Осыдан аз уақыт бұрын Қазақстанның интернет кеңістігінде «Өз кәсібіңді сүй» атты эстафета басталған болатын. Аталған бастама бас-аяғы екі жұма ішінде 1 мыңнан астам қатысушыларды жинады және оны қолдаушылар қатары күн санап артып келеді. Айтар болсақ, белсенділер арасында әртүрлі сала мамандары, ұстаздар, журналистер, тележүргізушілер мен қазақ эстрадасының танымал өнерпаздары және суретшілер мен спорт саңлақтары да бар.
Осы жобаны қолдау барысында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өткізіліп, жоба жетекшілері жұртшылықты бастама негізімен таныс етті. Акцияның басты талабы – көпшіліктің назарын аудартып, әрбір мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар екенін және қоғам үшін маңыздылығын ұғындыру болып табылады. Әр азамат өз кәсібін жүрек қалауымен жүргізетін болса, жұмыстың жемісті болары сөзсіз. Сондықтан да қызметінің қиындығын машақат көрмейтін, керісінше, сол арқылы өзін-өзі дамытуға ұмтылыс танытатын және мамандығына кездейсоқ келмеген жандар аталған бастаманы үздіксіз қолдауда.
Жобаның талабы жеңіл әрі қызықты деуге болады. Бұл ретте оған қатысу үшін 15 секунд ішінде кәсібіңізді не үшін жақсы көретініңіз жайлы бейнеролик түсіріп, оның жанына «ӨзКәсібіңдіСүй» деген хэштег қойсаңыз болғаны. Бейнероликтің соңын дәстүрлі түрде «Ал сен, өз кәсібіңді сүйесің бе?» деп аяқтау қажет.
Осы уақыт аралығында эстафетаны жүргізіп үлгерген өнер жұлдыздарының қатарында Қайрат Нұртас, Әли Оқапов, мүсінші Хасен Абаев, «Балапан» телеарнасының директоры әрі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы бар.
Бастама жетекшілерінің бірі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Диас Есдәулетов жобаның идеясы кенеттен пайда болғандығын жеткізді. Бұл ретте ол, менің достарымның арасында түрлі сала иелері бар, олармен кездесу барысында жұмыстан алған түрлі әсерлерімізбен бөлісетінбіз. Осыдан келіп, әр мамандықтың өзіндік орны бар екендігін көрсету мақсатында аталған жоба жұртшылыққа жол тартты. Біздің рухани дүниеміздің бір көрінісі, көңіл күйіміздің айнасы ретінде қызметіміздің үлкен рөл атқаратынын барша біледі деп ойлаймын. Азаматтардың өз қызметінде жетістікке жетуінің кілті де сонда – мамандығын жақсы көруінде, деді. Және де мемлекеттің болашағы осындай қазақстандықтардың қолында екендігі айтылды. Елбасының 5 реформасы арқылы кез келген азамат өзінің жүрек қалауындағы жұмысын табуға мүмкіндік алмақ. Қазіргідей қысылтаяң шақтың орын алып тұрғанына қарамастан, яғни дағдарысты Президентіміз айтқандай, жаңа мүмкіндік ретінде қарастырып, алға ұмтылуды жалғастыру қажет, деп атап өтті.
Сонымен қатар, сөз алған «2015 жылдың үздік педагогы» атағын жеңіп алған Гүлнар Рахимова өзінің мұғалім екендігімен мақтанатындығын айтты. Балаға білім беру жолында аянбай қызмет етуге дайын екендігін ұқтырған ұстаз, қазіргі таңда жастардың мұғалім болуға көбірек ұмтылғанын қалайтын риясыз көңілін жеткізді. Ұстаздық – ұлы ұғым екендігін назардан тыс қалдырмайтын еліміздің түрлі бастамаларының, бағдарламаларының арқасында төбеміз көкке жетті, дейді ол.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».