Әдетте, Байқоңыр қаласына кіру дегеніңіздің өзіндік машақаты бар. Тәртібі қатал шаһарға шақыртусыз кіре алмайсыз. Алдымен арнайы сәлемдеме жібереді. Сол қағазды ұстап, арнайы бекетке келгеніңізде, ар жағынан туысыңыз, не танысыңыз күтіп алуы керек. Жабық режімдегі шаһарға көрінген кіріп-шыға алмайтыны да сондықтан. Шығар кезде де керекті құжаттарыңыз кем болса, бекеттен бері аса алмай әбігер боласыз. Ал осындай тәртібі қатаң қалада бір адам бес жыл заңсыз тұрыпты. Мүмкін бе? Біз мүмкін емес деп ойлағанбыз. Сөйтсек... солай екен.
Көші-қон туралы заңды белден басып жүрген кім дейсіз ғой. Ол, тіпті, Қазақстанның да азаматы емес. Көрші Өзбекстаннан келген адам көрінеді. Байқоңыр қалалық сотында әлгінің ісі қаралды. Мәселе былай болыпты. 2011 жылы заңды бұзған көрші елдің азаматы ағасының мерейтойына келеді. Содан қалып қояды. Сол қалғаннан бес жыл бойы Байқоңырда тұрады. Соттың: «Неге еліңе қайтпадың?» деген сұрағына «ақшам болмады» деп жауап беріпті.
Ала тақиялы ағайындардың шекараның бергі бетінде немен айналысатыны белгілі ғой. Құрылысқа жегіледі. Оның «ақшам болмады» дегені сылтау ғана шығар. Әйтпесе, бес жыл бойы жұмыссыз адамды кім бағып-қағады? Сонымен, Байқоңырда заңсыз бес жыл тұрған өзбек азаматы соттың шешімімен елден шығарылатын болды. Қайтуға ақша таппай жүрген келімсекті сот солай жазалады.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.