29 Қаңтар, 2016

Ел сенімін ақтау – абыройлы іс

574 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
*Делегаттар лебізі «Нұр Отан» партиясының XVIІ съезіне қатысуға Қостанай облысынан арнайы делегация келді. Олардың арасында әртүрлі сала мамандары, ірі кәсіпорындардың жетекшілері, зиялы қауым, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері және партия филиалдарының басшылары мен қызметкерлері бар. Осы орайда, біз аталған делегацияның бірқатар мүшелерімен тілдескен едік. Людмила ГАЛЬЦОВА, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Жайлау» сауықтыру кешенінің бас дәрігері: – Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының съезіне бірінші рет қатысайын деп отырғаным жоқ. Бұған дейін де партиямыздың осындай алқалы жиынына қатысып, көптеген маңызды шешімдердің ел игілігі үшін қабылдануына өз дауысымды берген болатынмын. Міне, маған партиямыздың съезіне тағы да қатысуға мүмкіндік туып тұр. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Жалпы, партиямыздың кезектен тыс XVIІ съезінің қоғамымыз үшін мән-маңызы жоғары. Өйткені, съезде партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, ұйымымыздың атынан депутаттыққа үміткерлер анықталады. Ал партия аясында қолға алынатын бұл шаруалардың қоғам өміріне тікелей қатысы болатыны айтпаса да түсінікті. Михаил ДӘУЕНОВ, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемле­кеттік университеті ректорының кеңесшісі: – Елбасы саясатын қолдауда, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру бағытындағы жұ­мыстарда белсенді іс-қимылымен ерекшеленетін партиямыздың съезінің шақырылуы – шын мәнінде үлкен оқиға. Өздеріңіз білесіздер, Мәжіліс депутаттары Елбасына үндеу жолдап, Мәжіліс сайлауын кезектен тыс өткізуді сұраған болатын. Депутаттардың бұл бастамасы Қазақстан азаматтары тарапынан кеңінен қолдау тауып, содан кейін, яғни 20 қаңтар күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойған-ды. Бұл тарихи шешім болды. Өйткені, қазіргі дағдарыс иектеп, түрлі сын-қатерлер елеңдеткен уақытта бұл қадамның тиімді екені анық. Негізінде, уақыт талабынан туындап отырған жаңа міндеттерді орындау үшін қоғамға серпіліс керек. Сол үшін де жаңа Мәжіліс жасақталғаны жөн. Осы орайда партиямызға халықтан жаңа сенім мандатын алуға мүмкіндік туып тұр. Ибраш ЕСТАЕВ, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты, «Светлый Джарколь» ЖШС директоры: – Шын мәнінде, қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының еліміздегі беделі өте жоғары. Біздің ұйым құрылғалы бері еліміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға байланыс­ты көптеген жұмыстар атқарып келеді. Мұның барлығына халық куә. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде дағдарыс әлегі, түрлі сын-қатерлер баршамызды алаңдатып отыр. Партиямыздың осындай жағдайда өз съезін өткізіп, өткенді бір қорытындылап, алда тұрған міндеттерді жаңа қарқынмен еңсеруге ниет білдіруі құптарлық іс. Съезде қаралатын мәселелер өте маңызды. Онда қабылданатын шешімдер халық көңілінен шығады деп есептеймін. Серікбай ШАЙМАҒАМБЕТОВ, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі: – «Нұр Отан» партиясының XVIІ съезіне Қостанай өңірінен 50-ден астам делегат келді. Олардың барлығы да осынау беделді съезге қатысуға мүмкіндік алғандарына өте қуанышты. Қостанайлық делегаттар алдағы сайлау науқанының ел өміріндегі орнын жете түсінеді. Қазіргі таңда біздің партиямыздың халықпен тығыз байланыса жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар. «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы да өз кезегінде ел алдындағы жауапкершілігін терең түсініп, халық сеніміне селкеу түсірмей қызмет көрсетіп келеді. Жалпы, съездің күн тәртібіне шығарылатын мәселелер белгілі. Онда қозғалатын жағдаяттар, қабылданатын шешімдер ел-жұртымыздың көкейінде жүрген арман-тілегімен үндестік табады деп ойлаймын. Өйткені, осынау ауқымды шара халық игілігі үшін атқарылып жатқаны күмән тудырмайды. Дайындаған Жолдыбай Базар, «Егемен Қазақстан».