалар тек реформа жүр­гізу үшін ғана өткізіле салмауы тиіс. Олар экономиканы әртарап­тандырудың кең ауқымды бір бөлігі болып табылады, оның күші экономиканы одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал жасауы тиіс. Мен Қазақстан да мұны осылай бағалап отыр деп ойлаймын», – деп жеткізді. Бүкіләлемдік банктің келесі өкілі Наталья Ханженкова реформалардың керек екенін былайша білдірді. «Маған егер реформа жүргізуді тоқтататын болса, ел өзінің дамуын тежеп қана қоя салмай, одан әрі құлдыруға кететіні туралы ескертпе айрықша әсер қалдырды, – деді ол. – Сондықтан реформаны жүргізе берудің маңызы өте зор». Расында алда тұрған кедергілер аз емес. Осыны жете түсінген Қазақ елі төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыруға барын салады. Бұл процесте жастардың алатын орындары мен үлес-салмақтары зор болуға тиіс. Премьер-Министр жиында осы жайында да ой толғады. «Дамудың жаңа дәуірі басталып жатыр. Бірақ Қазақстан әлі бұл үдерістен өзінің орнын белгілеп ала алмай отыр. Біз әлі күнге дейін «ертең» емес, «бүгін» деген өлшемнің өзегінен шыға алмай жүрміз. Қазақстан жастары, біздің білім беру жүйеміз, біздің цифрлы технологиямыз алдағы екі жылдың беделінде дамудың бұдан арғы жолдары турасындағы дұрыс бағыттарды табатын болуы тиіс», – деді осы орайда Кәрім Мәсімов. Қазақстан өзінің осы бағытта көштен қалмай келе жат­қанын, экономикада реформалар мен жаңғыртулар жасап отыр­ғанын Астанада өткелі тұрған ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сінде көрсететін болады. Ал Давос форумы еліміздің келешегі кемел болатынына деген үміт пен сенімді арттыра түсті. Руслан ИГІЛІК.