Орталық коммуникациялар қызметінің Талдықорғандағы филиалында «Сайлау туралы» Заңның БАҚ-тарда сақталуы бойынша баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев журналистерге «Сайлау туралы» заңды жан-жақты түсіндіріп берді.
Бүгінгі таңда осы заңнама шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс барысында сайлау заңдылықтарын сақтау аса маңызды. Рас, әр үміткер өзінің саяси бағдарламасын газет арқылы жан-жақты жеткізуге, теледидардан ашық әңгіме өрбітуге талпынады. Соның барлығында сайлау туралы заңнаманың бұзылмауы талап етіледі.
Өз кезегінде сөз алған Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалиасқар Сарыбаев сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтары сақталып, барлығына бір ретті мүмкіндік берілетіндігіне кепілдік болатынын жеткізді. Эфирге шығу, басылымдарда жариялау ақылы негізде келісімшарт арқылы жүргізіледі. Жалған ақпарат таратуға, ар-намысқа тиюге қатаң тыйым салынады.
Парламент Мәжілісінің Кезектен тыс сайлауы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен кестеге сәйкес жүргізілетінін әкімдік хабардар етті. Осылайша депутаттыққа үміткерлердің сайлауалды жұмысы басталды. Барлық үміткер, заңнама талабы бойынша, сайлау комиссияларында тіркелуі тиіс. Облыста депутаттықтан үміткерлерді сайлаудың 44 округінің шекарасы анықталды. Жалпы, Жетісуда 918 аумақтық сайлау комиссиясы бар. Сайлау науқаны ашық түрде жүргізілетіні белгілі. Ал журналистер сол жұмыстың жариялылығын қамтамасыз етуі тиіс.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.