05 Ақпан, 2016

Бағаналыдан динозавр шықпады...

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
_dqYefgqAj8Әй, ауылдың аңғалдары-ай! Әулиекөл ауданындағы Бағаналы ауылындағы мектепте от жағушы болып істейтін Евгений Кузнецовтың күрегіне былқылдаған жұмсақ, домалақ доп секілді нәрсе ілінеді. Оны күрекпен ұрып қалғанда жарылып, ішінен бу шығады, сосын «құбыжық» көрінеді. Әлгі жиырылып, созылып, жаны барлығынан хабардар етеді. Евгений таң қалады, «Бұл бұрын-соңды көрмеген не нәрсе, мүмкін, жаңа жан иесі пайда болды ма?» деп ойы да лезде сан-сақты шарлап кетеді. Ол аударыстырып отырып, «құбыжықтың» тісі, шашы, аяғы барын байқайды... Содан Бағаналыға құра­мында биолог, полиция, тағы басқалары бар комиссия жетеді. – Бағаналыда белгісіз тір­шілік иесі табылыпты дегенде, мен де комиссия құрамында бардым. Шынымды айтсам, осы гулеген әңгімеге еліткенім рас еді. Өйткені, көмір жынысынан динозаврдың жұмыртқасы секілді палеонтологиялық дәуір­дің тіршіліктері табылып қалуы әбден мүмкін. Бірақ біздің көргеніміз ондайға ұқса­майды, жәй малдың ішегінің үзіндісі, оның ішінен шыққан паразит болуы мүмкін. Мек­тепке түсірілген көмірдің айналасына оны ауылдың иттері әкеліп тастады ма, кім білсін, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, биолог Андрей Андрющенко. – Бұл дабырлататындай еш­­­­теңе де емес, сүтқоректі жа­нуардың іш құрылысының, аны­­ғырақ айтсақ, ішек-қар­ны­ның бір бөлігі ғана. Оның ішінен шықты деген құрт сияқ­ты ұзын нәрсе – ол еш­қан­дай да ежелгі заманнан жеткен нәрсе емес, осы за­ман­ғы жануардың ұлпасы. Оның қандай жануарға тиесілі еке­нін анықтау үшін біз гистологиялық тал­дауға жібер­гелі отырмыз, – дейді Қос­­танай мемлекеттік пе­да­го­ги­калық институты жара­тылыс­тану ғылымдары кафе­драсының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Дамила Қонысбаева. Сөйтіп, гуілдеген әңгіменің соңы пышырап, динозавр, ксеноморф-құбыжық болмай, малдың ішегі екен. Қайткенде де түкпірдегі Бағаналы ауы­лының аты бір шығып қалды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ. Суретті түсірген Ф.ДӘНДІБАЕВ.