ӨСКЕМЕН. 29 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бүркітшілердің ересектер арасындағы республикалық X чемпионаты мен аудан бүркітшілерінің бауашар мерекесі басталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жарысқа Астана қаласы мен еліміздің 10 облысынан келген құсбегілер қатысты. Оның ішінде қансонарды қызықтаған жұртшылық 29 бүркіт пен 4 қаршығаның өнерін тамашалауда. Алтай-Тарбағатай елінде тұңғыш рет ұйымдастырылған бүркітшілер фестивалі Мақаншы ауылының іргесіндегі Жайтөбеде өтіп жатыр.
«Қазақстанда ұлттық спорт түрлері кеңінен дамып келеді. Тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық ойындарымыз бен өнеріміз қайта жаңғыру үстінде. Бүркітшілер мерекесі Шығыс өңірінде, Абай елінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шараны жоғары деңгейде өткізуге Қазақстан бүркітшілер одағының мүшесі, ұлттық өнердің майталман шебері Тәттімбет Кәпұлы бастаған үржарлық жерлестеріміз үлкен үлес қосуда. Ата-бабамыздан қалған мұраны ұлықтауға еліміздің 11 өңірінен келген бүркітшілермен бірге Үржар ауданының құсбегілері де атсалысып жатыр. Келешекте құсбегілік, бүркітшілік өнерді одан әрі өрістете түсу мақсатында бұл шараны өңірлік деңгейде жалғастыруды көздеп отырмыз», – деді аталған шараның өтуіне зор қолдау көрсеткен Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
Айта кеткен ләзім, бүркітшілер бауашарына еліміздің ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық спорт пен саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған және белгілі құсбегілер мен сыншылар қатысуда. Жарыстың алғашқы күнінде бүркітшілердің киімі, ат әбзелдері тексерілді. Ұлттық нақышта тігіліп, ою-өрнектермен безендірілген саптама етік, қысқа тон, қалың шалбар, бүркітші биялайы, шырға балдақ, томаға, ер қаруы – пышақ, құстың жемсауыты секілді барлық құсбегіне қажетті құрал-жабдықтары назарға алынып, бүркіттің тұрпаты мен бүркітшінің киімі бағаланды. Бұдан соң сайыстың құсты қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшу кезеңдеріне де кезек жетіп, саятшылар қыран құстарының бабы қалай екенін көрсетті. Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл әр өңірден келген қыран бүркіттер мен қаршығалардың жергілікті жер жағдайы мен табиғат райына бейімделуіне де көмектеседі.
Жарыстың екінші күні бүркіттердің аңға шалымдылығы сынға түсіп, шын мәніндегі қан қыздырар салбурынмен жалғасады.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz.