Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі елшісі Марат Есенбаев Таиланд Сауда министрі Апиради Тантрапорнмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты пішімдегі өзара әрекеттестіктің болашағын талқылады.
Қазақстан елшісі тай министрін Қазақстанның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабардар етіп, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі бағдарларымен таныстырды.
А.Тантрапорн «Қазақстан мен Таиланд сауда және инвестиция салаларындағы өзара әрекеттестікті кеңейтуде жоғары әлеуетке ие екенін» атап өтті. Сонымен қатар, министр Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімен құттықтап, елдер арасындағы сауда-экономикалық алмасуды әртараптандыруға ниет білдірді.
Тараптар АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы) Экономикалық қауымдастығы мен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі серіктестік мүмкіндіктерін де талқылады. Таиланд Сауда министрі ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттермен Еркін сауда туралы келісімге отыру мүмкіндігін талқылауға ниет білдірді.
Келіссөздер барысында тараптар екі ел кәсіпкерлеріне байланыс орнатуда қолғабыс етудің маңыздылығын атап өтті. Сұхбаттастар жаһандық экономиканың құлдырауы кезіндегі бизнес белсенділігі, серіктестер іздеу мен жаңа жобаларды іске асыру елдер экономикасы өсуінің маңызды қозғалтқышы болып табылады деген ортақ пікірге келді. Осы мақсатта жаңа сауда-инвестициялық жобаларды талқылау үшін биыл Қазақстанға сауда миссияларының сапарларын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Егемен-ақпарат».