03 Ақпан, 2016

Жамбыл облысында бір алаяқ несие алушыларды алдап кеткен

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
03.02.2016 TAR-2 ТАРАЗ. 3 ақпан. Жамбыл облысында шағын несие беретін ұйымның бір қызметкері 110 адамды алдап, солардың атынан несие құжаттарын рәсімдеп, 50 млн. теңгеден астам қаржыларын жымқырып кеткен. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Әр адам 350 мың мен 1,5 млн. теңге аралығындағы несие құжаттарына қол қойыпты. Осыншама жанды бір қызметкердің қалай алдап кетуі мүмкін? Жәбірленушілердің айтуына қарағанда әлгі қызметкер несие алушыларды гипноз арқылы арбаған көрінеді. «Ол қызметкер менің үйіме екі күн қатарынан келіп, менің несие алып, өзіне беруін өтінді. Отбасылық мәселесін айтып жылап, өзім төлеймін деді. Мен басында келіспедім. Сосын қалай арбағанын қайдам, құжаттарға қол қойдым. Енді қазір несиенің сомасын өзім төлеп жатырмын» деп, күйінеді Гүлмира Қойшыбекова. Алаяқ қызметкер әр несие алушыға әр түрлі жағдай айтқан. Біресе баласының ауырып қалғанын, біресе отбасындағы қиын жағдайды, енді біреуімен қаржыны бөліспекші болыпты. Алайда шағын несие беру ұйымы басшысының орынбасары Құрманбек Бимұрзаев «Бұл жәбірленушілер кассадан алған ақшаларын әлгі қызметкерге өз еріктерімен берген. Біз осы мәселені толық анықтағанша әлгі қызметкерді жұмысынан шеттетік. Қазір ол демалыста», дейді. Қазір полиция жүзден астам адамды сазға отырғызған алаяқты іздестіру үстінде. Әйтсе де оның кінәсін дәлелдеу қиынға түсетін сияқты. Өйткені несие алушылар құжаттарға өз еріктерімен қол қойып, өз еріктерімен ақшаны басқаға берген Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz