29 Қаңтар, 2016

Оқулық жазуда он ұстанымға сүйенемін

748 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ұстаз«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп келетін хакім Абайдың осы сөзі қаншама ұрпақтың санасында сақтаулы. Сол сөзді үйреткен де, жалықпай жаттатқан да мұғалім дейтін мамандықтың тұтқасын ұстаған тұлғалар емес пе. Жұрт баласын жатсынбай, бауырына басып баулыған жандардың ұлт ұрпағы үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осындай сауапты да жауапты қызметтің тізгінін ұстап, ел ертеңіне елеңдеп жүрген ұстаздардың бірі Алматы қаласы М.Базарбаев атындағы № 138 қазақ гимназиясы география пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі Ұлжалғас Есназаровамен әңгімелескен едік. – Білім беру саласындағы жеткен жетістіктеріңіз, өзіңіз тәрбиелеп жүрген шәкірт­теріңіздің ел дамуына қосып жатқан үлестері жайлы айт­саңыз. – Жас ұрпаққа сапалы гео­графиялық білім беруде жеткен жетістіктерім үшін ҚР Бі­лім министрлігінің Құрмет грамотасымен (1991,1992 ж.), «Білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен (1993ж.) марапатталдым. География ма­мандығы бойынша доцент, ал педагогика мамандығы бойын­ша профессор ғылыми атағының иегерімін. Ал 2014 жылдың 23-27 мамыр аралығында Швейцарияның Женева қаласында өткен ХΙΙ ха­лық­аралық «Еуропалық Сапа үшін Гран-при» конкурсына қатысып, «Білім саласында дәстүрді сақтап, инновация енгізгені үшін» номинациясы бойынша «Еуропалық Сапа үшін Гран-при» лауреаты атанып, Алтын медальмен марапатталдым. Осы еңбектерім үшін Фран­­­­ция­ның астанасы Пар­иж қаласынан 2015жылы Франция өнеркәсібін да­мытуға қол­ғабыс етуші Ұлттық Ассоциа­циясынан (SEIN) «Білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» Алтын медалімен марапатталғаным туралы қуа­нышты хабар келді. SEIN Ассоциациясы Ал­тын медалі 1801 жылы Бі­рінші Консулы Наполеон Бонапарттың декретімен тағайындалған екен. Сол уақыттан бері бұл ме­­даль­мен дүниежүзі елдері эко­номикасының дамуына зор үлес қосқан және ғылыми зерттеулері жарқын жетістікке жеткен адамдар марапатталып келеді. SEIN Ассоциациясы бірінші Алтын медалімен Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді қосып тұрған Суэц каналы құрылысын басқарған әрі архитекторы Фердинанд де Лессеп (1869ж.) марапатталған. Одан кейінгі жылдары Фран­цияның символы болған Эй­фель мұнарасының авторы әрі құрастырған инженер Густаво Эйфель (1886ж.), алғашқы телеграфты ойлап тап­қан ағылшын өнертапқышы Чарльз Уитстоун (1873ж.), бірін­ші кинематографиялық аппаратты жасаған, аттары әлемге белгілі ағайынды Луи және Август Люмьерлер (1895ж.), тұңғыш фотосурет жасауды ойлап тапқан Ньепсу мен Дагеру, қазіргі микробиология мен иммунология негіздерін салған Луи Пастер (1873ж.) және басқа да көптеген атақты ғалымдар мен өнертапқыштар иеленген. Осындай марапатты алу мен үшін үлкен мәртебе. Ал, шәкірттеріме келетін болсам, мамандығы бойынша жақсы еңбек етіп аты шық­қан оқушыларымызбен мақтанамыз, алдымызда отыр­ған жас шәкірт­терге мысал ретінде айтамыз. Мысалы, 1989 жылы география пәні бойынша өткен Бірінші рес­публикалық олимпиадада екі оқушым II дәрежелі дипломмен марапатталды. Карменова Бота мен Өнербаева Сәуле (қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті, 2013 жылы «ЖОО үздік оқытушысы»). Сайын Аружан география пәнінен өткен екінші-үшінші Республикалық олимпиадада екі мәрте I дәрежелі жүлдегері болғандықтан, ҚазҰУ-дің география факультетіне кон­курс­тан тыс қабылданған бо­латын. Білім саласын дамы­тудағы қосқан үлесім үшін Елбасының 1998 жылғы 11 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді. – Оқулық жазудың оңай емес екені белгілі, сөйте тұ­ра осы қиын іске бел буып келуіңізге не себеп? – Географиядан респуб­ликалық атаулы мектептің ашылуы Қазақстан Респуб­ликасы егемен ел болып, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған тарихи уақытқа сай келді. Атаулы мектеп мүшелері өздерінің шығар­машылық жұмысының бас­ты мақсаты етіп, Қазақстан географиясын жеке пән ре­тінде оқыту мәселесін қойды. Себебі, Қазақстанның географиясы сол уақытқа дейін КСРО географиясының құрамдас бөлігі ретінде 2 оқу жылында бар-жоғы 23 сағат көлемінде оқытылып келген еді. Жер аумағы жағынан дүниежүзінде 9-орында, жер қойнауындағы байлық қоры жөнінен 6-орында тұрған еліміздің табиғатының әсемдігін, қазынасы мол­дығын, жерінің кеңдігі мен көркемдігін, халқының дар­хандығын оқып-біліп өскен ұрпақ тәуелсіз еліміздің бола­шағына сеніммен қарап, ата-баба арманын жүзеге асырады деп ойлаймын. Сол себеп­ті қазақша оқулықтардың жа­рыққа шығуына жанталастым. «Қазақстан Рес­публикасының географиясы» курсының бірінші бөлімі «Қазақстанның физикалық географиясы» еліміздің тарихында география пәні бойынша алғаш рет қазақша жазылған оқулық. 1991 жылы қараша айында Алматы қаласы №138 қазақ орта мектебінде өткен атаулы мектептің алғашқы республикалық мә­жілісі «Қа­зақстан географиясын оқыту барысында оқушыларға эко­логиялық білім және тәрбие беру» тақырыбы бойынша өтті. Содан бері Қазақстан географиясын жалпы білім беретін орта мектепте алғаш рет жеке пән ретінде оқытуға арналған 136 сағаттық бағдарлама, оқулық және оқу-әдістемелік кешен (ОӘК) жасалды. Олай болса, оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының тө­мендемеуі, пән мұғалімінің өз ісіне шебер болып, нем­құрайды қарамауы, жалпы орта білім беретін мектеп жұмысының алға басуы жаңа буын оқулықтарының сапасы мен мазмұнына тікелей байланысты деп ойлаймын. – Бір сұхбатыңызда «Мен оқулық жазу барысында он ұстанымға сүйенемін» деген едіңіз, соларды тарқата айтсаңыз. – Докторлық зерттеу жұ­мысымның тақырыбын «Қа­зақстан Республикасының географиясы» курсы бойынша жасалған оқу-әдістемелік кешеннің ғылыми негіздері» деп алу себебім өзім жаз­ған оқулық және оқу-әдіс­темелік кешенді ғылыми-теориялық тұрғыдан талдау. Докторлық диссертациялық зерттеу жүргізгенде жалпы оқулыққа қойылатын 10 түрлі ұстанымды анықтадым. Олар: өлкетану, тарихи, тү­сі­нікті болу, жүйелілік, кі­ріккен, аумақтық, ғылыми, проблемалық, типологиялық және көрнекілік бағыттары. Ұзақ жылғы ұстаздық тәжі­рибемде байқағаным оқу­лықтың мәтіні оқушының жас ерекшелігіне лайық түсі­нікті тілмен жазылмаса оқушы ол мәтінді оқымайды. «Апай, оқыдым, бірақ түсінбедім» дейді. Кейде БАҚ құралдарынан кітаптың тілі ауыр, оқушыларға түсінуге қиын деген сөздерді естіп жатамыз. Менің байқағаным, егер оқулық авторы мектепте сабақ бермеген, тек ғылыми жұмыспен айналысқан ға­лым болса, ол тек ғылыми ұстанымға көбірек көңіл бөледі де, түсінікті болу ұстанымы аз ескеріледі. Ал автордың мектепті етене білетін ұстаздық тәжірибесі бар болса, онда түсінікті болу ұстанымын бас­ты назарға алады. – Оқулықтарыңыз қанша тілге аударылды? Жалпы, еліміздегі оқулықтардың олқылықтары туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мұның себебін неден іздеуге болады? Өзіңіз жазған оқулықтарға қандай баға бересіз? – Менің ойымша, мемлекет тарапынан бөлінген қаржы тек сол елдің мемлекеттік тілінде жазылған оқулықтарға жұмсалуы тиіс. Мысалға Францияда оқулық жазуға тек француз тілінде ойлап, жазатын ел азаматына тапсырыс беріледі. Көршілес мемлекет Ресейді айтпағанда, жағдай алыстағы Жапония мен Ұлыбританияда да солай. Бұл елдердің оқулық жазу тәжірибесі ғасырлар бойы қалыптасқан. Ал біздің елде оқулық жазу дәстүрі енді қалыптасып келеді, бар-жоғы 15-20 жылға жетпейді. Кемшіліктердің болуы да содан. Кеңес Одағы кезінде оқулықтар тек орыс тілінде жазылып, сосын 15 одақтас республикаға аудармасы жіберілетін. Кезінде орысша жазылған оқулықтарда да қателер болған, бірақ олар біздер сияқты айқайламай, сынақ-байқау және сапалы жүргізілген сараптама арқылы қателерін түзеп, реттеп отырды. Кейбір оқулықтар 20-30 рет өңделіп баспадан шыққан. Мен үшін алар орны айрықша іргелі жұмысымның бірі 1999 жылы басылып, 2011 жылы екінші рет өңдеуден өткен «Түркі тілдес елдер географиясы» оқу құралы. Аталған еңбегімді 2013 жылы Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессор ғалымы Т.Кулматов қырғыз тіліне аударып, Бішкек қаласындағы Тұрар баспасынан «Түрк тилду өлкөлердүн географиясы» деген атпен басып шығарған. Және де сол оқулық осы оқу орнының гео­графия және экология факультетінің оқу үдерісіне енгізілді. Оқулықтарымның сапасы қалай, оқушыға түсінікті ме деген сұрақ әр уақытта есте тұрады. Өзім жазған оқу­лықтарымды осы уақытқа дейін еңбек ететін М.Базарбаев атындағы № 138 қазақ гим­назия­сында оқушыларға сабақ бере жүріп өңдедім, толықтырдым. – Жақында Ресей астанасы Мәскеу қаласында 28-ші халықаралық кітап көрмесі өтті. Аталмыш көрмеде сіз­дің авторлығыңыздағы «Физическая география Казахстана» оқулығыңыз «Алтын» медальмен марапатталыпты, осы жайға кеңірек тоқталып өтсеңіз. – Ресей мемлекеті дарынды отандастарын дәріптеуде үйренерлік көптеген игі жұмыстар жүргізуде. Мәс­кеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде 28-ші рет өтіп отырған Халықаралық кітап көрмесінің ресми ашылуы 2015 жылғы 2 қыркүйекте өтіпті. Оның ашылу салтанатына Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин қатысыпты. Қалыптасқан дәстүр бойынша осы Халықаралық кітап көрмесінде «Жыл кітабы» Ұлттық конкурсының же­ңім­пазы анықталып, ТМД елдерінен барған «Кітап өнері» Халықаралық кон­курсының жеңімпаздары марапатталды. 2015 жыл «Ресейдегі әдебиет жылы» деп жарияланғандықтан, ресейлік атақты жазушылар, ақындар, саясаткерлер, режиссерлар мен тележүргізушілер келіп кездесулер өткізді. Дүние­жүзінің 30 елінен 300 бас­па қатысып, өздері шығарған әртүрлі кітаптарды көрмеге қойған. Халықаралық кітап көрмесінің биылғы жылғы құрметті қонақтары Сербия, Армения және Иран болды. Менің 8-сыныпқа арналған «Физическая география Казах­стана» деген оқулығымды Ресей Жаратылыстану академиясы өздері өткізген Халықаралық «Отандық ғылымның алтын қоры» конкурсының жеңімпазы болғандықтан ұсынған екен. Ол хабарды мұғалімдер кү­ні қарсаңында аталмыш академиядан келген хат арқылы білдім. Маңдай термен жазылған жұмысымның маңыздылығын ескере отырып, халықаралық кітап көрмесінің «Алтын медалімен» және 28-ші Халықаралық Мәскеу кітап көрмесінің дипломымен марапаттады, сонымен қатар, оқулығының аннотациясы осынау Кітап көрмесінің каталогіне енгенін де ерекше қуанышпен жеткізгім келеді. Еңбегімнің жанғаны осы болар.  Әңгімелескен Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».