03 Ақпан, 2016

Елбасының төрағалығымен Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісі өтті

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
03-02-2016-ministrlik 01АСТАНА. 3 ақпан. Бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Алқа мәжілісінің негізгі тақырыбы Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шет елдердегі мекемелерінің қызметіндегі сыртқы экономикалық бағдарды күшейту мәселесі болды. Отырыста ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне шет мемлекеттердің кең ауқымда қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да талқыланды. Алқа мәжілісінде Қазақстан Президенті сыртқы саясат ведомствосының алдына бірқатар жаңа міндет қойды және нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы министрліктің ширек ғасыр бұрын, ел үшін күрделі уақытта құрылғанын атап өтті. «Бүгінде республикамыз әлемнің 169 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. Шетелде 60 елшілік пен дипломатиялық өкілдік жұмыс істейді, олар 94 елді қамтиды. Қазақстанда өзге елдер мен халықаралық ұйымдардың 50-ден астам дипломатиялық миссиялары бар. Отандық дипломатия арқылы көптеген жаһандық өлшемдегі сыртқы саяси бастамалар жүзеге асырылды. Қазақстан тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесінің орнына үміткер болып отыр. Осыған байланысты достық қарым-қатынастағы елдердің қолдауына үміт артамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті отандық дипломаттардың үлесін атап өтіп, оларға елдің Тәуелсіздігін нығайтуға, сыртқы саясатты дамытуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ТМД, ШЫҰ, АӨІСШК, ЕАЭО сияқты маңызды халықаралық бірлестіктердің бастамашысы болғанын айтты. Сонымен қатар, республикамызда осы ғасырда бірінші рет ЕҚЫҰ саммитін және ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өткізілді. «Осының бәрі біздің үлесімізге тиді. Аталған іс-шараларды өткізу еліміздің атын халықаралық аренада танытты. Сонымен бірге алда тұрған міндеттердің маңызы да бұлардан кем емес. Сондықтан, атқарылған шаруаны бағалай отырып, алдағы қадамдарымыз туралы ойлану керек», – деді Мемлекет басшысы. Алқа барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сөз сөйлеп, ведомство елдің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін одан әрі ілгерілетуге, Қазақстанның халықаралық беделін жүйелі түрде нығайтуға және шет ел мемлекеттерімен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің, «Астана -2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің, сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар елдегі елшілерінің баяндамалары тыңдалды. Еламан Қоңыр. Дерек: akorda.kz. Сурет: mfa.kz.