Бүгінде Астана қаласының тұрғыны, зейнеткер, экономист Өзбек Қазиханов өмір бойы жинаған мың жарымға жуық кітабын туған жері Торғайдағы өзі оқыған мектебіне сыйға тартты.
Көп жылдар бойы есеп-қисап, экономика саласында лауазымды қызметтер атқарған Өзбек Қазиханов Алматы халық шаруашылығы институтының түлегі, Еңбек ардагері, КСРО халық шаруашылығын жоспарлаудың үздігі. Ол зейнет жасына дейін ел экономикасының дамуы жолында аянбай еңбек етті. Ө.Қазиханов бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Қызбел кеңшарында 1947 жылы алғаш рет Ақсуат жетіжылдық мектебінің табалдырығын аттаған екен.
«Өзім жеті жыл оқыған мектебіме жеке кітапханамды сыйға тартуды жөн көрдім. Бұл кітаптар 50 жыл бойы жиналды. Мақсатым – жиып-терген рухани азық, кітап қорым келешек ұрпаққа қызмет қылсын», дейді зейнеткер Ө.Қазиханов. Оның жеке кітапхана қорында мың жарымға жуық кітап болған. Кітаптарды негізінен бірнеше бөлімге топтастыруға болады. Айталық, қазақ жазушыларының еңбектері, оның ішінде Алаш арыстарының шығармалары, одан кейін қазақ совет жазушыларының шығармалары, тағы бір бөлігі жерлес ақын-жазушылардың шығармалары. Кітапхана қорында Абай, Жамбыл өлеңдері, ақындар айтысы, «Бес ғасыр жырлайды» деген елеулі еңбектерге де ерекше орын берілген. Сондай-ақ, орыс жазушыларының, шетел жазушыларының еңбектері, қолбасшылардың естеліктері, мәдениет қайраткерлерінің еңбектері, Қазақ совет энциклопедиясы, әскери патриоттық және орыс патшалары туралы кітаптар, сонымен қатар, бірқатар танымдық, экономикалық анықтамалар бар.
«Егемен-ақпарат».