04 Ақпан, 2016

Қолайсыз ауа райына байланысты 4 облыста жолдар жабылды

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
04-02-2016-zhol 01АСТАНА. 4 ақпан. Бүгін ауа райының күрт бұзылуына байланысты еліміздің 4 облысында бірқатар тасжол жабылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарында жол қозғалыстарына шектеу қойылды. Солтүстік Қазақстанда жаяу бұрқасын мен көру мүмкіндігінің қиындауына байланысты «Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл» бағытындағы тасжолдың 17-шақырымынан 209-шақырымға дейінгі аралығында барлық автокөлік түрі үшін қозғалысқа тыйым салынды. Қостанай облысында боранның күшеюі салдарынан «Қостанай-Әулиекөл-Сурган» республикалық тасжолында Әулиекөл ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі (108-232-шақырым) аралық барлық автокөлік түрі үшін жабылды. Боран мен көру мүмкіндігінің нашарлауы салдарынан Ақмола облысының аумағына қарасты «Костанай-Әулиекөл-Сурган» тасжолының 232-шақырымынан бастап 260-шақырымға дейінгі бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Сонымен қатар, Алматы облысында жел мен боранның күшеюі және көру мүмкіндігінің қиындауы салдарынан «Үшарал-Достық» тасжолының 82-шақырым мен 184-шақырымы аралығы жабылды. Еламан Қоңыр. Дерек: Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі. Сурет: today.kz.