Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың жоспарын іске асыру барысы туралы жұмыс кеңесі өтті.
Кеңесте ОСК мен аумақтық сайлау комиссияларының сайлау науқанын ұйымдастыру жөніндегі ағымдағы қызметі қаралды. Ортсайлауком мүшелері өздері жетекшілік ететін мәселелері мен бағыттары бойынша атқарған жұмыстары туралы айтып берді. Сайлау науқаны басталған кезеңнен бері ОСК Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы жөніндегі күнтізбелік жоспарларын және сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы, сондай-ақ, шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар мен шетелдік БАҚ-тар өкілдері қызметтерінің кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдағаны атап өтілді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен ғана аккредиттеледі. «Дегенмен, қазірдің өзінде бірқатар халықаралық ұйым еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сайлауға қатысатындықтарын ауызша қуаттады, – деді ол осы жайында. – Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, сондай-ақ, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бар. Бұл ұйымдар біздің сайлауға байқау жүргізуге ниетті екендігін білдіріп, қазіргі уақытта кандидаттарын іріктеуде».
Сонымен бірге, Комиссия мүшесі Орталық сайлау комиссиясының төрағасы 18 мемлекеттің сайлау комиссияларының бірінші басшыларына шақыру жібергенін, ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі 18 халықаралық ұйымға, сонымен қатар, осы ұйымдардың аясында 112 мемлекетке шақыру жібергенін атап өтті. «ҚР Сыртқы істер министрлігі бізге 98 мемлекеттің аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тізімін берді. Тұрақты немесе уақытша аккредиттелгендігі туралы куәлігі бар олар қазірден бастап сайлауға байқау жүргізуге кірісе алады», – деді Т.Охлопкова.
Ал Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың хабардар етуінше, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауларының электоралды үдерісіне ешқандай шағым түспеген. «Қазірге қандайда бір мәселеге байланысты шағым түсе қойған жоқ. Дегенмен, Орталық сайлау комиссиясына хаттар түсуде. Бірақ, олар электоралды үдеріске қатысты емес. Олар негізінен әлеуметтік, тұрмыстық қиыншылықтарды қамтиды. Бұл барлық электоралды науқанда орын алатын әдеттегі құбылыс сияқты», – деді ол.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен өзіне жүктелген мәселелерді айта келіп, соған қатысты қолға алынған іс-шараларға тоқталып өтті. «Көрнекі ақпарат ретінде 757 билбордты орналастыру жөнінде ОСК төрағасының шешімі шыққан болатын. Оның бірінші кезеңін Астана мен Алматы, сонымен қатар, облыс орталықтарында орналастыруды аяқтап қалдық. Ондағы ақпараттар сайлаушыларға сайлаудың қай күні өтетіндігінен мәлімет береді. Бұл билбордтар «Сайлауда өз таңдауыңды жаса!» деген ұранмен дайындалған. Жұмыстар алдағы күндері де жалғасын табады», – деді Л.Сүлеймен.
ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов Л.Сүлейменнен аталған билбордтардың қашан толығымен ілініп болатынын сұраған еді. «Бұл бағытта біз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмыстарды 2-3 күннің ішінде толығымен аяқтаймыз», – деп жауап берді.
Кеңес барысында қызметтің негізгі және шұғыл міндеттері мен бағыттары анықталғаннан кейін ұйымдастыру жұмысының басым бөлігі тікелей өңірлерге ауысатыны атап өтілді. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы хабарларды жариялау аяқталған. Ал округтік сайлау комиссияларының құрамы мен орналасқан жерлері, шекаралары көрсетілген сайлау округтерінің тізімдері бұқаралық ақпарат құралдарында 30 қаңтардан кешіктірілмей жарияланатын болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.