Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына әзірлік жайлы хабардар етті.
– 697 учаскелік, 15 аумақтық және 217 округтік сайлау комиссиялары құрылып, өз істеріне жедел кірісті. Қазірдің өзінде 332 адам халық қалаулысы атануға өтініш беріп отыр, – деді Асқар Жоламанұлы.
Ол партиялық тізім бойынша тіркеуге ұсынылған кандидаттардың құрамына назар аударды. Үміткерлердің үштен бірі әйелдер болса, 97 пайызының жоғары білімі бар. Халық қалаулысы атанғысы келетіндерге қойылатын тексеру талабы өте қатаң. Олардың ішінде Қазақстанның азаматы болуы, сыбайлас жемқорлыққа тартылмағаны туралы шарттар бар.
А.Сақыпкереев үгіт-насихат жұмыстары үшін облыстық мәслихат депутаттығына кандидат үшін мемлекеттік қазынадан 245 мың, қала мен аудандар үшін 153 мың теңге қарастырылғанын айта келіп, көшелерге билбордтар ілінгенін, түрлі семинарлар ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді.
2012 жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауларына солтүстікқазақстандық сайлаушылардың 80 пайыздан астамы қатысып, жоғары саяси белсенділік көрсеткенін айта кеткен жөн.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.