Жамбыл облысының спортшылары былтыр осынша жүлде алды
Бұқаралық спортты дамытудың ең негізгі жолдарының бірі жоғарғы спорттық жетістіктерді насихаттау екені анық. Өткен жылы Жамбыл облысының спортшылары әлемдік және халықаралық байрақты бәсекелерде 1128 медальға ие болды. Оның ішінде әлем, Азия чемпионаттары мен Кубоктарында – 111 медаль, халықаралық турнирлерде – 194 медаль, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 823 медаль иеленіп, жылды өте табысты аяқтады. Иә, кезінде талай мықтыны мойындаған жамбылдық ұландар қазір енді соларға өздерін мойындатып жүр.
– Өткен жылғы жұмыстарымыздың ең басты бағыттарының бірі, ел ертеңі жастарымыздың жан-жақты білімді, рухани бай, ұлттық салт-дәстүрлерімізге адалдығын бойына сіңіруге арналды, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков. – Өткен жылы өңірде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 25,5 пайызға көтеріліп, 282,3 мың адамға жетті. Бұл – 2014 жылмен салыстырғанда, 2,2 пайызға немесе 26,8 мың адамға өскен деген сөз. Соның ішінде 30,2 пайызы немесе 60,0 мың адам мектеп жасындағы балалар.
Иә, өңірде ел ертеңі жастардың спортпен айналысуына мол мүмкіндіктер жасалуда. Жалпы, спорттың бұқаралық маңызын арттыру мәселесін – спорттық базалардың қолжетімділігінен бөле қарауға болмайды. Өйткені, спорт нысандары – бұқаралық спортты дамытудың кепілі. Соңғы жылдары облыста спорт нысандарының қолжетімділігі үлкен қарқынмен өсіп келеді.
Өткен жылдың өзінде Мойынқұм, Жуалы аудандарында спорт зал кешені, Тараз қаласында №3 олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебіне арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Тараз қаласында шағын футбол, баскетбол және волейбол ойындарына арналған, жасанды төсенішпен қоршалған – 3, Қаратау қаласында 2 спорт алаңшасы қатарға қосылды. «Қазфосфат» ЖШС спорт кешенін ашты, онда бүгінде 600 жұмысшы мен 150-ге жуық жасөспірім спортпен тұрақты шұғылдануда. Жалпы алғанда, өткен жылы облыстың спорт саласының дамуына 6,35 млрд. теңге бөлінді. Бұл саланы қаржыландыру 2014 жылмен салыстырғанда, 12,0 пайызға артқан.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.