28 Қаңтар, 2016

Астана құрылысында өсу бар

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес құрылыс жұмыстарының көлемі 472 млрд. теңгені құрап, 1759,0 мың шаршы метр баспана пайда­лануға берілді. Бұл – елорда тари­хын­дағы ең жоғары көрсеткіш. Қолда­нуға берілген баспана көле­мі 2014 жылғы көрсеткішпен салыс­­тырғанда 146%-ға артық екен­­дігі байқалады. Осылай деді Прези­дент жанын­дағы Орталық комму­­никациялар қызметіндегі елорданың құрылыс сала­сын­да атқарылған жұмыс қоры­тын­дыларына байланысты өткен бас­пасөз мәслихатында Астана қа­ласы әкімінің бірінші орын­­ба­сары Сергей Хорошун. Оның айтуына қарағанда, 2015 жылы жал­пы аумағы 2371 мың шаршы метр болатын барлығы 1135 әр­түрлі нысандар пайдалануға берілді. Сонымен қатар, тұтынуға ұсыныл­ғандардың қатарында 107 әлеуметтік нысан, соның ішінде әрқайсысы 1200 орындық жалпы білім беретін 4 мектеп, 1720 орындық 8 балабақша бар. Бұған қоса, 250 төсек-орындық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы, сол жаға­лау­да 500 келушіге арналған амбула­ториялық-емханалық кешен, Қазақ­стан Республикасы Президенті Іс басқармасының клиникалық-оңалту кешені сияқты денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Және де «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 343 мың шаршы метр, соның ішінде ескі және апатты жағдайдағы үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жоба шеңберінде 151 мың шаршы метр баспана қол­дануға беріліп отыр. Бұл тұрғыда қанатқақты жоба басталғалы бері апатты жағдайдағы үйлердің 1762 тұрғыны өз пәтерлерінің кілтін иемденді. Бекітілген кестеге сәйкес жо­баның 1-кезегін толық жүзеге асыру 2017 жылдың екінші жартысында аяқталады. Индустриялық парк аумағында 27 өндірістік нысан пайдалануға беріліп, 2735 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл ретте жалпыэкономикалық конъюнк­тура дамуының тұрақсыздығына қарамастан биылғы жылы эконо­миканың құрылыс саласындағы өсу қарқынын кемінде 104% көлемінде сақтап қаламыз, деген жоспарын атап өткен әкімнің бірінші орынбасары осы бағыттарда жүйе­лі жұмыстар атқарылатынын нақ­тылады. Оның айтуынша, қолда бар қаржылық ресурстардың аздығына байланысты халықаралық қаржы ұйымдарымен, соның ішінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін пайдалану арқылы қарыз бен несие тарту мақсатында әкімдік тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта осы жыл­дың өзінде 960 орындық 4 бала­бақша, 4 амбулаториялық емхана, 4 паркинг құрылысы жобаларын бас­тау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Астана қаласында құрылыс кезеңінде – 2591, жобалау кезеңінде 1195 нысан жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, елордада тұрғын үй салудағы бірқатар түйткілдерге толығырақ тоқталған С.Хорошун «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құры­лыс қызметі туралы» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарды бұзуға жол берген тұрғын үй салушыларға қатысты жағдайларды баяндады. Өткен жылы құрылыс саласы бойынша 909 бұзушылық, пәтерлерді заңсыз сату бойынша 37 дерек анықталып, осы мәселеге орай мемлекеттік органдар тарапынан қажетті шаралар қабылданды. Бүгінгі күні қандай да бір құ­рылыс жұмыстарына кіріскен­дер өз бетімен салуды бас­та­ған нысандарының құрылысын сот шешімімен тоқтатып, кейін айып­пұл төлегенше, заңмен белгі­ленген тәртіптегі рұқсат қағаз­дарымен жұмыс істеудің тиімді екендігіне көздері жетті, дейді С.Хорошун. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».