Францияның солтүстік-шығысындағы ядролық қалдықтар қоймасында болған тау жынысының құлауы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алған.
Қазіргі уақытта оқиға себептеріне тергеу жүргізілуде. Жер қыртысы опырылып түскен сәтте қоймада ядролық қалдықтардың болмағаны анықталып отыр. Бүгінгі кезеңде оны зертхана ретінде пайдаланып, болашақта қалдықтар қоймасын жасауға дайындауда екен. Бұл туралы ВВС-дің Орыс қызметі хабарлап отыр.
Дания босқындар ақшаларын тәркілемек
Данияда сириялық босқындардан қалталарын «аударып» көрсетуді талап етуі мүмкін. Аталмыш корольдікте мемлекетті мигранттар үшін мейлінше тартымсыз етуге бағытталған жаңа заңдар қабылдануда.
Парламенттегі үш сағатқа созылған пікірталастардан кейін депутаттар босқындарды қабылдау ережесін айтарлықтай қатаңдатқан заң жобасына қолдау көрсеткен. Еуропаның құқық қорғау ұйымдары болса заңнаманың кейбір ережелеріне қатысты қатаң сын айтып дабыл қағуда. Бәрінен бұрын оларға заңның полицейлерге босқындарды тінтуге және олардың ақшалары мен 1340 еуродан асатын құнды заттарын тәркілеуге рұқсат беретін бабы ұнамай отыр.
Қар астында қалған әйел құтқарылды
АҚШ-тың Мэриленд штатында өрт сөндірушілер, медиктер мен ұлттық гвардия өкілдері ішінде үш күн бойына әйел отырған автомашинаны қар астынан аршып алған.
Зардап шеккен әйел машинадан кетуден бас тартқан көрінеді. Дегенмен, біраз үгіттегеннен кейін оны гипотермиядан ем алу үшін ауруханаға жіберудің сәті түскен. Белгілі болғанындай, ол әйел 22 қаңтардан бастап автомобиль ішінде отырып, тек дүйсенбі күні кешкілік қана құтқарылған. Абырой болғанда, зардап шеккен әйелдің ақыл-есі бүтін және денесінде ешқандай жарақат жоқ болып шыққан.
Өз лидерінің мерзімін бес жылға ұзартты
Ханойда өтіп жатқан Вьетнам компартиясының ХХ съезі ел басшылығын айтарлықтай жаңартқан. Өткен сәрсенбі күні съезд делегаттары Вьетнам компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы Нгуен Фу Чонгты келесі бес жыл мерзімге қайта сайлады.
Нгуен Фу Чонг өзінің партиядағы позициясын сақтаған және нығайтқан бұрынғы ел басшылығы арасындағы бірден-бір лидер болып табылады деп атап көрсетілген осы туралы ақпарат таратқан Тайланд телеканалының хабарында. Нгуен Фу Чонг басқаратын топ АҚШ-пен жақындасуды онша қаламайды және өңірдегі Қытай ықпалының өсуін бұлжымас процесс деп қабылдайды.
Солдаттар «Асад, Путин!» деп ұрандады
Ар-Рабия қаласындағы жеңісін тойлаған Сирия армиясының жауынгерлері Сирия және Ресей президенттерінің аттарын атай отырып, оларға қошемет көрсету тұрғысында уралап ұрандаған.
Сирияның солтүстігіндегі Рабия қаласын азат етуге қатысушылар өз табыстарын Ресей және Сирия халықтарына арнайды, деп мәлімдеген «Шөл дала лашындары» отрядының бір жауынгері. Дұшпандар мен терроршылар атып түсірген ресейлік ұшқыш үшін біз құдайдың көмегімен олардың көзін толық жойдық. Біз үлкен жеңіске жеттік және оны Ресей халқына және Сирия халқына, сондай-ақ, осы елдердегі әрбір адал жандарға арнаймыз деп атап көрсеткен ол.
Британия Еуроодақтан шыға ма?
Ұлыбритания егер британдықтар қолдап дауыс беретін болса, Еуроодақтан шығу процедурасын іске қоспақ. Бұл туралы корольдіктің сыртқы істер министрі Филип Хаммонд мәлімдеді.
Сонымен бірге, ол референдум нәтижелері заңдық тұрғыдан орындауға міндетті емес екенін де атап көрсеткен. Дегенмен, саясаткерлер азаматтардың қалауларын жүзеге асыруға мәжбүр болады. Британияның Еуроодаққа мүшелігі туралы референдумның осы жылдың маусым айында-ақ өтуі мүмкін. Ол мақсат егер алдағы ақпан айында Лондон мен Брюссель Еуроодақты реформалау туралы келісімге келер болса ғана орындалмақ.
Сириялық күрдтер келіссөздерге шақырылмайды
Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус «Демократиялық одақ» атты сириялық күрдтер партиясының Женевада өтетін келіссөздерге шақырылмайтынын мәлімдеген.
Оның айтуына қарағанда, бұл жөнінде оған БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура хабарлаған. Осының алдында ғана ол Женева қаласында 29 қаңтарда өтетін Сириядағы ахуал бойынша келіссөздерге шақыртулар жіберуді бастаған болатын. Айта кету керек, Ресей күрдтерді Сирия бойынша келіссөздер мен «Ислам мемлекеті» террорлық тобының содырларымен күрестен шығарып тастауға қарсы.
Көз орнына – бейнекамера
43 жасар канадалық режиссер Роб Спен өзінің көзін алып тастап, оның орнына жоғары технологиялы протез – мини-камера орнатқан.
«Айборг көзі» магнитке әсер ететін радиожиілікті таратушымен жабдықталған камера бейнекөріністерді жазып алуға қабілетті. Мұның өзі режиссер үшін өте тиімді болып отыр. Ол камерадағы жазбаларды жаңа робот жасау үшін пайдаланбақ. Бір ғана кемшілігі – бейнежазу небәрі 3 минутқа ғана созылады. Осы орайда Роб Спеннің өнер үшін құрбандыққа бармағанын, оның сонау бала кезінде-ақ бір көзінен соқыр болып қалғанын айта кету қажет.
Қаскөйдің ниеті жүзеге аспады
АҚШ-тың Висконсин штатында Милуоки қаласының тұрғыны масон храмына келушілерді атқыламақ ниетте болған.
Құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, федералдық тергеу бюросы қызметкерлеріне жаппай кісі өлтіруге талпыныстың алдын алудың сәті түскен. 23 жасар Сами Мохаммед Хамзех дыбыс тұншықтырғышы бар екі автоматты винтовка сатып алмақ болған жерінде қолға түскен. Оның қылмысты іске бармақ болған ойы телефон арқылы сөйлескен кезде мәлім болып қалған көрінеді. Ол осылайша өз атын бүкіл әлемге танытпақ болыпты.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.