Ақтөбе өңіріндегі жұмыс сапарының екінші күні Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдымен 2013 жылы пайдалануға берілген 155 кереуеттік «Дару клиникасы» медициналық оңалту орталығы» ЖШС-іне барды.
Серіктестіктің бас директоры Ғалымжан Елеуов орталық жұмысымен таныстырды. Бұл жобаның құны – 774154,296 миллион теңге. Орталық осы заманғы озық медициналық қондырғылармен және аппараттармен жарақтандырылған. Мұнда балалар мен ересектерге көптеген ауру түрлері бойынша арнаулы амбулаториялық және стационарлық медициналық көмек көрсетіледі. Мұнда Германиядан, Швейцариядан, Израильден, Чехиядан, Түркиядан, Кореядан кәсіби біліктілігін жетілдіріп келген маман дәрігерлер жұмыс істейді. Оңалту орталығында еңбек ететін 303 қызметкердің 102-сі дәрігер, оның он төрті медицина ғылымдарының докторы мен кандидаты, отыз алтысы жоғары санатты дәрігер болып табылады. Орталық пайдалануға берілгеннен бері 4277 адам медициналық оңалтудан өткен. Бұл мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде іске қосылған медицина мекемесі. Алдағы уақытта осындай тағы екі емдеу мекемесі мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде пайдалануға берілмек. Өңірде медициналық кластер құру және медициналық туризмді дамыту көзделуде.
Содан кейін Мемлекеттік хатшы «Каспий плюс» ЖШС-іне атбасын тіреді. Кәсіпорын тау-кен және өндіру өнеркәсібі үшін әртүрлі бекіткіш бұйымдар өндірісімен айналысады. Серіктестік директоры Жандос Пангереевтің мәлімдеуінше, кәсіпорын жылына 10 мың тонна бекіткіш бұйымдар шығарады, 1000 тонна металл өңдейді. Жобаға 500 миллион теңге қаржы салынған. Қазір мұнда 30 адам еңбек етеді. Кәсіпорындағы заманауи станоктардың әрқайсысы оннан астам темір өңдеу және жону операцияларын атқарады. Қазір кәсіпорынның қуаты қандай да күрделі қосалқы бөлшектерді шығаруға, металл өңдеу саласында Қазақстанның аумағында бәсекеге қабілеттілікті және импорт алмасуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік хатшы мен өңір басшысы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өткен «Менің жетістігім – Тәуелсіздіктің жетістігі» атты аймақаралық жастар форумына қатысты. Форумға еліміздің батыс аймақтарынан, көршілес Қызылорда, Ресейдің Орынбор облыстарынан делегаттар келді. Аймақаралық жастар кездесулерін өткізу – жастар саясаты бағытындағы Қазақстан мен Ресейдің екіжақты интеграциясының жарқын үлгісі деуге болады. Жастар жиынының шымылдығы егемен еліміздің тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде жүріп өткен жолы мен қол жеткен табыстары туралы бейнефильммен ашылды. Онда әлем мойындаған Қазақстанның экономикалық-саяси даму бағыттары баяндалған.
Форумды кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі жастар жиынын Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген басым бағыттарды орындау, аймақтардың экономикасын дамыту, аймақтар арасында ынтымақтастықты нығайту мақсатында жасалған маңызды қадам ретінде бағалады. Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бес институттық реформасын жүзеге асыруға жастарды белсенді тарту және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ету- мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгеніндей, жастарға зор жауапкершілік жүктелетінін алға тарта сөйледі. Сондай-ақ, ел келешегінің кемелділігі жастардың терең білім алып, білікті маман болып шығуы, сөйтіп, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына елеулі үлес қосуы арқылы қалыптасатынын жеткізді. Бұл бағытта елімізде жастарға қолайлы жағдайлар туғызылып отырғанын атап өтті. Соның бір көрінісі ретінде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына тоқталып, көптеген жастардың шетелдерде білім алып келгенін, жастардың қоғамға қажетті азамат болып қалыптасуына алғышарт жасайтын басқа да бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
–Тәуелсіздік жылдары егемен елге аянбай қызмет ететін, алғыр да жүректі жастардың тұтас толқыны өсіп-жетілді. Сондықтан да әлемдегі өркениетті елдер қатарында болу үшін жігерлі, жаңашыл идеялармен қаруланған, білімге құштар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жастарды тәрбиелеу қажет. Бұл елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан орын алуға жеткізеді, – деді өңір басшысы.
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баса назар аударылып отырғанын, елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар мен тиімді жұмыс істеу үлгісі жасалғанын, қала мен аудандарда жастардың ресурстық орталықтары құрылғанын атап өтті. Ол елімізде «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен –ауылға!», «Жастар тәжірибесі» «Серпін» жобалары табысты жүзеге асырылғанын, Елбасының қолдауымен 2017 жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беруді көздейтін жаңа жобаның бастау алатынын мәлімдеді.
– Елбасы адами капиталды дамыту – Қазақстанның қазіргі заманға сай қалыптасуы мен өсуінің басты шарты ретінде әрдайым жастардың рөлін ерекше атауда. Бәсекеге қабілетті адами капиталды тәрбиелеу, әсіресе, жастардың белсенділігі арқылы «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға қол жеткізе аламыз. 25 жылдық Тәуелсіздік тарихында Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып, ішкі саяси, ұлтаралық, дінаралық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, халықаралық қатынастарды нығайта отырып, білім, ғылым, мәдениет салаларында толағай табыстарға қол жеткіздік, – деді Гүлшара Наушақызы.
Форумда студенттік, жұмысшы және ауыл жастарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас кәсіпкерлер мен тәуелсіздік құрдастары сөз алып, Тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктер жайлы әңгіме өрбітті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шарада ел, Отан, туған жер туралы патриоттық әндер шырқалып, жастар жүрегіне жол тапты, отаншылдық сезімге жігерлендірді.
Шара барысында республикалық деңгейде өткізілетін «Спортсыз бір күн жоқ» спорттық, «Болашақтың 25 идеясы» ғылыми, «25 қайырымды іс» қайырымдылық, «Экотренд-04» экологиялық және «Бабалар ізімен» ұлттық мәдени шығармашылық марафондары бастау алды. Алқалы жиын соңында форумға қатысушылар еліміздің жастарына Үндеу қабылдады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.