Алда – асқаралы асулар
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVII съезі өтеді.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезі өз жұмысын бастайды. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен 2200 адам келді. Олардың 600-ден астамы саяси ұйымның аймақтық филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында сайланған делегаттар. Съезд барысында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың партиялық тізімі бекітілмек әрі партия Саяси кеңесінің құрамындағы өзгерістер қаралмақ. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезінің шақырылуы қоғам тарапынан саяси мәні зор оқиға ретінде қарастырылуда. Өйткені, Елбасы саясатын қолдауда, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық бағытын айқындауда өзінің белсенді әрекетімен танылып, халық сеніміне селкеу түсірмей келе жатқан партияның съезіне ешкім де бейжай қарамайтыны анық. Қоғамды одан әрі демократияландыруды көздейтін экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруды, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруді, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуді, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуды, өскелең ұрпақты ел-жұртымызды сүюге, ұлттық құндылықтарымызды бағалап, қадірін білуге үндеуді басты мақсаты санайтын, сондай-ақ, осы бағыттағы нәтижелі жұмыстарының арқасында ел сеніміне ие болған «Нұр Отан» партиясы қазіргі дағдарыс жағдайында халыққа одан сайын жақындап, елмен етене бола түсуі көңілге жылылық ұялатпай қоймайды. Әсіресе, партияның көптеген жасампаз істердің бастамашысы болып отырғаны да назар аудартады. Сондай-ақ, партияның қоғамымыздағы түрлі мәселелерді халықпен бірге шешу ісінде тәжірибесі мол. Міне, бұл аталған жағдаяттар, іргелі істер барша қазақстандықтардың осынау саяси ұйымға деген сенімін нығайта түсетіні анық. Әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық жағдайдың ауырлығына қарамастан Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға үлкен міндеттер қоюы саяси ұйымның жауапкершілігін арттыра түсері сөзсіз. Сондықтан да нұротандықтарға, әсіресе, съезге қатысушы делегаттарға көбірек салмақ түсетіні анық. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезіне қатысып отырған аймақтық филиалдар саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстарында сайланған делегаттар, барша нұротандықтар бұл жауапкершілік жүгін абыроймен көтереді деп ойлаймыз. Айта кетейік, съезге қатысу үшін республикамыздың барлық өңірлерінен келген делегаттарды күтіп алу ісі өз деңгейінде ұйымдастырылды. Мәселен, кеше Қостанай облысынан келген делегацияны күтіп алуға біз де куә болдық. Қостанайлық делегаттармен сұхбаттасу барысында олардың съезд жұмысына қызу дайындықпен келгені анық аңғарылып тұрды. Олардың барлығы да осынау айтулы жиынға қатысуға мүмкіндік алғандарына дән риза екендерін сөз ете келіп, ондағы қаралатын мәселелердің еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін өте маңызды екенін жеткізді. «Осымен «Нұр Отан» партиясының бес съезіне қатыспақпын. 2000 жылдан бері партия мүшесімін. Бұл жолы да халқымыз үшін аса маңызды, жауапты сұрақтар талқыланатын жиынға қатысып, өз дауысымды беремін», – дейді «Нұр Отан» партиясы Федоров аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Евгения Жданова. Жалпы, елімізге танымал беделді азаматтар, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық Қаһарманы» атақтарының иегерлері, әртүрлі сала мамандары, ірі кәсіпорындар жетекшілері, ғылым және шығармашылық интеллигенция, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы жеңімпаздары, партия филиалдарының белсенді қызметкерлері қатысып жатқан «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVIІ съезінен күтеріміз көп. Ал әзірге съезд жұмысы қалай түйінделетінін тоса тұрайық. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».Партиямыз бен халықтың мақсат-мүддесі үндес
Жамбыл жерінен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезіне қатысу үшін 44 делегат келдік. Ұлтымыздың символына, Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана төрінде өткелі отырған бұл съезде біздің партия алдағы 5 жылдыққа жаңа мақсаттар мен міндеттер қоюды көздеп отырғаны анық. Өткен кезеңдерді саралайтын болсақ, партия өзінің алға қойған міндеттерін орындап, көптеген мәселені мерзімінен бұрын шешті. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттен бастап мемлекеттің өркендеуі мен қоғамның жан-жақты дамуына айрықша мән беріп келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан барлық салада қарқынды даму жолынан өтті. Еліміздің әлем мемлекеттері арасындағы беделі артып, бастамашылық бейбіт идеялары үлкен қолдауға ие болды. Осының барлығы – Елбасының дара саясатының жемісі, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған жасампаз халқымыздың ерен еңбегінің жеңісі. Сондықтан, еліміздегі ең ірі саяси күш ретінде бұл сайлауға міндетті түрде қатысуды көздеп отыр. Алғашқы құрылған күнінен бастап біздің партия тың бастамалар көтеріп, мемлекеттік жауапты шешімдердің қабылдануына ұйытқы болып жүр. Ол елдің мүддесін қорғайтын, халықтың керегін жоқтайтын нағыз халықтық партия екенін көрсетіп келеді. Сол себепті де, өткен сайлаулардың бәрінде көпшіліктің сеніміне ие болды. Уақыт – зымыран. Бүгінгі күннің талабы ырғалып-жырғалуды көтермейді. Міне, осы кезеңде «Нұр Отан» шын мәнінде халық мүддесі жолындағы партия екендігін дәлелдеді. Бұл орайда даму қарқынын үдете түсуге жамбылдықтардың да қосып отырған үлесі зор. «Нұр Отан» партиясы – халықтың қамын ойлаған саяси күш. Бұл – нұротандықтар үшін өте жауапты науқан. Осы съезде халықтың көбірек сеніміне ие болу мәселесі жан-жақты талқыланып, зерделенеді және межелі міндеттері белгіленеді. Бүгінде барша қазақстандықтардың сенімді серігіне айналған «Нұр Отан» партиясының еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына және өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі сүбелі. Нұрлы болашаққа жол бастаған «Нұр Отан» бүгінде халқының қамын, жұртының мұқтажын, жастардың болашағын әріден ойлайды. Өйткені, партия – қазіргі таңда өзіндік бет-бейнесі мен саяси ұстанымы орныққан еліміздегі жетекші саяси ұйым. Ендеше, бұл съезде партия мүшелері тарапынан үлкен белсенділік күтеміз. Өйткені, ішкіпартиялық жұмыстар әрқашанда жаңа бастамалармен және тың ойлармен сабақтасып, дамып отырады. Бұл іс-шара партия жұмысын жандандыруға бағытталған ұтымды ұсыныс-пікірлер айтуға мол мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы айтқандай, «бойдың емес, биік ойдың» шараларын ұйымдастыру кезек күттірмес тірлік болғалы тұр. Қалай айтсақ та, «Нұр Отан» партиясының мақсат-мүддесі Қазақстан халқының мақсат-мүддесімен үндес. Өйткені, партияның тілегі – бірлік, тілеуі – береке, мақсаты – ынтымақ, көздегені – ұлт тұтастығы мен еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы. Сонымен қатар, көпұлтты Қазақстан халқының жарқын өмір сүруі мен әлеуметтік-тұрмыс жағдайын көтеру, құқықтық әділдіктің әлеуетін орнықтыру болып табылады. Сембек СЕЙДӘЗІМОВ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, съезд делегаты. Жамбыл облысы.Өзара іс-қимыл келісімі
Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында жаңғыртудың тек қуатты мемлекет пен ұлттың топтасқандығы жағдайында ғана табысты болатынын естен шығармау тиістілігін, ол тәртіпке бастайтынын атап көрсеткен болатын. Соған орай, алда Бес институттық реформа бойынша «100 нақты қадамды» жүзеге асыру нұротандықтар үшін де негізгі іс-қимыл арқауына айналып, күнделікті қызметінде көрініс тауып отыр. Өйткені, бүгінгідей жаһандық экономикалық қиындықтардың дүмпуі ерекше сезіліп тұрған кезеңде партияның тарихи жауаптылығы артумен қатар, ел тағдыры үшін зор талаптар жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Саяси ұйымның негізін қалаушы Елбасының басшылығымен Қазақстан халқы экономикасы серпінді дамыған қоғам және демократиялық мемлекет құрып, ХХІ ғасырдың ортасына таман отыз елдің қатарына кіру секілді ұлан-ғайыр тарихи міндеттер тұр. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы Отанымызды мекен ететін жүздеген ұлт пен ұлысты ұйыстыратын, Президентіміздің мемлекеттік бағытын орындауды қамтамасыз ететін бірегей саяси күш ретінде танымал екенін айта кеткен жөн. Партияның ХV съезінде қабылданған «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» тұғырнамасында анық жазылғандай, бар бақытымыздың бастауы, негізгі жетістігіміз Тәуелсіздік болса, басты идеямыз – Қазақстанды өркендету. Қазіргі таңда елімізді серпіндірек, дәулеттірек өркендетудің алғышарттары жан-жақты жасалғанын күнделікті өмірде айқын сезініп жүрміз. Алысқа бармай-ақ, университет өмірінен мысалдар келтіруге болады. Республикадағы іргелі оқу ордасы Қазақстанның аккредиттеу және рейтинг агенттігі кеңесінің шешімімен 5 жыл мерзімге аккредиттеуден сәтті өтті. Демек, осы уақыт ішінде өзінің жоғары мәртебесін сақтай алады деген сөз. Елбасы ұсынған өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттарында білімді ұрпақ дайындауға ерекше мән берілген. Университет түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болу жұмыстарын жан-жақты жүргізуге ерекше мән беріп отырмыз. Өткен жылы радиотехника, электроника, ақпараттық жүйе (бакалавриат пен магистратура), информатика (бакалавриат) мамандықтары бойынша әлемдік стандартқа сай дипломдар алу құқығын иелендік. Университет тәжірибесінде қазіргі білімнің озық дәстүрлерін терең меңгеру мақсатымен озық технологиялар жүйелі қолданылады. Бұл қадамдар ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында инновациялық жүйені енгізуге, экономикалық білікті кадрлар әзірлеуге, білім сапасын жетілдіруге оң ықпал етері сөзсіз. Жалпыға ортақ табыстың басты факторлары – бірлік пен келісім, төл мәдениет пен руханилық, әділетті әлеуметтік саясат, зияткерлік ұлт. Тиімді мемлекеттік басқару жолында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс форумы нақты бағыт-бағдар ұстап, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимыл бағдарламасын тағы бір айқындап беретіні анық. Жанар ТАЛАСБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы Тіл институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, съезд делегаты. Солтүстік Қазақстан облысы.Жаңа бағдарлама қабылданады, жаңа идеялар айтылады
Қазір әлем елдерінің қаржылық ахуалы да, экономикалық өркендеуі де баршаны алаңдатып отыр. Өйткені, әлемдік экономиканың өрге басуына өзіндік әсері мол мұнай бағасының біресе қымбаттап, біресе арзандап, сан құбылуы жаһан жұртын ғана емес, көптеген елдерді де тығырыққа тірей бастады. Бұл, әрине, экспортқа мұнай тасымалдаушы елдер қатарындағы біздің отандық экономикаға әсер етері даусыз. Дегенмен, Қазақстан халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржы дағдарысына қарсы іс-шаралар жасақтап, отандық экономиканы өркендеу ырғағынан жаңылдырмайтын саясатының жемісін көріп отыр. Жалпы, әлем елдері қаржы дағдарысы мен мұнай бағасының құлдырауынан зардап шекті дегенімізбен, мұның салқыны отандық экономикаға тие қойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның болашағына сенетін отандастарымыз «Нұр Отан» партиясының съезінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеу көкжиегін одан әрі кеңейтуді көздеген бағдарламалық құжат қабылданарына үміт артады. Өйткені, ел-жұрт «Нұр Отан» партиясын халыққа жақын партия деп таниды. Оның басты себебі – «Нұр Отан» үшін өтініш айтушылардың бәрінің талабы маңызды, соның ішінде, қарапайым тұрғындарды толғандырған мәселелерге ден қойып, оң шешімін табуына атсалысады. Осыған дәлел ретінде, соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясына өтініш айтушылар, қоғамдық қабылдау бөліміне келушілер қатары еселеп артқанын айтуға болады. Елдің ықыласы жетекші партияның бағдарламасына ауып отыр. Осы жолы да қарапайым тұрғындар «Нұр Отан» съезінде Елбасы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл съезде елімізді әлемдік қаржы дағдарысына ұрындырмай, аман алып шығатын бағдарлама ұсынады деп зор үміт артып отыр. Өзім де дәл солай боларына сенемін. Өйткені, партия Төрағасы бұған дейін де бірнеше бағдарламалардың іске асуына ұйытқы болып келеді. Мәселен, соның бірі ретінде «Мәңгілік Ел» құжатын әзірлеуге берген тапсырмасын айтуға болады. Тегінде «Мәңгілік Ел» болу бабаларымыздан жеткен аманат болуымен ұлтымыздың ұлы мұратына айналды. Енді осы ұлы мұратты іске асырудың практикалық кезеңіне қадам басумен бірге, осы мақсаттағы Ұлт Жоспары да жасақталды. Ұлт Жоспары барша қазақстандық үшін темірқазықтай бағдарлы құжатқа айналып отыр. Бұл жоспардағы бес институттық реформа отандық экономиканы жаңа деңгейге көтеруге, жалпы, ел игілігі үшін жұмыс істейді деп ойлаймын. Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру – елдің ертеңі үшін маңызды қадам болмақ. Мұның әр өңірде, әр ауданда, әр ауылда жемісті іске асырылуына «Нұр Отан» партиясы атсалыса береді. Өйткені, біздің партияның басты мақсаты – ең алдымен, әрбір аймақта, елді мекенде, кентте және ауылда тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді, инфрақұрылымдардың жаңаруы мен әр тұрғынның өркениетті қоғамда өмір сүруін көздейді. Ең бастысы, бұл съезде елімізді дағдарыстың құрсауында қалдырмайтын жаңа бағдарлама, жаңа идея қабылданады, Парламант Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізіммен сайланатын кандидаттар талқыға түседі. Бұл тізімге елдің мүддесіне қызмет ететін отаншыл, заң шығару ісінде кәсіби біліктілігі жоғары партия мүшелері таңдалады деп сенемін. Ерболат БЕКТЕМІРОВ, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, съезд делегаты. Атырау облысы.