ҚОСТАНАЙ. 26 қаңтар. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Қазпошта» акционерлік қоғамының сегіз аудандағы бөлімшелеріне көлік кілтін табыс етті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Поштаның халыққа көрсететін қызметі қашан да маңызды болып келді. Бұл күнде оның өзектілігі бұрынғыдан да арта түскен десек болады. Облыстағы әлі интернет жете қоймаған елді мекендерге пошта күнделікті хат-хабар, мерзімді басылымдармен қатар, жұртшылықтың жәрдемақысын, қарттардың зейнетақысын және мемлекеттік органдар үшін ресми құжаттарды да жеткізіп береді. Сондықтан уақыт талабына сай жұмыс істеу үшін пошта бөлімшелеріне заманауи көліктердің қажеттігі білініп отыр. Кеше облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының сегіз аудандағы бөлімшелеріне жүрдек көлік кілтін табыс етті.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов: «Бүгінгі шара халыққа ең қажет қызметті жақсарту үшін жасалып отыр. Облыста 1300 адам халыққа пошталық, қаржылық, агенттік қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін оларға 93 автокөлік табыс етілсе, бүгін 22 машина солардың қатарына қосылып отыр. Олар аудандарға, қалаларға 110 мың дана мерзімді басылымдарды, 150 мың адам алатын жәрдемақы мен зейнетақыларды уақытысында жеткізуді қамтамасыз етеді», – деді.
Меңдіғара аудандық пошта бөлімшесінің басшысы Алмагүл Қайыпжанова: «Қазір біздің бөлімше Меңдіғара және Ұзынкөл аудандарындағы елді мекендерге қызмет көрсетеді. Ауылдар керік, алыс орналасқан. Жол қатынасы қиын. Ал мына көліктер жол қиындығын жеңілдете түседі», – деді. «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қостанай облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Шындәулет Молдахметовтің айтуына қарағанда, Жангелдин, Амангелді, Қамысты секілді тым шалғай аудандарға бұрын 7-8 күнде бір рет жеткізілетін пошта қазір үш күнге дейін қысқартылған. Пошта қызметкерлері мінетін Ivego көлігі Қостанайда құрастырылған.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.