04 Ақпан, 2016

Қазақстан Еуропа чемпионатын жеңіліспен бастады

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
04-02-2016-futsal 01АСТАНА. 4 ақпан. Сейсенбі күні Сербия астанасы – Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионаты басталды. Аталған додада бақ сынайтын Қазақстан құрамасы өткен түнде алғашқы ойынын ойнады. Ресеймен болған матчта отандастарымыз лайықты қарсылық көрсетіп, азулы қарсыластан 1:2 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ойын қазақстандықтардың шабуылымен басталды. Тіпті алғашқы секундтарда есеп ашатын мүмкіндікке де ие болған едік. Алайда, Дугластың жасаған соққысы қақпа маңдайшасына тиіп, кері серпілді. Өз кезегінде ресейліктер шабуылда сауатты қимылдады. Нәтижесінде қарсыластар сапынан Ромуло бар болғаны 30 секундтың ішінде екі гол соғып, командасын алға шығарды. Алдымен 12-минутта мергендігімен көзге түскен ол 28 секундтан кейін тағы да біздің қақпадан саңылау тапты. Бұл екі голға Какаудың шәкірттері Серік Жаманқұловтың добымен қарымта қайтарды. Ал голдың авторына нәтижелі пас шығарып берген Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита екенін атап өткен жөн. Екінші таймда жерлестеріміз қанша шабуылдаса да Ресей қорғанысының осал жерін таба алмады. Нәтижесінде кездесудің соңына дейін таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ. С тобында сынға түсіп жатқан Қазақстан келесі кездесуін Хорватиямен өткізеді. 5 ақпанда өтетін бұл матч Астана уақытымен сағат 23:30-да басталады. Айта кетейік, ойынды «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Тағы бір ескере кететін жайт, әр топтан ширек финалға үш команданың екеуі өтеді. Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне алғаш рет қатысып отыр. Демек, Ресеймен ойын құрлық біріншілігіндегі дебюттік кездесу болса, Серік Жаманқұловтың голы – ұлттық құраманың Еуропа додасындағы алғашқы добы. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com. 04-02-2016-futsal 02