өзінің тиімділігін көрсетіп келеді
1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының бірінші шақырылған Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, еліміздегі тұңғыш қос палаталы кәсіби Парламенттің алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеген болатын. Бұл күн Тәуелсіз Қазақстан парламентаризмінің тарихы жаңа сипатпен, жаңа дәстүрмен, жаңа деңгеймен жалғасқан күні болып саналады. Содан бері 20 жыл өтті. Осы орайда еліміздің тұңғыш Парламенті Сенатының Төрағасы Өмірбек Байгелдімен сұхбат әзірленген еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Өмірбек Байгелдіұлы, сіз қос палаталы Парламенттің бастауында болған жандардың бірісіз. Сол кездегі жағдай көз алдыңызда шығар?
– Иә, бәрі күні бүгінгідей есімде. Ең алдымен, қос палаталы Парламенттің тарихы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алатынын айту керек. Еліміздің Ата Заңында Парламент Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органы болып белгіленді. Бұл еліміздің тарихындағы тұңғыш кәсіби Парламент болды. Өткенге топырақ шашу әдетімде жоқ, дегенмен, одақтас республика кезіндегі, сондай-ақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы заң шығарушы орган – Жоғарғы Кеңестің қызметі өзгеше болатын. Шынын айтқанда, республикамыздың Жоғарғы Кеңесі одақтық Жоғарғы Кеңестің шешімдерін қайталап отыратын еді. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Жоғарғы Кеңес кеңестік таптаурын соқпақтан шыға алмады.
Тәуелсіздікке ие болған Қазақстанға кәсіби түрде жұмыс істейтін, мемлекет құрылысын нығайтуға атсалысатын, ел дамуына аса қажетті сапалы заңдарды қабылдайтын, тұрақты түрде жұмыс істейтін Парламенттің қажеттігі тарихи мұқтаждық болатын. Сөйтіп, Конституцияда билік тармақтары айқындалды, заң шығарушы, атқарушы және сот билігін бөлу қағидасы жарияланды, тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі баянды етілді. Кәсіби Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен құралатын болды. Сенат конституциялық заңда белгiленген тәртiппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және елордадан екi адамнан өкiлдiк ететiн депутаттардан тұрады. Негізгі Заң адамның жоғары құндылықтары ретінде оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын бекітті.
1995 жылғы 5 желтоқсанда өткен сайлаудан кейін Сенат депутаттарының негізгі құрамы белгілі болды. 1996 жылғы 24 қаңтарда Қазақстан Президенті жоғарғы палатаға 7 депутатты тағайындады. Осылайша, Сенат құрамы толықтай анықталды.
1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстанның бірінші шақырылған Парламентінің бірінші сессиясы ашылды. Сессияның ашылуына қатысқан еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берді.
Бұл күн мен үшін де ерекше тарихи күн болды. Елбасының ұсынысымен Сенат депутаттары мені бірауыздан Сенат Төрағасы етіп сайлады. Бұл өте жауапты міндет болатын. Ел тарихында бұрын қос палаталы Парламент те, Сенат та болған жоқ. Тыңнан түрен салғанда қателіксіз болмайтыны анық, ал бірақ бізге қателесуге болмайтын еді. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Жоғарғы Кеңестердің тарихы дәлел. Сондықтан, маған жүктелген міндет – тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде табиғи түрде туындайтын саяси текетірестерге ұрынбай, мемлекет құрылысындағы ауқымы зор қадамдарды ілгерілете отырып, енді ғана өмірін бастаған тәуелсіз еліміздің Парламентін шыңырауға да, құз-жарға да құлатпай, белгіленген мерзімнен аман-есен өткізу болды. Бұл ретте қос палаталы Парламентті қалыптастыру және жұмысын ұйымдастыруға үлес қосып, Мемлекет басшысының сенімін ақтауды мәртебелі міндет деп түсіндім. Сенатқа жүктелген міндет – асығыстық пен қарбаластыққа, негізсіздікке жол бермей, елдің бейбіт дамуына, еркін ілгерілеуіне қажетті нақты құқықтық шешімдерді, сапалы заңдарды қабылдау. Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын егжей-тегжейлі талқылап, жан-жақты саралап, сүзгіден өткізіп барып қабылдауды мақсат еттік.
Палатадағы 47 депутат ұйымшылдықпен қажырлы қызмет етті. Салмақты шешімдер қабылдау арқылы жоғарғы Палатаның тежегіштік сипаты да осылай көрініс тапты деп ойлаймын.
Депутаттық корпустың құрамындағы 4 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты аянбай еңбек етті. Көптеген депутаттар бұрын заң шығарушы органдарға сайланған еді, олардың арасында Қазақ КСР, КСРО халық депутаттары, кәсіби заң шығару қызметінде тәжірибесі бар, он екінші және он үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болды. Сондықтан, сапалы заң қабылдауда Сенаттың өз ерекшелігі болды деп айта аламын.
– Сенат жұмысын бастаған кезде алғашқы болып қандай заңдар қабылданды? Жұмысты неден бастадыңыздар?
– Парламент сессиясының ашылуында Елбасы ең алдымен негізгі ресімдік мәселелерді реттейтін Сенаттың да, Мәжілістің де регламенттерін қабылдауды ұсынған болатын. Палаталардың регламенттері қабылданғаннан кейін ұйымдастыру мәселелері түбегейлі шешілді. Сөйтіп, біз заң жобаларымен жұмыс үдерістері белгіленіп, тиянақталғаннан кейін негізгі заң шығару жұмыстарын бастап кеттік.
Ең алғаш Сенаттың талқылауына түскен заңдар «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мемлекеттік емес ерікті зейнетақы қорлары туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», сондай-ақ, «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» болды. Шыны керек, алғашқыда бұл заң жобаларымен жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Депутаттардың бәрі бірдей заңгер, бәрі бірдей бұрынғы депутат емес. Осы кезде халқымыздың «көз – қорқақ, қол – батыр» деген мақалы еске түседі. Қандай күрделі құжат, қандай қиын заң жобасы болса да сол кездегі сенаторлар заң жобасын жетілдіру жұмыстарына аянбай кірісті. Құқықтық саладағы тәжірибесі жеткілікті деп айту да қиын еді. Заң жобалары алдымен жұмыс топтарында, содан кейін салалық комитет отырыстарында сарапқа салынды. Комитеттің кеңейтілген отырысында заң жобалары жан-жақты сарапталып, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар әзірленіп, палата отырысына алдын ала келісілген дайын жобамен келеді. Сенат отырысында әрі тартып, бері тартқан талқылаудың аз болу себебі де сол болды. Бұл еңбек уақытын үнемдеуге көп септігін тигізді. Бірақ, палатаның жұмыс ерекшелігін түсінбегендер оны сын садағына іле бастағанын да айтуға тиіспін. Жұмыс топтарындағы, комитеттердің әлденеше отырыстарындағы талқылаулардан бейхабар жандар «сенаторлар көп талқыламай, қабылдай салады» деп те айып тақты. Алайда, заң шығарудағы күрделі де даулы отырыстардың бәрін жұртшылыққа жеткізу мүмкін емес еді.
– Алғашқы отырыстарда қаншама заң қабылдадыңыздар, солардың ішінде ең маңыздысы, ең есте қалғаны деп қайсысын айтар едіңіз?
– Сенат қабылдаған заңдардың әрқайсысы еліміздің дамуына аса қажет, әрі маңызды екені ақиқат. Мәселен, біз қабылдаған «Мемлекеттік емес ерікті зейнетақы қорлары туралы» Заң зейнетақы реформасының бастауы болды. Осы заң қабылданғаннан кейін елімізде зейнетақы қорлары пайда болды, еңбек адамдары зейнетақы қорларынан есепшот ашып, жарналарын жинақтай бастады. Бұл келешектегі зейнеткерлердің алаңсыз өмірін қамтамасыз етуге, мемлекеттен ғана зейнетақы күтіп отырмай, өзінің жинағы болуына ықпал етті.
Енді бір маңызды заң «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» болды. Бұл заң біздің елімізге шетелдік инвесторлардың көптеп келуіне жол ашты. Сөйтіп, сол арқылы өндірісімізді дамытуға, экономикалық жағдайымызды көтеруге, жаңа технологиялардың көптеп келуіне мүмкіндік алдық. Әсіресе, мұнай мен газ, түсті металл өндірудегі бұрынғы технологиялардың ескіргені ақиқат болатын. Бізге келген инвесторлар қаржысымен ғана келген жоқ, жаңа станоктары мен жабдықтарын да ала келді. Инвестиция көлемі күрт көтерілді. Миллиондаған АҚШ доллары көлеміндегі қаржы еліміздің экономикасына қосылды. Ал оған жаңағы біз қабылдаған заң мүмкіндік берді. Сөйтіп, еліміздің Парламенті, Сенат мемлекетіміздің дамуына, экономикалық өркендеуіне заңнамалық база қалыптастыру арқылы үлес қосты. Қос палаталы Парламенттің тиімділігіне біз анық көз жеткіздік.
– Заң жобаларын қабылдау барысында Сенат пен Мәжіліс арасында келіспеушіліктер болған жоқ па, әлде үйлесімді жұмыс қалыптасты ма?
– Елбасының осының алдында айтып жүрген қос палаталы кәсіби Парламент құру идеясы өркениетті қоғамдағы парламентаризмнің қағидаларына сүйенген болатын. Мемлекет құрылысында екі палаталы Парламенттің болуы заң жобаларын қарау мен талқылауда және қабылдаудағы шынайы демократиялық ұстанымдардың сақталуына жол ашады.
Сол кездерде қос палаталы Парламенттің тиімділігі айрықша байқалды. Шыны керек, заң жобалары Мәжілісте қызу пікірсайыстарға арқау болып, демократияның бар болмысы жан-жақты көрініс тауып жатты. Мәжілістегі әріптестер қыза-қыза келе, кейбір аса қажетті заң жобаларын қарамай, Үкіметке қайтару туралы да пікір айтып қалатын. Ал саяси қызбалыққа салыну Сенаттың табиғатына жат екені айқын болатын. Тежемелік тұрғысында тепе-теңдікті сақтаудағы Сенаттың рөлі ойдағыдай атқарылды. Мемлекеттің қос палаталы заң шығару органының тиімділігі осылай айқындалды.
Заң жобаларын қарау барысында екі палата арасында келіспеушіліктер де болды. Біз оны «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Заңның аясында палаталар арасындағы келiспеушiлiктерді келiсу ресiмдерi арқылы шештік.
– Парламенттің Арқа төріне, Ақмолаға қоныс аударуы заң шығару жұмыстарына кедергі болған жоқ па?
– Көшіп-қону кімге де оңай болмаса керек. Бір отбасының басқа пәтерге көшуінің өзі талай әуреге түсіреді емес пе. Бірақ, біз мына нәрсені түсіндік – Қазақ елі тарихында тұңғыш рет өзінің елордасын өзі белгіледі, өзі таңдау жасады, көшу туралы өзі шешім қабылдады. Бұл – ерекше мәні бар тарихи оқиға, оған куә болғаныма әрі қуанамын, әрі мақтаныш. Басқа елдер елу жылда өткен жолдан, біз бір жылда, тіпті, одан да аз уақытта өтіп отырдық. Елбасының мемлекет астанасын ауыстыру туралы батыл шешімін ол кезде түсінбегендер көп болды. Таудың биіктігін алыстағанда білесің дегендей, 20 жылдан астам уақыт өткенде Нұрсұлтан Әбішұлының дана шешіміне қазіргі кезде барша қазақстандықтар риза.
Біз көші-қон мәселелерін заң шығару жұмыстарына кедергі болмайтындай етіп ұйымдастырдық. Бұл тұрғыда сол кездегі Сенат Аппараты айрықша еңбек сіңірді. Депутаттар да, Аппарат қызметкерлері де тыңғылықты дайындықпен қоныс аударды. Ақмоладағы Парламент ғимараты, техникалық қолдау, шаруашылық саласының үйлері, депутаттар мен қызметкерлердің үй-жайлары дайын болды. Сондықтан заң жобаларын талқылау және заңдарды қабылдауда ешқандай кедергі немесе үзіліс болған жоқ.
– Астанаға көшіп келдіңіздер. Елордадағы Сенат ғимаратының құрылысына сіздің де қатысыңыз бар деп естиміз. Сол туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, Астанаға көшіп келдік. Жоғарғы заң шығару органы қалыпты жұмыс істеп жатты. Бірақ Сенат пен Мәжіліс бір ғимаратта болғандықтан, шағын ғимаратта отырғандықтан, тарлық ете бастады. Аппараттың бірнеше бөлімін басқа ғимаратқа орналастырдық. Есілдің сол жақ жағалауынан «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағы құрылып, жаңа әкімшілік орталығы салына бастады. Парламентке жаңа ғимарат тұрғызылатыны, Сенат пен Мәжіліс бөлек орналасатыны белгілі болды.
Парламенттің қызметі де қарқын ала түсті. Парламентаралық ынтымақтастық нығайды. Халықаралық қатынастар өрістеді. Бірде Швеция астанасы Стокгольмге барып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламентаралық Ассамблеясының сессиясына қатыстық. Парламенттік делегациямен Түркияда да болдық. Санкт-Петербургте ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының отырысына қатыстық. Біз де бардық, шетелдік парламентшілер де келді. Сауд Арабиясына барған сапарда Корольмен кездесудің сәті түсті. Сол жерде Қазақстанның елордасы жаңа қалаға қоныс аударып жатқаны туралы әңгіме болды. Король біздің жаңадан егемендік алған мұсылман ел екенімізді еске алып, Сенаттың жаңа ғимаратын салуға сый ретінде қаржы беремін деп уәде етті. Сол қаржыға қазіргі Сенат ғимараты салынды, ол Парламенттің жоғарғы палатасына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
– Ал енді бүгінгі күнге оралсақ. Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде «Бес институттық реформа» аясында транспарентті және есеп беруші мемлекет құруды, билік өкілеттіктерін қайта бөлуді ұсынды. Оның Парламентке де қатысы бар деген сөз. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қалай?
– Елбасы Ұлт Жоспарын ұсынды. Ол біздің еліміздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспары болып табылады. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам қалыптасуы үшін елдің алға қарай тұрақты қозғалысы қажет.
Елбасы айтқандай, билік өкілеттіктерін біздің дәстүрлерімізді есепке ала отырып Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлуді көздейтін конституциялық реформа кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл ретте қос палаталы Парламенттің тиімділігі ескерілуге тиіс деп ойлаймын. Мұның бәрі Қазақстан мемлекеттілігін нығайту мен әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жағдайлар жасайтын болады. Бұл – «2050» Стратегиясын орындауға жол бастайды. Бес институттық реформаның әрқайсысы – ел үшін орасан зор сын-қатер және ауқымды шаралар. Мұндай реформалар тек билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен ғана қамтамасыз етіле алады.
Таяуда Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында қазірдің өзінде барлық қажетті заңдар қабылданғанын және заңдық күшіне енгенін айтқан болатын. Сондай-ақ, Парламент пен Үкімет жұмысының үйлесімділігін ерекше атап өтті. Қысқа мерзімде жүзеге асырылған заңнамалық жұмыстардың осындай қарқыны мен сапасы бұған дейін Қазақстанда болмағаны да айтылды. Елбасы мұны – біздің парламенттік моделіміздің және мемлекеттік биліктің өкілетті және атқарушы тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесінің жоғары тиімділігінің айғағы екенін атап өтті.
– Бұрынғы әріптестеріңіз – бүгінгі сенаторларға қандай тілек айтар едіңіз?
– Қазіргі сенаторлардың заң шығару жұмыстарына тілектес болып отырамын. Ең бастысы, елдің дамуына аса қажетті заңдардың қабылдануына атсалысу. Заң жобаларының егжей-тегжейлі қаралып, талқыланып, жетілдірілуі аса жауапты әрі негізгі мәселе. Сондықтан, сенаторларға осы жауапты қызметтерінде табысты болуға тілектеспін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Серік ҚАРАЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.