Астанадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен хаткер-каллиграф Мухаррем Гөкшеннің «Астанада Құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесі ашылды.
Бұл өнер түрі біреуге қымбат болса, енді біреулерге мүлдем жұмбақ болуы да мүмкін. Сондықтан, азырақ болса да ақпар бере кетсек артық болмас.
«Құснихат» (көркем жазу өнері) – «сұлулық, әдемілік, көркемдік» деген мағынаны беретін араб тіліндегі «хұсн» сөзінен шыққан. Ал, каллиграфия-«әсемділік» мағынасын беретін грек тілінің «kallos» сөзінен енген. Араб әріптерімен жазылатын, меңгерілуі қиын, негізінен нақыштау мақсатымен мешіттерде, аят және діни кітаптарда қолданылатын, белгілі ережелері бар бейнелеу өнерінің бір түрі. «Құснихатты» каллиграфия өнерімен жиі шатастырады. Екі өнердің ортақ тұсы көркем жазу болып табылса да, «құснихаттың» каллиграфия өнерінен басты айырмашылығы – араб әріптерімен жазылуы, меңгерілуі мен орындалуы аса қиын, күрделі болып келуінде. Ал, каллиграфия оқуға қолайлы ғана емес, сонымен қатар хатқа графикалық эмоционалды, бейнелі ұғым беру мақсатын көздейді.
Осындай машақаты мен махаббаты қатар жүретін өнер саласын өміріне серік еткен Мухаррем Гөкшен 1980 жылы Түркияның Чорум қаласында дүниеге келген екен. Университетте оқып жүргенде көркем жазу сабақтарын алып, өнер жолына қадам басқан. Суретші-каллиграф Туран Севгилиден «сүліс» жазуынан дәріс алған. Одан соң каллиграф Махмут Шахиннен «сүліс», «насх» жазу түрі бойынша шеберлігін шыңдап, 2012 жылы аталған көркем жазу түрлерінен диплом қорғаған. Ыстамбұл қаласындағы кәсіптік көркем сурет курстарында каллиграфия өнерінен сертификат алып, бірнеше мәрте жеке көрмелерін өткізген.
Елордамыздағы көрмеде аталмыш автордың 34 туындысы ел назарына ұсынылды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».