26 Қаңтар, 2016

Далада адасқан екеуді құтқарушылар тауып алды

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

26-01-16-snegohod-1

КӨКШЕТАУ. 26 қаңтар. Ақмола облысы, Есіл ауданының аумағында далада адасып кеткен екі адамды бұрнағы күні түнде құтқарушылар тауып, аман сақтап қалды. Бұл туралы «Ақмола медиа орталығы» баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Медиа-орталықтың мәліметі бойынша, соның алдында Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөліміне Раздольное селосында тұратын бір әйел хабарласып, қаңтардың 22-сінде туысының көрші ауылға жаяу қонаққа кеткенін, жанында тағы бір адамның болғанын, екі аралықтың 25 шақырым екенін, содан бері бір тәуліктен аса уақыт өткенімен, одан хабар жоқ екенін айтады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері осыдан кейін хабарсыз кеткен кісілерді аман сақтап қалу мақсатында кідірместен құтқару-іздестіру тобын жасақтайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іздестіру жұмыстарына жоғары өтімділікті үш автомашина, «К-700» тракторы, «Тайга-Варяг-550» қарда жүру көлігі жұмылдырылады. Көмекке сондай-ақ Жақсы ауданының құтқарушылары да келеді. Құтқарушылар осыдан кейін бір сағаттың шамасында адасқан адамдарды тауып алады. Олар тез үйлеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, дәрігерлік көмек көрсетіледі. Құтқару операциясына барлығы 10 адам және 6 техника бірлігі қатысты. Бақберген Амалбек. Дерек: Ақмола медиа орталығы.