Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы» тақырыбында өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.
Ол өз сөзінде Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамын жүзеге асыру және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отырғанын еске салды. Сондай-ақ, Президент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына 2015 жылғы 16 қарашада қол қойғаны да белгілі.
«Бүгінгі таңда «МӘМС жүйесін енгізу туралы» жобаны жүзеге асырудың Жол картасы жасалып, бекітілді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкерлері мен мүдделі құрылымдар мамандарынан тұратын жұмыс тобы құрылып, Oxford Policy Mаnаgement пен Дүниежүзілік банктің халықаралық сарапшылары шақырылды. Ал, 2016 жылдың ортасына қарай Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында Медициналық сақтандыру әлеуметтік қоры құрылмақ. Оның ұйымдастыру-құқықтық пішімі – коммерциялық емес, акционерлік қоғам. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болмақ», – деп атап өтті Е.Біртанов.
Азаматтың медициналық сақтандыруын медициналық ұйым қызметкері оның ЖСН нөмірін бірегей электрондық дерекқорға енгізу арқылы біле алады, жарналары төленіп отырса, онда ол сақтандыру ұсынатын барлық қызметтерді қолдана алады. Егер болмаса, онда ол адамға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көмек көрсетіліп, басқа шығындарды өз есебінен төлейтін болады.
Брифинг соңында Е.Біртанов сарапшылардың болжамы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізген соң еліміздегі медициналық көмек көрсету деңгейі айтарлықтай өсетінін, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болатынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады: біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, сондай-ақ төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек кіреді.
Екіншісі, жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық оңалту, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау, жоғарғы технологиялық көмек кіреді.
Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға, сондай-ақ, еліміздің аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».