04 Ақпан, 2016

Қоғам білім-ғылыммен көркейеді

362 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
IMG_5405Президент Жолдауларының Қа­зақстан халқы үшін әрқашанда маңызы зор екені баршамызға аян. Ал Ұлт Жоспарын елімізді іргесі берік әрі дамыған мемлекеттер қатарына қосу жөнінде атқаратын жұмыстарымыздың бағдаршамы десек, жарасар. Егер әңгімемізді Жол­дау туралы айтудан бастасақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жаңа жаҺандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Жолдауында нақты мәселелерді атап көрсете отырып, «Қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс заманында не істеуіміз керек? Қандай міндеттерді жүзеге асыруымыз қажет?» деген сұрақтарға тұшымды жауап тауып, одан шығар жолдарды көрсетіп берді. Сонымен бірге Жолдау Қазақстанның әлемдік дағдарысқа яғни, бүгінгі қатері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық ахуалда дамудың негізгі бағыттарын айқындайтын басты құжат екенін де атап өтті. Бейбітшілік пен ынтымақтың тірегі болған Елбасымыз осы миссияның мазмұнын, қызметін қазіргі жағ­дайда нақты бағыттап берді. Әрі Жолдаудың ішінде ұлт мұраты, ел тәуелсіздігі, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар да шет қалған жоқ. Елбасы көзқарасымен қарайтын болсақ, қазіргі кезеңде жаңаша дамуға үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Президент өз сөзінде бүгінгідей сын сағаттарда Қазақстан халқына үлкен жауапкершілік артылғанын және өз отандастарына сеніммен қарайтынын, бүгінгі дағдарыстар мен бөгеттерді бірігіп жеңе алатынын, біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру екенін атап, осы мақсатымызға міндетті түрде жетеміз деп үлкен сенім артып отыр. Оған қоса, «Қазақстан-2050» Стратегиясының осы уақыттың өзінде-ақ жүзе­ге асырылып жатқандығын, тіп­ті, жаһандық экономикалық дағ­дарыстың теріс ықпалына қара­мастан, зор нәтижелерге қол жет­кізіп жатқанымызды да атап өтті. Біріншіден, Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды. Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рей­тингісінде Қазақстан 41-ші шепті иеленді. Үшіншіден, 30 қарашадан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрде толыққанды мүшесі болғандығымыз алға тартылды. Бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақ­станның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Сонымен қатар, Елбасы өз сөзінде, соңғы жылдарда атқарылған істерге баға беріп, экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шараларды да белгілеп берді. Жолдауда Елбасы «Ең жақ­сы жос­пар – уақыт талабына бейім­делген жоспар» дей отырып, өсу мен дамуды қамтамасыз ететін кешенді іс-шараларды да нақтылап көрсетті. Тарихи құжаттың негізгі өзегі барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, ел экономикасын үздіксіз дамытуды қамтамасыз ету болып табылады. Экономикалық жағдайдың дұрысталуы білім мен ғылымның жетілуіне, оның өміршеңдігіне ықпал жасайтындығы белгілі. Ел мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Осыған орай, ол межеге жету жолында кездесетін қиындықтарға тойтарыс беріп, оған тиісті шаралар жасауымыз керек. Елдігіміз сыналатын әрі шыңдалатын осындай ұрымтал тұста Президентіміз әлем дамуының сын-қатерлерін күні бұрын болжай білудің маңыздылығын атап көрсетіп, қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болған негізгі қағидаттарды кең ауқымда шешіп, қандай жағдайда болмасын әлеуметтік кепілдіктерді мүлтіксіз орындауды басты міндет ретінде алға қойып отыр. Биылғы Жолдауда елдің әлеу­меттік-саяси және қаржылық-экономикалық салаларын көте­руге, сондай-ақ, ең бастысы, Қа­зақстанның болашағы – жастарға айрықша көңіл бөлінді. «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарын жүзеге асыру терең білімділікті, біліктілікті, шеберлікті қажет етеді. Ал, ол – болашақ үшін кез кел­­ген мамандықты толық әрі білікті игеру деген сөз. Яғни, білім мен ғылым көкжиегін кеңітуге бағыттайды. Бұл ретте 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ЖОО студенттерінің шәкіртақыларын 25 пайызға көтеру арқылы жастардың білім алуына қолдау көрсетіліп отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында Қазақстан жастарын «білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға, жұмыс пен сұранысы бар өңірлерге батыл қадаммен баруға, шеберлікке қол жеткізуге» шақырып, жоғары оқу орындарының мамандарына, педагог ғалымдарға білім беруде, кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осы орайда Жолдаудағы «Қазір ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады», деп бағыт сілтеуі студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлік, біліктілікті талап етеді. Ол үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен білім берудің, оқытудың халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы зор. Осы орайда 50 жылдық тарихы бар Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік уни­верситетінде атқарылып жат­қан ауқымды жұмыстар Елбасы Жолдауында белгіленген міндет­термен өз үйлесімін тауып отыр деп айта аламыз. Аталған білім ордасында үздіксіз білім берудің нақты жүйесі құрылған. Қазіргі уақытта аталмыш білім шаңырағы бакалавриат, магистратура және докторантурадан тұратын көпдеңгейлі құрылым болып табылады. ЖОО бакалавриаттың 54 мамандығы бойынша және магистратураның 27 мамандығы, PhD докторантураның 4 мамандығы бойынша (математика, тарих, филология, екі шет тілі) оқыту қызметін көрсетеді. Аталған оқу ордасында оқу үрдісін заманауи білім беру технологиялары негізінде жаңғыртуға, маман даярлаудың сапасына, ғылыми-педагогикалық кадрлардың әлеуетін нығайтуға көп көңіл бөлінуде. Ма­териалдық-техникалық базаны нығайту мақсатымен физикалық, химиялық, техникалық және ауыл шаруашылығы зертханалары жаңа­дан жабдықталып, ғылыми-өндірістік кешен құрылды. Университеттің қазіргі кездегі негізгі ұстанымы, мақсат-мүдделері жаңа арнаға бет бұрған. Терең, жан-жақты білім беру, сапалық көрсеткіштерді арттырумен қатар, Елбасының жалпы жоғары оқу орындарына, университет оқыту­шыларына қойып отырған талаптарына сәйкес, аймақтық университеттердің мәртебесін көтеру, сол аймаққа маман даярлайтын болғандықтан, осы өңірге тән проблемалардың шешімін табу мақсатында аграрлық-техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту мәселесі алға қойылып отыр. Себебі, Ақмола облысы және оған көршілес орналасқан бірқатар аймақтар – аграрлық шаруашылыққа негізделген. Осыған орай 2011 жылы университет құрамында ғылыми-оқу-өндірістік «Элит» кешені ұйымдастырылды. Оған 300 гектар жер бөлінді. Қазіргі уақытта біздің студенттеріміздің сонда барып, іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасалды, екіншіден, аталған кешенде 144 дәнді және майлы дақылдар сорттарын аймаққа үйлестіру, қалыптастыру, бейімдеу бағытындағы ғылыми жұмыстар да жүзеге асырылуда. Биыл 100 гек­тар жерге зығыр майын ексек, 200 гектарға дәнді дақылдар егілді. Осының негізінде бұдан мал азығын дайындауға, мал ша­руашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандықтарын дамытуға арналған жұмыстарды жүргізуге қол жеткіземіз. Мұндағы түпкі мақсатымыз – білікті мамандар даярлайтын оқу-ғылыми кешенін құру. Бір жағынан, біздің студенттеріміз малдың түрлерін ажыратып, оларды бағып-қағу әрекеттерін меңгеретін болады деген ойдамыз. Болашақта студенттеріміз осы кешенге барып, ондағы малдарды азықтандыру, ұрықтандыру, төлдету сияқты мәселелер бойынша жұмыстар жасап, тәжірибе жүзінде ғылыми ізденістерін танытатын болады. Осындай мәселелерді жүзеге асыру үшін оқу-ғылыми-өндірістік кешен барлық қажетті техникалармен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, тракторлар, егін егетін трактор, комбайн сияқты көптеген техникалар сатып алынды. Сонымен бірге университеттің оқу-зертханалық базасы қазіргі заман талабына сай толығымен жаңартылып, қажетті құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, қазіргі еңбек на­рығының талаптарына сай, бәсекеге қабілетті, білікті де білгір маманды даярлау мақсатында жаңа 36 оқу-ғылыми зертхана жасақталып, іске қосылды. Бұл жұмыстың барлығына Ресейдің Мәскеу мемлекеттік университеті, Түмен қаласындағы Ресей мұнай-газ университеті, Томск техникалық университеті, Челябі техникалық университеті, Омбы техникалық университеті және т.б. көптеген ЖОО-мен қарым-қатынас жасау арқылы қол жеткізілді. Атқарылып жатқан ауқым­ды істердің арқасында уни­вер­­­ситетіміздің абыройы артып, республикамыздың ЖОО-лары арасында жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Осы зертханалардың ой­дағы­дай жұмыс істеп, одан да үлкен нәтижелерге қол жеткізуі үшін ұстаздарымыз бен маман­дарымыздың біліктілігін арттыруды бірінші кезекке қойып отырмыз. Алдымызда тұрған үлкен бір мәселе – университеттің ғылыми әлеуетін арттыру. Бұл міндетті қалай шешеміз деген сұрақ көкейімізде көптен бері жүр, оны ойлана-толғана келе, екі ба­ғыт­та шешуді жоспарладық. Біріншісі,университетке ғылыми атағы бар ғалымдарды шақыру болса, екіншісі, жергілікті жас оқытушыларды тәрбиелеу. Осы мақсатта биыл 17 қызметкеріміз Қазақстанның бірнеше ЖОО-ға, көрші Омбы қаласына аспиран­ту­раға оқуға жіберілді. Олар бюджет қаржысын пайдаланады, сонымен қатар, шетелдерде оқып жатқандардың оқу ақысын университет көтеріп отыр. Бұған қосымша, өткен жылы университетімізде 4 мамандық бойынша PhD докторантурасы ашылып, бірнеше үміткер дәріс алуда. Биыл да үш мамандық бойынша докторантура ашылмақ. Сондай-ақ, таяу жылдары 40-50 адамды, өзіміздің университеттің қызметкерлері, түлектері бар, жергілікті жас азаматтарды докторантураға жіберуді жоспарлап отырмыз. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарын білімді, еңбекқор, бастамашыл және белсенді болуға шақырып отыр. Бұған қоса, 2017 жылдан бастап «Барлығына ар­налған тегін кәсіптік-техникалық оқу» атты жаңа жобаның іске қосылатынын хабарлады және Үкіметке оны әзірлеу ісіне кірісуді тапсырды. Демек, бағдарламаның жүзеге асырылатындығы біздің жастарға үлкен жол ашып, олардың болашағын бекем етері сөзсіз. Президентіміз бізге барлық мүм­кіндікті жасап берді, тек соларды дұрыс қолдана білейік, ағайын, дегім келеді. Осының бәріне біз Тәуелсіздік арқылы әрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп келеміз. Президентіміз Қазақстан қо­ғамының маңызды құжатында барлық саяси партияларды, қо­ғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске жұмыла кірісіп, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. Мұнда Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың сайлау­ларын ұйымшылдықпен өткізу маңызды сипат алмақ. Болашаққа ұмтылған Қазақстан бұл саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізетіні анық. Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Ақмола облысы.