Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында өткен брифинг «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылуы мен алдағы міндеттерге арналды. Онда облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Бүгінгі күн талаптарына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Білім туралы» Заң білім беру мен білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында алдымызға қойған міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқаруға мүмкіндік береді, дей келіп, Шолпан Таңатқызы одан әрі нақты істерді баяндады. Облыстың білім мекемелерінде 17 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Олардың 40 пайыздан астамы жоғары және бірінші санатты. 7 коррекциялық мектеп-интернатта 810 бала тәрбие алады. 13 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинет 322 балаға әлеуметтік көмек көрсетеді. 73 логопедтік пункт жұмыс істейді. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында білім мен ғылымның, инновацияның алдағы биік межелері айқындалды. Олай болса, орта білім беру саласы әрбір ата-ана, қоғам, өскелең ұрпақпен тығыз байланыста жүргізілуі тиістілігі, білім беру жүйесінің сапасы мен нәтижесі мұғалімнің біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне көп қатысты екені айтпаса да түсінікті.
Баяндамашы 76-шы қадамдағы ЭЫДҰ елдері негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңмен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту талаптарына орай алда атқарылатын шараларға тоқталды. Екі мектепте бастауыш білім беру мемлекеттік стандартының жаңа апробациясын енгізу қолға алынған. 3-6 жастағы балдырғандарды мектепке дейінгі біліммен қамту 97 пайызды құрайды. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың саны соңғы үш жылда 212-ге азайған. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балабақшалар салу қарқын алған. 77-ші қадамда атап көрсетілгендей, экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату міндеті тұр. Облыс колледждерінде аумақ экономика саласы үшін 75 мамандық бойынша кадрлар әзірленеді. 8 мың студент мемлекеттік тапсырыс арқылы оқытылады. Дуалды оқыту 24 мамандық бойынша 12 колледжге енгізілген. Олар 80 мекемемен тығыз қарым-қатынас орнатқан. «Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру» жобасы аясында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі 43 миллион теңгенің грантын жеңіп алған. Дуалды білім беру шеңберінде «СевКазЭнерго» АҚ Солтүстік Қазақстан кәсіптік-техникалық колледжінде «электрмен жабдықтау» мамандықтары негізінде оқыту полигонын орналастырған. Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінде «ет және ет өнімдері өндірісі» мамандығы бойынша үш сынып жабдықталған. Студенттер оқу фермасында 30 бас ірі қара малын өсірумен де шұғылданады. Енді мұнда қайта өңдеу салалары үшін мамандар даярлау қолға алынбақ.
Ш.Каринова педагогикалық әдеп ережесінің енгізілуін маңызды шара ретінде мақұлдады. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда педагогтар мен оқушылар арасындағы дөрекі қарым-қатынастар жиі көрсетіледі. Осыған байланысты жаңа заңға педагогикалық әдеп ережесінің енгізілуі өте маңызды. Ереже педагогтардың өздерін ұстай білуін қалыптастыруға, мектепте қолайлы орта құруға жағдай жасайды. Заңның жаңа редакциясында сынып жетекшісінің қызметі де белгіленген.
Журналистердің білім беру мекемелерінде міндетті мектеп формасын енгізу мәселесіне қалай қарайсыз деген сауалына білім беру мекемелерінде міндетті мектеп формасын енгізу дер кезінде және алғаш рет заңнама арқылы қолдау тапты. Міндетті мектеп формасын енгізу оқушылардың бірлігіне, ұйымшылдығына, ынтымағына, ортақ іс пен мақсаттарға бір кісідей жұмылып, талпыныс жасауларына зор ықпал жасары анық. Мектеп формасы оқушылар арасындағы киім бәсекелестігінің туындауын, бірін-бірі көреалмаушылықтарын төмендетіп, әртүрлі отбасылардың материалдық жағдайларының айырмашылықтарын жояды. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде сабақ өткізбеу ережелері заңда қарастырылғанын айта кеткен жөн, деп жауап берді.
Одан әрі 2012-2016 жылдарға арналған оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша Ұлт Жоспарында қойылған міндеттерге қол жеткізетін білім беру сапасын, ішкі және сыртқы баға беру жүйесінің жаңашылдығын тілге тиек етті. Білім берудің жаңа мазмұнын енгізу оқушылардың білім бағасының өлшемдерін бекітуге және нәтижеге бағытталған. Біз дарынды балалардың дамуына және оларды қолдауға ұдайы көңіл бөлеміз. Заңның жаңа редакциясында жалпы білім беретін пәндерден халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауына қатысушылар құрамын жасақтау, сайыс талаптары, олардың өткізілуі мен ұйымдастырылуы, әдістемелік іс-шараларды қамтамасыз ету айқындалған. Халықаралық пән олимпиадалары мен жарыстардың жүлдегерлері ғана ҰБТ-дан босатылуға құқылы. Бұл әртүрлі деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жобаға дарынды балалардың қатысуының ашықтығын, әділдігін қамтамасыз етіп, олардың білім сапасын жоғарылатады.
Брифингке Петропавл қаласындағы №1 коррекциялық мектеп-интернаттың директоры Н.Хованский, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің басшысы Жеңіс Әбілмәжін де қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.