Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия
съезіндегі баяндамасы туралы отандастарымыздың ортақ ойы осындай
Жаңа бағыт, жаңа идея керек
Кәсібилер ғана сапалы заң қабылдайды
Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Парламент Мәжілістің жаңарып отыруы заңды процесс. Соңғы шақырылымдағы емес, бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары да саяси жағдайды ескере отырып, өзінің қызметін мерзімінен бұрын тоқтатқан еді. Осы жолы да солай болды. Қазір әлемді тұрақсыздық билеп, дамыған елдердің өзінде экономиканың аз да болса төмендеуі байқалады. Оған мұнай бағасының арзандауы да өзінің залалын тигізіп отыр. Шын мәнісінде, бұл Мәжіліс сияқты заң шығарушы органның жаңаруын қажет етеді. Бүгінгі өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде өзекті мәселенің бәрі жан-жақты талқыланды. Уақыт талабынан туындап отырған проблемаларды еңсеруге қатысты сайлауалды бағдарлама қабылданды. Ал съезде жарияланған партиялық тізімге қарайтын болсақ, алдағы Мәжіліс сайлауына тәжірибелі жаңа адамдар ұсынылып отырған сияқты. Жалпы, Мәжіліс депутаты заң шығаратын адам болғандықтан өзінің кәсіби саласын жақсы білуі керек. Инженер өз саласын, мұнайшы өз саласын, ауыл шаруашылығы маманы өз саласын терең білуі тиіс. Өйткені, заңның барлығы сала-сала бойынша қабылданады ғой. Мысалы, шаруа қожалығы туралы заң болуы мүмкін, мұнай саласына қатысты заң болуы ықтимал. Білім саласын дамытуға байланысты заң болуы мүмкін. Міне, сол кезде саланы жетік білген кәсібилер ғана сапалы заң қабылдай алады. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, белгілі бір заң жобасын қараған сәтте басқа елдердің тәжірибесін, заңының ерекшеліктерін зерттеп, елеп-екшей білуі қажет. Қазақстан енді ғана даму жолына түскен ел болған соң дамыған елдердің тәжірибесін, оның ішінде, заң шығарушылық саладағы тәжірибесін меңгеруге тиістіміз. «Нұр Отан» партиясы сайлау додасына қосып отырған үміткерлер арасында осындай білікті жандар көп қой деп үміттенемін.Елбасы шешімі – өте дұрыс шешім
Атсалим ИДИГОВ, «Огни Алатау» облыстық газетінің бас редакторы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі. Әуелі Парламент Мәжілісінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу мәселесіне тоқтала кетейін. Мәжіліс депутаттарының бастамасына орай Елбасының қабылдаған шешімі өте дұрыс болды. Бір жағынан қазір дағдарыс белең алып тұр. Осындай кезеңде елді біріктіретін фактор болу керек. Екіншіден, сайлау халықты біріктіретін, ынтымаққа үндейтін фактор болып табылады. Үшіншіден, сайлауды жыл аяғында өткізетін болсақ, нағыз дағдарыстың шырқау шегіне жеткен кезеңіне барып тірелетін едік. Ол кезде сайлау қаржылық жағынан да шығынды көп талап етуші еді. Сол себепті, Елбасының қабылдаған шешімі дұрыс деп есептеймін. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі алдағы сайлауға дайындық қой. Съездің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші – партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдадық. Екінші – алдағы Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысатын партиялық тізімді бекітіп, яғни үміткерлерді іріктедік. Бұдан басқа алқалы жиында партияның сайлауалды стратегиясы мен тактикасын айқындадық. Алдағы уақытта не істейміз, алдымызға қойған мақсат-міндеттер қандай, оған жету үшін не істеуіміз керек, қысқасы, көпті толғандырған мәселелерді талқыладық. Сөйтіп, күн тәртібіндегі мәселелерге сай шешім қабылданды. Елбасы дағдарысты тек күшті халық қана еңсеріп шығады деп айтқан еді ғой. Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз, ол үшін рухымыз күшті болуы керек. Президент айтқандай, бізді осындай қиын кезең одан сайын біріктіре түседі. Дағдарыстан шығып қана қоймай, одан шыңдалып, мықты болып шығатынымызға сенімім мол. Алдағы сайлау елдігімізді танытатын тағы бір белес болмақ.Жастар үшін мүмкіндіктер кезеңі
Айдын СӘБИТОВ, «Қазақстан жастары конгресінің» атқарушы директоры. Қазіргі таңда Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу өте маңызды шешім. Оны дүниежүзінде болып жатқан жағдайлармен, әлемді шарлаған дағдарыспен де байланыстыруға болатын секілді. Жаңадан жасақталатын Парламент Мәжілісі депутаттарының арасында жастар өкілдерінің болғаны да жөн деп есептеймін. Неге? Себебі, жастар өте жылдам, креативті ойлайды, тез шешім қабылдайды, жаңа саяси науқандарға тез бейімделеді. Сондықтан, оларды еліміздің саяси өміріне тартып, араластыруымыз керек. Мәселен, олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген азаматтардың болғаны да маңызды. Өйткені, олар шетелде оқып, Батыстың жаңа технологияларын көріп, сол жақтың білім нәрімен сусындап келді. Сондай-ақ, өзімізде, яғни Қазақстанда білім алған ұлтжанды азаматтардың да жаңа реформаларды жүзеге асырудағы көзқарастары ерекше болуы мүмкін. Демек, ынта-жігері, біліктілігі бар кез келген азамат өзін кандидат ретінде тіркеуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Қазіргі таңда «Қазақстан жастары конгресінің» міндеті – ол еліміздегі жастардың басын біріктіру. Олардың ойын, жобаларын мемлекетке жеткізу, сәйкесінше, мемлекеттік жобаларды жастарға жеткізу. Біз жастар мен мемлекет арасындағы көпір болғымыз келеді. Өткен жылы осы бағыттарда үлкен жұмыстар атқарылды. Олардан бөлек, біз халықаралық іс-шараларға да қатысамыз. Жалпы, Қазақстан бойынша 100-ден астам ұйым «Қазақстан жастары конгресіне» мүше.Біліктілік пен кәсібилік сараланар шақ
Сәттар ҚУАШБАЙ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Мен «Нұр Отан» партиясының XVII съезіне Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласынан арнайы делегат ретінде келдім. Жалпы, 20 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлау дер уақытында өтікізілгелі отыр деп ойлаймын. Оған бір жағынан, қазіргі жаһандық геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы және мұнай бағасының төмендеп кетуі сеп болып отыр. Ал ол біздің мемлекетімізге де өз әсерін тигізуде. Сол себепті, жаңадан жасақталған Парламент Мәжілісі депуттары ел экономикасын дамытуға хал-қадерінше ықпал етеді деген сеніміміз бар. Әрине, мұндай дағдарыстар бұрын да болған. Олар келеді де кетеді. Алайда, біз оған «бірлігі мен ынтымағы жарасқан» ел ретінде күш біріктіру арқылы ғана төтеп бере аламыз. Негізінен, Парламентке білімді де, білікті жастар да, тәжірибелі мамандар да келуі керек. Біз олардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Мемлекетіміз алдағы уақытта үлкен реформаларды жүзеге асыруы керек. Солардың бірі – Ұлт Жоспары. Ал сол Ұлт Жоспарын нәтижелі іске асыру үшін бізге экономикалық тұрғыда да, заңдық тұрғыда да кеңінен, тереңнен ойлай алатын азаматтар қажет. Сондықтан, 20 наурызда өтетін сайлауға кандидат ретінде білікті азаматтар сайланып, олар өз кезегінде еліміздің қиындықтардан аман-есен өтуіне ықпал етсе деп ойлаймыз.