– ел дамуы мен оның экономикалық көрсеткішінің негізгі факторы
Адам капиталы... Бұл ұғым бұрын тек жеке адамның бойындағы бай рухани құндылықтармен бағаланып, өлшенді деп түсініп келсек, бүгінде ол елдің жоғары экономикалық көрсеткіші ретінде бағалануда. Яғни, адам капиталы жеке бір адамның ғана емес, мемлекеттің азығына айналды. Ол – адамгершілік қасиеттің ғана емес, оқу-білімнің және кемелдік сананың да тоғысы. Ал бұлар ел экономикасына тиімді бағытталса, сөзсіз мемлекетті алға сүйрейді. Сол себептен де болар, 2011-2025 жылдар аралығын қамтитын мемлекеттік стратегияда Қазақстанның дамуы адам капиталына инвестиция құюмен тікелей байланысты екені атап айтылады.
Рейтинг көрсеткіші нені меңзейді?
Бүкіләлемдік экономикалық форум аясында әзірленетін «The Human Capital Report», яғни «Адам капиталының есебі» деп аталатын бүкіләмдік рейтинг жүйесі бар. Ол адами капиталдың дамуын анықтауға бағытталған. 46 көрсеткіш бойынша дайындалатын бұл рейтинг жүйесіне ұзын саны 124 мемлекет қамтылыпты. Яғни, бұл рейтинг мемлекетті 46 көрсеткіш бойынша бағалау арқылы адам капиталының жалпы индексін шығаруға болатынын аңғартты. Осылайша, Бүкіләлемдік экономикалық форумның сарапшылары XXI ғасырда елдің дамуы мен оның экономикалық көрсеткішінің негізгі факторы адам капиталы екеніне тағы да көз жеткізе түсті.
Өткен жылы аталған рейтингтің көш басына Финляндия көтерілді. Арнайы зерттеулер фин жұртының жетістігін ондағы білім сапасымен және оның барлық жастағы топтарға қолжетімділігімен, тәжірибеге негізделген дайындық деңгейімен, сауаттылық дәрежесінің жоғарылығымен, сонымен қатар, жұмыс берушінің кәсіби мамандарды тез тауып алуымен байланыстырып отыр. Біріншіден, бұл елде білім саласын қадағалайтын, яғни бақылауда ұстайтын органдардың жұмысы тоқтатылған. Аттестаттау соңғы сыныпта, оның өзінде жоғары оқу орнына түскің келетін ойың болғанда ғана жүргізіледі. Колледжге түсу әңгімелесу сипатында өтеді. Екіншіден, жаңағы қадағалаушы шенеуніктердің еңбекақылары тұтастай мұғалімдерге аударылған. Қорытындысы – жоғары ақы төленетін терең шығармашылық жұмыс.
Бұл елде, сондай-ақ, педагогикалық мамандықтың магистратурасына бір орынға 14 адамнан келеді екен. Үшіншіден, білімге бақылау жүргізуді ата-аналар толықтай өз жауапкершілігіне алған. Оларда барлық нормативті құжатқа деген қолжетімділік бар. Нәтижесі – мектептер барлық заманауи талапқа сай келеді, ал сол мектептердің әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды, яғни өзгеше. Міне, осындай себептерден болар, бүгінде фин жұрты Еуропа елдерінің арасынан білім беру саласы бойынша оқ бойы озық кеткен. Финляндияның білім саласындағы «таңғажайыбының» бір сырын, міне, осындай көрсеткіштерден-ақ іздеуге болатын секілді.
Бұл рейтинг жүйесінде Финляндиядан кейінгі орындарды Норвегия, Швейцария, Канада және Жапония мемлекеттері иеленіп отыр. Жалпы, рейтингтің көш басындағы ондықта тұрған мемлекеттердің басым көпшілігі, негізінен, Еуропа мемлекеттері болып табылады.
Адам капиталы – нағыз құндылық
Қазақстан 2014 жылы аталған рейтингте 45-ші орында болса, ал өткен жылы 37-інші орынға көтерілген. Яғни, соңғы екі жарым жылдың ішінде біздің еліміздің көрсеткіші «The Human Capital Report» рейтингі бойынша 8 позицияға жақсарған. Сарапшылар мұның жақсы көрсеткіш екенін алға тартады.
Ал алдағы уақытта Қазақстан – адам капиталы дамыған ел ретінде мойындалуы үшін қандай жобаларды жүзеге асырған жөн? Адам капиталының «XXI ғасыр құндылығы» екенін барынша түйсініп, оның экономиканы жандандыратын басты кепіл екеніне көз жеткізу үшін не істелінуі керек? Бұл «құндылықтың» дамуына қай сала анағұрлым оң әсер етеді? Әрине, ең әуелі білім саласы ойға оралары хақ. Ал бұл саланың өзіне құйылатын инвестиция көлемі қандай болғаны жөн? Бізде бөлінетін қаржы көңіл көншітерліктей ме, әлде жоқ па?
Осыған қатысты кейбір деректерге сүйенсек, жалпы, біздің елімізде білім саласына ішкі жалпы өнімнің шамамен 3,6 пайызы жұмсалады екен. Мұны соншалықты көп деуге де келмейді. Бірақ, соған қарамастан, арнайы көрсеткіш бойынша, біз сауатты елдердің қатарында екенбіз. Мәселен, шамамен 6 жылдай уақыт бұрын Қазақстанда кәсіби орта және жоғары білімді азаматтар саны халықтың 85 пайызына жетіпті. Егер, салыстырмалы түрде айтар болсақ, сол уақытта Испаниядағы көрсеткіш 50 пайызды, Германиядағы көрсеткіш 78 пайызды құраған.
Алайда, біз сауатты һәм білімді елдердің жоғары санатында тұрғанымызбен, жаңа технологиялар саласында әлі де аса ілгерілей алмай отырғанымызды мойындауымыз керек. Неліктен? Осындайда «Біз сападан гөрі, сан қуып кетпедік пе, нағыз көрсеткіштен гөрі, имиджге мән беріп жүрген жоқпыз ба?» деген сауал да туындайды. Әрине, елімізде үлкен идеялар негізінде жүзеге асырылған стратегиялық жобалар жоқ емес, бар. Солардың бірегейі – «Назарбаев Университет».
Жалпы, кез келген елде адам капиталының дамуы, ең алдымен, жастарға бүлдіршін кезінен құйыла бастайтын инвестицияға тікелей байланысты болатыны белгілі. Себебі, жас ұрпаққа құйылатын инвестиция – құнды әрі қайтарымы бар инвестиция. Батыстың дамыған елдерінің балаларға ерте бастан инвестиция құюының басты себебін осыдан іздеуіміз керек. Мәселен, кейбір дереккөздерге қарасақ, қазақстандық ата-аналардың өз балаларына жұмсап отырған қаржылай «инвестициясы» шамамен 10 млрд. АҚШ долларына жуықтайтын көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекетіміздің білім саласына бөліп отырған қаржысынан әлденеше есе көп. Ал жоғары оқу орындарында жүрген жастардың 18-20 пайызы ғана мемлекеттің қаржысымен, қалғаны ата-аналардың қаржысымен оқиды екен. Бұл болашақта баласын биік шыңнан көргісі келетін, себебі ол бүгінгі заманның басты талабы екенін ұғынған ата-аналар санының артып келе жатқанын байқатады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Мәселен, Америка ғалымдары адам капиталының дамуы үшін сәбиге 4 жасқа дейінгі жұмсалған қаржы ең тиімді инвестиция саналатынын зерттеп білген. Әрине, оның нәтижесі бірден көзге көрінбегенімен де, кейін қайтарымы 1 долларға – 5 доллар болатыны дәлелденген. Яғни, бұл – егер, сіз балаңызға 10 мың доллар жұмсасаңыз, оның қайтарымы сәйкесінше, 50 мың доллар болады деген сөз. Ғалымдар «Баланың екінші даму кезеңі бар» дегенді де алға тартып отыр. Ол 11 жасқа дейінгі мерзімді көрсетеді. Осы кезде, яғни 4 пен 11 жас аралығында екінші мәрте үлкен инвестиция құю керек екен. Себебі, 11 жасқа келген баланың ертең қандай азамат болатыны, неге бейім екендігі біртіндеп біліне бастайды. Бұл – мұндай ерекшеліктер баланың бойында 11 жаста қалыптасып үлгереді деген сөз.
Мәселен, ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарының аяғы мен 80-ші жылдарының басында Америка Құрама Штаттарында мектепке дейінгі, мектеп жасындағы және мектептен кейінгі бір балаға ол бой және ой түзеген азамат болып кеткенге дейін мемлекет және жеке ата-аналар «шығындайтын» қаржы-қаражат көлемі бір жылға 400 мың долларды құраған екен. Яғни, сол 400 мың доллар жұмсалған кезде ол бала колледж бітіреді. Мектепке дейінгі сатылардан өтеді. Ал ғалымдардың пайымдауынша, өз бойына 400 мың доллар қаржы жұмсалып, білім алған жас маман заман көшінен қалған ескі техникамен жұмыс жасамайды. Егер, жұмыс берушінің талаптары мен өзі жөн деп тапқан талаптар бір-бірімен үйлеспей және сәйкес келмей жатса, онда өзін, білім-білігін бағалайтын мемлекетті іздейді. Бір сөзбен айтқанда, ол өз бақытын шетелден табуға ұмтылатын болады. Мұны америкалық сарапшылар жан-жақты зерттеп білген. Бүгінгі күні жиі қолданылатын «Ақыл-ойдың сыртқа кетуі» немесе «Капиталдың сыртқа кетуі» деген ұғымдардың пайда болуына, міне, осындай жайттар себеп болса керек.
Осы орайда, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастарға қатысты айтқан мына сөзі еске түседі. Қоғам қайраткері бізбен бір әңгімесінде: «Егер де біздің мамандар шетелден өз бақытын тауып жатса, сол жерде көп қаражат алып, оны маман ретінде сол ел бағалап жатса, ол жасты «патриот емес, Отанын сатты» деген сөзден аулақ болайық. Себебі, біз ол маманды өз деңгейінде бағалай алмадық қой. Ал ол жас өсуі керек. Ол жас өз білімін одан әрі арттыруы керек. Егер өзінің туған елінде жағдай жасалмаса, ол ертең бара-бара өзіндегі барынан айырылып қалмай ма?! Сондықтан, ол жас өзге елде қалып қойса, қателікті ең әуелі өзімізден іздейік. Біз көп жағдайда жастарды кінәлаймыз. Шын мәнісінде, сол жастарды өсіруге, олардың бойындағы қабілеттерін дамытуға, еңбектерін бағалауға мемлекет жағдай жасады ма, әлде жасамады ма? Мәселе, міне, осында», – деген еді.
Шынымен де, бұл – қазіргі жаһандану заманына тән заңдылық, я болмаса, құбылыс болар. Ал біздің мемлекет оған елдік тұрғыда қаншалықты мән беріп келеді? Бұл – ойланарлық жайт.
Балаңыздың уақытын бағалап жүрсіз бе?
Ақыл-ой капиталы – елді ілгерілетуші локомотив. Десек те, елдің имиджін қалыптастыра алатын кез келген сала мен сол салада жүрген азаматтар адам капиталының дамуына белгілі бір деңгейде ықпал ете алады. Спорт – сондай сала. Мәселен, бүгінде спорттың мәнерлеп сырғанау түрі бойынша өнер көрсетіп жүрген Денис Теннің кәсіби спортшы ретінде әлемге танылуына оның отбасы үлкен еңбек сіңірген. Ал сол бала Денистің биік белестерді бағындыруына үлкен үлес қосқан басты адам – анасы Оксана Тен болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол – спортшының бас «бапкері», бас менеджері, бас аспазшысы және, әрине, бас жанкүйері. Денис спортта шынығу, өмірде ширығу үшін басқа мемлекетте тұруға мәжбүр болады. Сол кезде оның анасы Дениспен бірге кетіп, ал әжесі мен әкесі, інісі Алматыда, кішкентай спортшының тілеуін тілеп үйде қалады.
Әрине, кез келген отбасы ерлікке пара-пар мұндай тәуекелшіл қадамға бара бермесі анық. Бұл туралы спортшының өзі бір сұхбатында: «Біз, яғни анам екеуміз 10 жылдан астам уақыт бойы отбасымыздан жырақта жүрдік. Сондықтан, өзімнің отбасыма, олардың төзімділігі мен сабырлылығына, мен шұғылданып жүрген спорт түріне түсіністік танытқандары және шынайы тілеулестіктері үшін шексіз алғысымды білдіремін», – деп ағынан жарылғаны бар. Бұдан қарапайым ғана аксиома шығады. Ол – баланың өмірі мен уақытына ата-ана ретінде жауапкершілікпен қарап, көңіл бөлу. Үлкен көрсеткішке қол жеткізу және дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін оған капитал құю. Денис Теннің спорттың биік шыңына көтерілуі – сол инвестицияның бір қайтарымы. Ал оған ұқсауға ұмтылып, мұз айдынына ағылған жасөспірімдер қатарының арта түсуі – капиталдың екінші қайтарымы.
Ал сіз өз балаңыздың болашағына инвестиция құя алып жүрсіз бе?
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».