Сайлау-2016
Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы еліміздегі саяси партиялардың қимылына жан бітіріп, жер-жерде сайлаудың көрігін қыздыратын сайлауалды құрылтайы өтіп жатыр. Билік партиясы саналатын «Нұр Отанның» кезектен тыс съезінен кейін іле-шала ауылдық патриоттар мен коммунистер де кеңесін өткізіп, үкілеген үміткерлерінің тізімін жариялады. Сөйтіп, патриоттарды бауырына басып, іріленіп алған «Ауыл» партиясы да биыл бақтарын сынамақшы. Алаш қайраткерлерінің ұстанымын алға ұстаған «Ақ жол» да бұрынғы межесінен төмен түспеуге бекініпті. Қысқасы, сайлау науқаны қызу өтетін түрі бар.
Партиялар құрылтайларын өткізіп, сайлауға белсене кірісіп жатқанда, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары да өз хартиясын қабылдады. Бас редакторлар клубының ұйытқы болуымен кеше елорданың төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада бір топ БАҚ басшылары алдағы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы науқанын ақпараттандыру барысында этикалық нормаларды сақтау туралы хартияға қол қойды.
Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай алқалы жиынға қатысушыларды хартияның мәтінімен толықтай таныстырып, іргелі құжаттың мән-маңызы жөнінде әңгімеледі.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов маңызы жоғары құжат төңірегінде өз ойын ортаға салды. «Осында жиналған жұртшылыққа Парламент сайлауының мән-маңызы, қай қоғамда да, қай заманда да қандай рөл атқаратыны жөнінде айтып жату қажет емес деп ойлаймыз. Бұл – ерекше маңызды саяси науқан. Осы маңызды саяси науқанның қарсаңында Бас редакторлар клубының бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша осындай хартияны қол қою үшін дайындағаны өте құптарлық, қай жағынан да дұрыс бастама. Бұл хартияның идеясы бұрыннан бар. Бұрын өткен бірнеше сайлау бойына бұқаралық ақпарат құралдары бірлесіп, бір уәжге тоқтап, сайлау науқаны кезінде елімізде тыныш жағдайдың қалыптасуына, сайлаудың әділ, объективті, алалаусыз өтуіне өздерінің үлесін қосты. Биыл да осындай болады деп сенеміз. Хартияны толықтай қолдаймыз», – деді С.Абдрахманов.
«Казахстанская правда» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Александр Тараков та хартия жөніндегі маңызды пікірін ортаға салды. «Өткен Парламент сайлауында да осындай хартия төңірегінде топтасқан болатынбыз. Президенттік сайлауда да солай болды. Бүгін үшінші мәрте хартияға қол қойып отырмыз. Оның маңыздылығы сонда, ірі саяси науқан тұсында топтаса түсеміз. Сайлаудың әділ, объективті түрде өтуіне деген еркімізді жария түрде білдіреміз. Бұл өз кезегінде сайлаудың мейлінше ашық өтуіне ықпал етеді», – деді ол.
Хартиясыз да бұқаралық ақпарат құралдары сайлау барысында заңды мүлтіксіз орындауы тиіс. Ал, хартияға қол қою бұқаралық ақпарат құралдарының өте маңызды демократиялық үрдісті жүзеге асыру барысында топтасуына мүмкіндік береді. Заң талап ететіндей, бір-біріміздің алдымызда сайлау үдерісін ашық, нақты, айқын көрсетуге міндеттеме аламыз. Республикалық қана емес, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары да қабылданған ортақ құжатқа қол қойып, өздерінің мүдделілігін білдіреді.
«Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Башимов те хартия төңірегіндегі толымды пікірін төмендегіше тарқатты. «Қоғам үшін сайлау науқаны өте маңызды. Ең бастысы – біз билікке үміткерлерді іріктейміз. Осы үдеріс барысында бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді қалыптастыруға үлкен көмек көрсетеді. Толыққанды, нақты, объективті ақпарат жеткізу жолында журналистер қауымдастығы өздеріне маңызды әлеуметтік функцияны жүктейді. Сайлаушылардың лайықты кандидаттарды іріктеулеріне септігін тигізеді. Сол себепті бұл хартияны қолдаймын. Осы арқылы біз елімізде демократиялық, құқықтық үрдісті қалыптастыруға ықпал етеміз», – деді М.Башимов.
«Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ басқармасының төрайымы Нұржан Мұхамеджанова іргелі құжаттың сайлау үдерісіне ықпалы жоғары екендігін мәлімдеді. «Біз осы хартияның қабылдануын дұрыс деп санаймыз. Өйткені, біздің еліміз әлемдік саясаттың бір мүшесі ретінде хартияда айтылғандай, Адам құқының жалпыға ортақ декларациясының 19-бабындағы ережелерді толығымен қуаттайды. Ақпаратты іздеу, алу және тарату еркіндігіне сай осы хартияға қол қоюымыз өте орынды. Аталған құжатқа қол қою арқылы біз сайлау үдерісінің әділ, шынайы, объективті түрде өтуіне өзіміздің кәсіби үлесімізді қосамыз деп білемін», – деді басқарма төрайымы.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау кейіпкерлерінің айқын бейнесі қалыптасады. Аяқасты бұра тартпасын деңіз, онда әділеттілік жайлы ұғым әдіра қалады. Партиялардың сайлау үдерісіндегі қимыл-әрекетін ашық жеткізуге дәнекер болатын хартияның да қызметі ерекше дейтініміз сондықтан. Олай болса, демократиялық құндылықтардың қоғамда орнығуына ықпал ететін партия мен хартияның үйлесімділігіне айрықша сенім артамыз.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».