28 Қаңтар, 2016

Арманды жолдың – жауапкершілігі зор

646 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
«Мен қазақстандықтарды Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жайлаубек ХалыкулыБиылғы жылы өз Тәуел­сіз­дігінің жиырма бес жыл­ды­ғының тарихи кезеңіне жеткен қазақ елінің алдына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жос­пары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» мақаласы арқы­лы жауапты әрі асыл міндеттер қойып отыр. Әр ұрпақтың өз арманы бар болса, бүгінгі ұр­пақ арманы – ХХІ ға­сырда Қа­зақстанды әлемнің көшбасшы отыз мемлекетінің қатарына жеткізу екендігін ұғына­мыз. «Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақ­стан­ның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көпғасырлық қиялдарын іс жү­зіне асырдық», – деген Пре­зи­дентіміздің пайымды ойында көз алдымыздағы тарихи ақи­қат жатыр. Қазақстан Тәуелсіз ел болып қалыптасты, әлем­ді мо­йын­датты! Бұл, әрине, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстанның даму жолын көреген­дікпен дұ­рыс таңдап, айқын­­дай білуінің арқасында болған жай. Бұл ешбір талас тудырмайтын ақиқат! Жиырма бес жылда жүріп өткен құтты жолымыздағы ел бір­лігі мен ел ынтымағы сияқты қос құндылығымыз біздің бе­рік ұстанымымызға айналды. Әлемнің бүгінгідей берекесіз де дүбірлі шағында сол ел бірлігі мен ел ынтымағы маңызының арта түсері де бар. Жаһанды алаң­датып отырған дағдарыс жағдайында Қазақстанның өсуі мен өркендеуін қамтамасыз етуді Елбасы біздің алдымызға тегіннен тартып отырған жоқ. Біздің еліміздің зор мүмкіндігі бар. Ең бастысы, біздің елімізде Қазақстан экономикасының жыл сайынғы нақты табыстары мен ұлттық байлық халық игілігінің өсімімен нығая түсуде. Әрине, мемлекеттің экономикасы мен қоғамды дамыту үшін бізге тың ойлар мен тың қадамдар қажет. Өйткені, өмір бір орнында тұрмайды. Сәт сайын жаңа бір тосын сынақтарын алға тартар бүгінгі айлалы заманның амалын таба білу үшін Елбасы өзінің «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қа­дам» – Ұлт Жоспарын алға тартты. Бұл Ұлт Жоспары барша қа­зақ­стандықтардың әлемдегі жа­һандық қиындықтарды ең­серу­дің және ел мен қоғамды дамы­тудың темірқазығына айналып отыр. Ұлт Жоспары – біздің әрқай­сы­мыз өзіміздің бүгінгі және бо­ла­шақтағы өміріміздің бақуат­ты да берекелі болуының және де еліміздің тыныштығы мен ынты­мағының басты кепілі. Біз өз елі­міз­дің ішкі берекесін алатын және ынтымағы ұйып отырған хал­қымыздың тыныштығының шырқын бұзатын кез келген әре­кеттерден сақ болуға, оған жол бермеуге тиістіміз. Қазақстандық қоғам алдын­дағы әр азаматтың да, әр полиция қызметкерінің де өз жауап­кер­шіліктері бар. Соған сәйкес ендігі арада этикалық нормалар­ды бұзған полициялардың үсті­нен түсірген азаматтардың арыз-ша­ғымдарын қарайтын қо­ғамдық кеңестер мен өзге де кон­сультативтік-кеңестік органдар жүйесі де құрылып жатыр. Со­нымен бірге, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» да құрылатын болады. Қазіргі кезде әлемнің бірқатар елдерінде бұл интернет-портал табысты қол­данылып та жүр. Әлемдік осы тәжірибеге сүйене отырып, ендігі арада осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құ­қық бұзушылықтар жедел енгі­зіледі де, бұл қалың жұрт­шы­лықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін толық бақылап отыруларына мүмкіндік беретін болады. Мі­не, азаматтардың да, полиция қызметкерлерінің де заң ал­дын­дағы жауапкершіліктерін күшейтуге бағытталып отырған бұл шараның қоғам үшін тиімді­лігі айрықша болмақшы. Қазақстанда құқықтық мем­лекеттің орнықтырылуын одан әрі өрістетіп, нығайту үшін Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен және қолдауымен жасалап әрі шешіліп жатқан құ­қық қорғау органдарындағы қазіргі біртұтас жаңғырту үдерісі мен белгіленген шаралар мен нақтылы қадамдар азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімдерін арттыра түсері де сөзсіз екендігінде дау жоқ. Соны­мен бірге, Елбасы аса бір өзекті мәселеге де қоғамның назарын аударып отырғандығын да айту қажет. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші жаңсақ басып, заңнан аттап, со­ны­сы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал етудің маңыздылығына мән беріліп отыр. «Бұл үшін әлеу­меттік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жат­қан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады», деген Ел­ба­­сының «Ұлт Жос­пары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» мақаласында айтқаны қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқандардың өмірге деген жаңа бір құштарлықтарын оятып, алдағы уақытта жақсы өмір бастай алатындықтарына деген сенімдерін нығайта түсті. Жаңа қазақстандық арманға қадам басып отырған тарихтың осы бір аса жауапты шағында және де Қазақстан экономикасы жаһандық экономикалық қиын­дықтардың ықпалын сезініп отыр­ған қазіргі кезеңде Елбасы бес институттық реформаның ерек­­ше маңызды екендігін айта отырып, барша қазақстандықтар құқықтық жаңалықтар негізінде мемлекеттік басқару мен құ­­қық тәртібінің жүйесі қалай жаңғыртылып жатқандығын толық білулері керектігіне ерек­ше назар аударып отыр. Біз де осы орайда полицияның же­ке құрамдары мен халықтың арасында үгіт пен түсінік жұмыс­тарын кеңейте түстік. Сол жұ­мыс­тарымыздың барлығы да халқымыздың азаматтық белсен­діліктерінің арта түсуіне қуатты серпін беретіндігіне де сенімдіміз. Ұлт Жоспары бойынша мем­лекетті кәсібилендірудің де тың қадамдары ел тәуелсіздігін және ел әлеуеті мен экономикалық жағ­дайын одан әрі нығайта тү­суге берік негіз қалайтындығы да сөзсіз. Бұл үшін мемлекеттік ап­параттың тиімділігін арттыруға бағытталған «Мемлекеттік қыз­мет туралы» жаңа Заң толық негіз­деме бола алады. Қазақстанда мем­лекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусы қалып­тасты деуге толық негіз бар. Елбасы енді қазақстандық мем­лекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңін қалыптастыруды міндеттеді. Осы тұрғыдан алған­да Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері жө­нін­дегі министрлік, оның құрылымында Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бю­росының құрылуы арқылы мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сонымен бірге жем­қор­лық көріністерінің алдын алуға бағытталған жүйе де жаң­ғыр­тылып отыр. Ендігі арада жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл халық­аралық стандарттарға сай бағ­дарланғандығын да айтқан ләзім. Бір сөзбен айтқанда, жүзеге асырыла бастаған Қазақстан­ның бүкіл құқық қорғау жүйе­сі­нің жаңа реформалары мен жаңартылған заңнамалар аза­мат­тардың құқық­тары мен бостан­дықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталып отырғандығын ұғы­нуға тиістіміз. Өйткені, құқық тәр­тібі және заңдылықты нығайту арқылы бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу бүгінгі қоғамның басты талабы болып отырғандығын Елбасы ерекше атап көрсетті. Бүгінгі күннің бір ақиқаты бар. Ол реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол екендігі болса керек. Сондықтан да, бірлігі мен ынтымағы жарасып, бір мүддеге топтасқан халық қана дамудың жаңа әрі биік сатысына шыға алары анық. Бұған қазақстандықтардың ширек ғасырлық тарихи жолы айқын мысал бола алады. Біздің әрқайсымыз тұрақтылық пен келісімнің маңыз­­дылығын тереңірек ұғына түсіп, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлыстардың бүгінгі жарасқан бірлігін нығай­туға қызмет етуге тиістіміз. Бұл Ұлт Жоспарының алтын арқауы болып қала берері де анық. Елбасы алға қойып отырған басты да жауапты міндет жиырма бірінші ғасырда Қазақстанды әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына жеткізу және де Мәңгілік Ел болудың мақсатты да арманды жолының тарихи жауапкершілігі зор екендігін ұғынатын кез осы тұс деп санаймыз. Жайлаубек ХАЛЫҚҰЛЫ, Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.  КӨКШЕТАУ.